Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Шебердің қолы ортақ

Шебердің қолы ортақ


Қазақта «Шебердің қолы ортақ», деген даналық бар. Бүгінде түрлі бұйымдарын көпшілікке ұсынып жүрген №254 негізгі мектептің қызметкері Назира Аметқызы ата-баба ұлағатының ұлылығын дәлелдеп келеді. Өйткені, оның шебер қолынан туындаған дүниесі тұрғындар арасында сұранысқа ие.
Ол Бесарық бекетіндегі негізгі мектепте техникалық қызметкер. Бос уақытын ұтымды пайдалана білетін кейіпкеріміз түрлі қолөнер бұйымын жасайды. Көпшілік пайдасына жаратпай тастаған А4 қағазын іске асырып, оны түрлі түске бояп, құмыра, сан-алуан қобдишалар, гүлдер, тіпті тойларда сұранысты арттыратын себеттерді де тоқып, бұйымдары көпшіліктің көзайымына айналып жүр.
– Негізінен, қолөнер бұйымдарын жасаудан белгілі бір оқу орнынан дәріс алған емеспін. Мектепте оқып жүргенімізде аптасына бес күн оқып, бір күн тігін курсына баратынмын. Ол кезде қазіргі музей ғимаратында жоғарғы сынып оқушыларын өндіріске үйрететін оқу-өндірістік комбинаты орналасқан еді. Сол жерде тігіншілікті оқып, содан бері қарай қолөнер бұйымдарын жасауға қызығушылығым артты. Қолым босаса болғаны, алтын уақытты құр жібермей бір дүние жасап шығаруға тырысамын, – дейді Назира Әметқызы.
Кейіпкеріміздің бұл дарыны оның бойына ананың ақ сүтімен, әкенің қанымен келген қасиет. Әкесі Әмет Шәметұлы қара ағашқа жан бітіріп, ағаш кесінділерінен көздің жауын алатын бұйымдар жасаған ағаш ұстасы болса, нағашы апасы өте шебер ісмер болған екен.
Назираның бұл қасиетін аңғарған мектеп басшысы оның жасаған дүниесіне қызығушылығы артып, мектеп көрмесіне түрлі туындыларын қояды.
– Бұл кісінің өнері барын байқап, бұйымдарын көрдім. Кез-келген біз жарамсыз деп тастаған заттардан апайымыз әдемі бір бұйым жасап шығарады. Мәселен, қағаздан жасаған қобдишасы мен пластмасса бөтелкеден жасаған гүлдері қандай көрмеге болсын апаруға лайық дүниелер, – дейді мектеп директоры Бағлан Момынханов.
Он саусағынан тамған өнерінің арқасында көпшіліктің ілтипатына бөленіп жүрген Назираның бұл бір қыры ғана. Ол жіп иіріп, тоқыма тоқып сізге керекті кез-келген киім түрін бояулы жіптің көмегімен түрлендіріп тоқып береді. Сонымен қатар, құрақ құрап, қазақи нақыштағы оюлы көрпе-көпшіктің сан түрін тігеді.
– Жасаған бұйымдарымды ешқашан пұлдаған емеспін. Әр кісінің өтінішін жерге тастамауға тырысамын. Қазір мектептегі әріптесім Ләйлә Әбдікәрімова мен Мейрамкүл Саттиноваға да қолөнер бұйымдарын жасауды үйретіп жүрмін. Мектепке қажетті дүниелерді үшеуміз бірігіп жасаймыз, – дейді Назира ағынан жарыла.
Иә, «қолы білген құм үстінен кеме жүргізер» дегендей, ісмерлігімен айналасындағылардың ілтипатына бөленіп жүрген еңбекқор жан отбасында аяулы ана, асыл жар. Жолдасы екеуі бес баланы тәрбиелеп отыраған ол Ақниет есімді қызын жолымды жалғасын деген ниетпен «дизайнерлік шеберлік» мамандығына оқуға түсіріпті. Оның үміті ақталарына сеніміміз мол. Өйткені, атадан балаға дарыған қасиеттің өміршең болары сөзсіз.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
08 қыркүйек 2018 ж. 1 573 0