№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » СӘНДІ ЖИҺАЗҒА СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

СӘНДІ ЖИҺАЗҒА СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ


Бүгінде шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекет айрықша назар аударуда. Жергілікті жерлерде кәсіпкерлік кең қанат жайып, бизнесін кеңейткісі келетін жандар күн санап артуда. Сондай кәсіпкердің бірі – жаңақорғандық Асылбек Абдрасилов.
Жиырма жылдан бері аудан тұрғындарына сапалы жиһаз жасау ісін өзіне кәсіп еткен. Жасыратыны жоқ, қазірде кез келген кеңсе мен үйді жиһазсыз елестету мүмкін емес. Бір қараған адамға кәдімгі тақтай болып көрінсе де, оның қиюын келістіріп, әдемі дүние етіп шығару тек шын шебердің қолынан келеді. «Қимылдағанның қыр асатынын» жақсы білетін бұл отбасы тоқырау жылдардағы нарық қыспағында кәсіптің сан түрін игерді. Үйдің үлкені Асылбек еңбекке ерте араласты. Ол қатарластары секілді оқу орнында оқып, қалада қыдырмады. Бар мақсаты – ата-анасы мен бауырларына қолқанат болу еді. Бұл мақсатына да жетті. Жоғарғы оқу орнын 1-курстан кейін жалғастырмады. Қарашаңыраққа қайтып, ағаш жонатын құралдарын өзіне серік етті. Сол жылдары, яғни 1998 жылы ауылда Ташкенттен әкелінген дивандар сәнге айналып жатқан кез еді. Содан бұл дүниені неге өзімізде жасамасқа деп өзін-өзі қамшылаған Асылбек белді буып кірісіп кетеді. Міне, содан бері аттай 20 жыл уақыт өтті.
Әрине, жиһаз жасау бір қарағанға оңай дүние сынды. Ағаш жонып, шеге қағып әуре болмайсың. Барлық жұмыс ептілікпен станок арқылы жасалынады. Десе де, шағын цехтағы қызу тірлікті көріп бұл ойдан арылдық. Өйткені, ағашты иіп, одан түрлі бұйым жасау үлкен өнер, асқан шеберлікті қажет етеді екен. Ал, Асылбек Райымбекұлы осы істің нағыз маманы. Шебердің қолынан шыққан дүниелерге тапсырыс ауыл-аймақтан бастап, көршілес ауданнан да көптеп түседі екен. Таңданатыны жоқ, жиһазды сапалы және талғамға сай жасайтындықтан жергілікті өнімге сұраныс жоғары болады. Шағын шеберхана толықтай ресейлік құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бұл өз кезегінде жұмыстың сапасы мен өнімділігін арттыратыны сөзсіз.
– Негізі өзім оқушы кезімнен ағаштан түрлі бұйымдарды жасағанды жақсы көретінмін. Яғни сандық, бесік, өзге де дүниелерді жасайтынмын. Міне, сол қызығушылық үлкен өмірге қадам басқанда өмірлік кәсібіме айналды. Өзімді басқа салада елестете алмаймын.
2000 жылдың басынан бастап осы жиһазды кәсіп етіп келеміз. Шеберханада орындық, үстел, сандық, бесік және ас бөлме, жатын бөлме, балалар бөлмесіне арналған жиһаздарды дайындаймыз. Сондай-ақ жеке тұрғындардан бөлек, мектеп, балабақша мекемелерінен тапсырыс жиі түседі, – дейді Асылбек Райымбекұлы.
Қандай да тапсырысты алғаннан шебер қажетті бұйымдарын Алматы, Түркістан, Қызылорда қаласынан алдыртады. Қарапайым жиһаз тұтқасынан бастап, ұсақ-түйек заттары мен ЛДСП, МДФ материалының барлығы да отандық өнім. Соңғы үлгідегі станокта жиһаздар жасалғаннан кейін, бұл шетелдік тұрмыстық заттардан еш кем түспейді. Ендігі кезекте кәсіпкер өз жұмысын кеңейткісі келеді. Шағын цехының жанынан жиһаз сататын сауда орталығын ашып, жасаған дүниелерін жарқыратып шығарып қоюға қарекет жасауда. Биылғы жаз маусымының басты жұмысы – осы дүкеннің қабырғасын көтеріп, тезірек бітіруге еңбектенбек. Одан әрі бұқараға қолайлы етіп, екінші деңгейлі банк бөлімшесімен бірлесіп, жиһаздарды несиеге беруді жоспарлап отыр.
– Бәсекелестік бар жерде, сапа жоғарылайды. Жиһаз өндірісі тенденцияларын қадағалауға, әрбір тұтынушының талғамынан шығатын дүние жасауға тырысамын. Яғни, сұраныс пен ұсыныс арасындағы оңтайлы теңгерімді табамын, – деген Асылбек Абдрасилов.
Иә, қазіргі таңда Қазақстанның жиһаз өндірісі нарығын жаулап алған шетелдік өнімдерге қарсы тұрып, өз кәсібін өрге домалатып отырған Асылбектің ісі өнімді. Өзімен бірге 1 адамды жұмыспен қамтып отырған дара кәсіпкердің мақсаты айқын. Алғашқыда өз қалтасынан қаржы шығарып кәсібін бастаса, кейіннен кәсібін кеңейтті. Енді ел игілігіне жұмыс жасауда. Жыл сайынғы Елбасы Жолдауының да жүгі – тұрғындарды ерінбей еңбек етіп, бәсекеге қабілетті кәсіп жасауға үндеу. Осы сенім үдесінен шығып, мемлекет межесін бағындыруға жұмыс жасап жатқан «Асылбектің жиһаздары» дара кәсіпкерлігі де ауданда өзіндік бренд қалыптастырды.

Әбдісамат ӘБДІШ.
29 мамыр 2018 ж. 1 410 0