Салық төлеу мерзімін кейінге қалдыру және бөліп төлеу

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілді. Кодексте салықтық әкімшілендіруді жетілдіруге, салық төлеушілердің құқықтарын қорғауға және салық міндеттемелерін орындауға қолайлы жағдай жасауға бағытталған бірқатар нормалар көзделген.
Осындай маңызды нормалардың бірі – жаңа Салық кодексінің 133-бабында қарастырылған салықтарды, төлемақыларды және өсімпұлдарды төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мүмкіндігі. Аталған бапқа сәйкес, кейінге қалдыру – салық төлеушіге тиесілі салықтарды, төлемақыларды және өсімпұлдарды алты айдан аспайтын мерзімге толық көлемде біржолғы төлеу үшін неғұрлым кеш мерзім белгілеу. Ал бөліп төлеу – тиісті сомаларды 36 айдан аспайтын мерзімге ай сайын немесе тоқсан сайын тең үлестермен төлеу мүмкіндігі. Бұл ретте деңгейлес мониторингке қатысушылар үшін ерекше тәртіп көзделген. Оларға уәкілетті орган 12 айдан аспайтын мерзімге кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мүмкіндігін бере алады.
Салық кодексінің 133-бабының 2-тармағына сәйкес, салық төлеушінің қаржылық жағдайы салықтарды немесе төлемақыларды белгіленген мерзімде төлеуге мүмкіндік бермегенімен, кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мерзімі ішінде оларды төлеу мүмкіндігі пайда болады деп пайымдауға жеткілікті негіздер болған жағдайда, төмендегі негіздердің бірі бойынша мұндай мүмкіндік берілуі мүмкін:
- еңсерілмейтін күш жағдайларының салдарынан салық төлеушіге залал келтірілген кезде;
- тауар өндіру, жұмыс орындау, қызмет көрсету немесе өткізу қызметі маусымдық сипатта болған кезде;
- жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген жеке тұлғаның мүліктік жағдайы салықты біржолғы төлеуге мүмкіндік бермеген кезде;
- сот берешекті қайта құрылымдау рәсімін қолдану туралы шешім қабылдаған кезде;
- салық төлеушінің негізгі қызметі заңнамаға сәйкес стратегиялық маңызы бар экономика саласына жататын кезде;
- салық төлеуші қосымша салықтық есептілік ұсынған кезде;
- салық төлеуші салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламада көрсетілген есепке жазылған салықтар мен төлемақылар сомаларымен келіскен кезде. Алайда соңғы негіз бойынша өтініш беру құқығы салық төлеуші ретінде тіркелген күнінен бастап өтініш берілген күнге дейінгі кезеңі бес жылдан кем емес салық төлеушілерге ғана қолданылады.
Кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу салық төлеушінің салықтық есептілігіне сәйкес есептеген, сондай-ақ салықтық тексеру нәтижелері бойынша салық органы есепке жазған салықтарға, төлемақыларға және өсімпұлдарға қолданылады. Сонымен қатар бірқатар ерекшеліктер бар. Атап айтқанда, төлем көзінен ұсталатын салықтар, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер аумағынан импортталатын тауарларға салынатын акциздер мен қосылған құн салығы, қол қою бонусы және Ұлттық қорға түсетін салықтар бойынша кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу берілмейді. Ал жер учаскелерін пайдаланғаны үшін және қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемақылар бойынша мұндай мүмкіндік қарастырылған. Маңыздысы, кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу бір немесе бірнеше салық пен төлемақы бойынша, сондай-ақ төленуге жататын соманың толық көлеміне немесе оның белгілі бір бөлігіне қатысты берілуі мүмкін.
Жаңа Кодексте салық төлеушілерге кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу беру кезінде міндеттемені қамтамасыз ету мәселесі де реттелген. Деңгейлес мониторингке қатысушыларға мұндай мүмкіндік мүлік кепілінсіз және банк кепілдігінсіз беріледі. Ал өзге салық төлеушілерге кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мүлік кепілінсіз және банк кепілдігінсіз, сондай-ақ салық төлеушінің немесе үшінші тұлғаның мүлкін кепілге қою және (немесе) банк кепілдігін ұсыну арқылы берілуі мүмкін. Бұл ретте кепілге ұсынылатын мүлік өтімді болуы және жоғалудан немесе зақымданудан сақтандырылуы тиіс. Оның нарықтық құны төлеу мерзімі өзгертілетін міндеттемелер сомасынан, тиісті өсімпұл мен мүлікті өткізуге арналған шығыстарды ескере отырып, кем болмауы қажет. Сонымен қатар жеке тұлғаның, дара кәсіпкердің немесе жеке практикамен айналысатын адамның жалғыз тұрғынжайы кепіл нысанасы бола алмайды.
Салық төлеушіге кейінге қалдыру немесе бөліп төлеуден бас тартуға уәкілетті орган белгілеген тәртіп пен талаптарға сәйкес келмеуі, сондай-ақ өтініш берілген күнге дейінгі екі жыл ішінде бұрын берілген кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мерзімдерін бұзу салдарынан оның қолданысы мерзімінен бұрын тоқтатылған фактісінің болуы негіз болады. Сондықтан салық төлеуші өтініш берген кезде заңнамада белгіленген талаптарды сақтап, өзінің қаржылық жағдайын және міндеттемені белгіленген мерзімде орындау мүмкіндігін негіздеуі маңызды.
Салық кодексінің 133-бабында берілген кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мүмкіндігі салық төлеуші үшін міндеттемені орындаудан босату болып табылмайды. Егер салық төлеуші белгіленген төлем мерзімін бес жұмыс күнінен астам уақытқа бұзса, кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу туралы шешімнің қолданысы мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін. Мұндай жағдайда салық органы салық төлеушіге шешімнің қолданысын тоқтату туралы хабарлама жібереді. Егер салық төлеуші хабарламаны алған күннен бастап үш жұмыс күні өткеннен кейін де міндеттемесін орындамаса, салық органы кепілге қойылған мүлікке өндіріп алу шараларын қолданады.
Жаңа Салық кодексінің 133-бабында көзделген кейінге қалдыру және бөліп төлеу тетіктері – қаржылық қиындықтарға тап болған салық төлеушілер үшін салықтық міндеттемелерін орындаудың заңды мүмкіндіктерінің бірі. Бұл норма әсіресе маусымдық қызметпен айналысатын кәсіпкерлерге, қаржылық қиындықтарға тап болған тұлғаларға және қызметін жалғастыру үшін уақытша қаржылық қолдауды қажет ететін субъектілерге маңызды. Дегенмен, аталған тетік салық төлеуден босатуды білдірмейді. Ол тек салықтық міндеттемені орындау мерзімін заңда белгіленген талаптар шеңберінде өзгертуге мүмкіндік береді. Сондықтан әрбір салық төлеуші өз құқықтары мен міндеттерін біліп, салықтық міндеттемелерді орындау барысында заңнамада көзделген мүмкіндіктерді тиімді пайдаланғаны жөн.
Жаңақорған ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының Салықтық әкімшілендіру және өндіріп алу бөлімінің басшысы Сапарәлі Мадияр Әбдіғаппарұлы

