№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » «ҮЗДІК БИЗНЕС-ЖОБА»: ДАНИЯРДЫҢ ЕНШІСІНДЕ

«ҮЗДІК БИЗНЕС-ЖОБА»: ДАНИЯРДЫҢ ЕНШІСІНДЕ


Ұлы Дала елінде ұлы өркениеттердің болғаны тарихтан мәлім. Сол өркениеттің өріс алып, кең қанат жаюына сүбелі үлес қосқан өнердің түрі – ұсталық қолөнер екендігі айқын. Бұл атадан балаға даритын дара қасиет. «Ұзынсыз қысқа болмас, үлгісіз ұста болмас», «Ұсталы ел озар, ұстасыз ел тозар» деген мақалдан ұсталардың ел өміріндегі маңызын байқауға болады. Міне, осындай бабалардың өнегелі жолын жалғастырған қолөнер шеберінің бірі – жаңақорғандық Данияр Ахметов. Оның бойында ұлттық намыс, ұлттық рух атойлап тұр. Ілкімді ізденіс пен тынымсыз тірліктің нәтижесінде жасалған брендтік бұйымы бәсеке сұранысына сай болып, Елорда төрінде марапат биігінен көрінді.
Бәрін басынан бастасақ. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының екінші бағыты бар. Ол – «Бастау-Бизнес» жобасы. Жобаның қаржылай емес операторы – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы. Негізгі бағыты – елдегі бизнес-бастамасы бар, өзін өзі жұмыспен қамтыған және ауылдағы жұмыссыз тұрғындарды кәсіпкерлікпен айналысуға тарту арқылы ауыл халқының экономикалық белсенділігін арттыру. Міне, аудандық кәсіпкерлік палатасы арқылы осы жобаға қатысып, «Бастау» оқыту курсын тәмамдаған Данияр дара кәсіпкер ретінде өз әріптестерінен озық шықты. Он жылдан астам ағаш ұсталығымен айналысып келе жатқан шебердің қолынан шыққан бұйымдары тұрғындар талғамына сай жасалған. Сұраныс бар жерде, ұсыныстың болатыны айқын. Осыны ескерген қолөнер шебері кәсібін кеңейтпек мақсатта кәсіпкерлік палатасының сүйемелдеуімен «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығына құжаттарын тапсырды. Қомақты қаржы қолына тигесін ағаш жонатын аппараттар мен қосымша құрал-жабдығын сатып алды.
– Негізі қолданбалы қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысқаныма 10 жылдан асты. Халықтың талғамына сай қол жуғыш, орындық, сандық, өзге де ескерткіш бұйымға сұраныс жоғары. Әрине талапқа сай өнім жасау үшін заманауи станоктардың орны бөлек. Содан ойлана келе, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалына барып, «Бастау-Бизнес» жобасы аясында оқыту курсына қатыстым. Кәсіпкерліктің қыр-сырына қанығып, бизнес әлеміне бір табан жақындай түстім. Әрі қаржы көздіктерін қайдан алу керектігіне кеңесін берді. Курсты тәмамдағаннан кейін, облыс орталығына барып бизнес-жобамды қорғап шықтым. «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы қомақты қаржығы қол жеткізіп, кәсібімді кеңейттім, – дейді Данияр Файзуллаұлы.
«Қимылдаған қыр асады» демекші, жақында ғана жаңақорғандық қолөнер шеберінің бұйымдары Қазақстанда үздік жоба ретінде танылды. Елордада өткен «Атамекен» ҰКП V-съезі аясында «Бастау» жобасы түлектерінің форумында «бастаулықтар» марапат төрінен көрінген болатын. Яғни, 2017 жылғы «Бастау» жобасының бастауымен іске қосылған 30 үздік бизнес-жоба марапат төрінде мерейі тасыды. Міне, еліміз бойынша 83 ауданнан 150 іріктеліп, оның ішінде 30 кәсіпкерге «Ең үздік бизнес жоба» номинациясы мен «Bastau» естелік бұйымы табысталды.
– Съезге қатысушы, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, кәсіпкер Жақсылық Үшкемпіров ел болу үшін өз-өзімізді жұмыспен қамти білу керектігін айтты. Өзге мемлекеттер алдында еңсеміз тік болу үшін «Бастау» жобасының ынталы кәсіпкерлерге берері мол екендігін жеткізді. Сөз соңында бізде Олимпиада чемпионының қолынан марапатымызды алдық. Бұл маған ғана емес, барша «бастаулықтарға» жігер сыйлады деген ойдамын, – дейді Данияр Ахметов.
Иә, ертелі-кеш еңбектенуден тынбайтын қолөнер шебері бас шаһардан келісімен заманауи құрылғыларымен айрықша бұйымдар жасауға кірісіп кетті. Сәтін салса, облыстық кәсіпкерлік палатасының ұйымдастыруымен өткелі жатқан «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысуға дайындықты бастап кетті. Жаңақорғанда жоқ тауарды шығаруды қолға алған Данияр әзірге қандай өнім екендігін құпия ұстауды жөн көрді. Егер үздік деп танылып жатса, тағы да төл басылым бетінде жариялауға уағдаластық. Тақырыпта осы тұстан тәмам.

Самат ОҢҒАРҰЛЫ.
10 шілде 2018 ж. 1 231 0