» » МУЗЕЙ – ҰЛТТЫҚ ЖАДЫНЫҢ ҚОРЫ

МУЗЕЙ – ҰЛТТЫҚ ЖАДЫНЫҢ ҚОРЫ


Ескерткіштерді, өнер туындыларын, мәдени құндылықтарды, т.б. мұраларды сақтап, жинақтап, ғылыми айналымға енгізуде музейлердің орны ерекше. Яғни, музей – ұлттың тарихы мен мәдениетін танытатын құрал. Аудандық тарихи-өлкетану музейі де аудан тарихының айнасына айналды. Онда түрлі тарихи кезеңдерден, тарихи тұлғалар мен көне қоныстардан хабар беретін жәдігерлер және т.б. табуға болады. Халықаралық музейлер күнінде «Музейге сый тарту» акциясы аясында құтқана құнды жәдігерлермен толығып жатады. Осы дәстүр биыл жалғасын тапты.
Акция аясында «Сақ дәуірінен жеткен мұралар» Жаңақорған обалы қорымынан табылғаны (алтыннан жасалған киімнің) әшекей бөлшектерінен жылжымалы көрме, «Жаңақорған музейіне сый» музейге өткізілген жәдігерлер көрмесі, «Ағаштан түйін түйген – Мұрат» атты қолөнер шебері Мұрат Жәрімбетовтың ағаш бұйымдары көрмесі, «Қылқалам сыр шертеді» тақырыбында Ұлмекен Мауытованың шәкірттерінің сурет көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.
Сондай-ақ, №169 орта мектебінің «Жас өлкетанушы» үйірмесінің жетекшісі Жасұлан Сабырханов оқушыларын алып келіп, олардың өлкетану бағытындағы еңбегімен таныстырды. Өлкетанушы жас Анель Алтынбек «Сығанақ қаласы», Шұғыла Мұхаммеджан «Хорасан Ата», Дінислам Ғазизов «Айқожа Ишан», Еркебұлан Толыбайұлы «Ақтас мешіті» атты зерттеу жұмысын қорғап, көпшіліктің сұрағына жауап қатты.
№163 мектебінің 6-сынып оқушысы Мұхамеджан Мұстафа ақын Жүсіп Қыдыровтың «Музей», «Ассалаумағалейкум, қорғандар» атты өлеңдерін мәнерлеп оқып, туған жер тарихының тамаша табиғатын көз алдымызға әкелді. «Әлшекей» атындағы өнер мектебінің оқушысы Сандуғаш Оразхан, Бақнұр Әбдәшімқызы Нұртуғанның терме-толғауларын орындап, тыңдармандардың ыстық ықыласына бөленді.
Музейлер күнінде, көненің көзі болып, құнды жәдігерге айналған 167 бұйым музей қорын толықтырды. Ескі заттардың құнын арттырып, музей ісіне жанашырлық танытып, туыстарының қолданған заттарын өткізгендер қатарында Алпамыс Жүсіпов әкесі, Ұлы Отан соғысының ардагері Кенже Жүсіповтың киген киімі, орден-медальдары, құжаттарын өткізді. Аудан тұрғыны Жомарт Тұрсынбаев әкесі, тыл ардагері Ибадулла Тұрсынбаевтың құжат суреттерін жинақтап әкеліпті. Озат шопан Шырын Салмырзаева өзінің құжат-суреттерін музейге тапсырды.
Сазгер-әнші Жақсыгүл Бегманова өзі тұтынған жазу машинкасын, сахнада киген ұлттық киімдерін тарту етті. Ажар Ахметова көне жез табағын, Несіпкүл Шерова елге белгілі жыршы, термеші Әбужүсіп Баймұратовтың суретін, өлеңі шыққан кітабын әкеліп өткізді. Ақын Анарбай Мырзахметовтың жарыққа шықпаған өлеңдерінің машинкаға басылған нұсқасын ақынның жары әкеп өткізіп, елеусіз қалған ақын жайында тың ақпараттармен бөлісті. Музей қызметкері Бағдәулет Таждинов әкесінің 1950 жылдарға жататын су тасуға арналған бөшке-ыдысын табыстады.
Ағаш шебері Мұрат Жәрімбетов өзінің ағаштан жасалған жаңа туындысы «Көш» композициясын музей басшысы Нәбихан Шалаповқа сыйға тартты. Қолөнер шебері Ұлмекен Мауытова шығармашылық көкжиегін кеңейткен ұжымға өзінің киізден жасалған «Қорқыт» композициясын ұсынды. Шарада өлке тарихы, тарихи тұлғалар, және өлкетану жұмыстары әңгіме болды.

Мөлдір ДЮСЕНБАЕВА.
22 мамыр 2018 ж. 1 857 0