Мәслихаттар сайлауы

№85 (8998) 10

10 қараша 2026 ж.

№84 (8997) 7

07 қараша 2026 ж.

№83 (8996) 3

03 қараша 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
» » Салықтық міндеттемені орындау: салық төлеушілер нені білуі керек?

Салықтық міндеттемені орындау: салық төлеушілер нені білуі керек?



Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді. Жаңа Кодекс салықтық қатынастарды реттеудің бірқатар тетіктерін жаңартып, салық төлеушілердің міндеттемелерін орындау тәртібін жүйеледі.
Салық төлеушілер үшін маңызды нормалардың бірі – Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 62-бабы. Аталған бап салықтық міндеттемені орындау тәртібін, салық төлеушілердің негізгі әрекеттерін және салықтарды төлеу міндеттемесі орындалған болып есептелетін күнді айқындайды.
Салық кодексінің 62-бабына сәйкес, егер Кодексте өзгеше көзделмесе, салық төлеуші салықтық міндеттемені өз бетінше дербес орындайды. Салықтық міндеттемені орындау үшін салық төлеуші бірнеше негізгі әрекетті жүзеге асыруы қажет. Біріншіден, салық органында тіркеу есебіне тұруы тиіс. Екіншіден, салық салу объектілерін және салық салуға байланысты объектілерді есепке алуды жүргізеді. Сонымен қатар салық төлеуші салық салу объектілерін, салықтық базаны және салық мөлшерлемелерін негізге ала отырып, төленуге жататын салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің сомаларын есептейді. Бұдан бөлек, заңнамада белгіленген тәртіппен салықтық есептілікті жасайды және салық органдарына ұсынады, есептелген салық сомаларын төлейді. Ал салық агенттері үшін төлем көзінен ұсталатын салықтарды есептеу, ұстау және бюджетке аудару, сондай-ақ әрбір салық төлеуші бойынша есепке жазылған және төленген кірістер мен ұсталған салықтардың есебін жүргізу міндеттері қарастырылған.
Салық кодексінің 62-бабының 4-тармағына сәйкес, салық төлеуші немесе салық агенті салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді, өсімпұлдар мен айыппұлдарды төлеу жөніндегі міндеттемелерін ұлттық валютада орындайды. Бұл ретте Қазақстан Республикасының заңнамасында төлемді заттай нысанда немесе шетел валютасымен төлеу тікелей көзделген жағдайлар бұған жатпайды. Демек, салықтық міндеттемелерді орындау кезінде негізгі есеп айырысу құралы ретінде ұлттық валюта – теңге пайдаланылады.
Салық төлеушілер арасында жиі кездесетін сұрақтардың бірі – салықты банк арқылы аударған кезде міндеттеме қай күннен бастап орындалған болып есептеледі?
Бұл мәселе Салық кодексінің 62-бабының 5-тармағында нақты реттелген. Атап айтқанда, қолма-қол ақшасыз төлем кезінде салықтық міндеттеме:
- банк ұйымы төлем сомасына төлем тапсырмасын орындауға қабылдаған күннен бастап;
- төлем нақты жүзеге асырылған, оның ішінде тиісті есепке жатқызу жүргізілген күннен бастап орындалған болып есептеледі. Ал қолма-қол ақшамен төлеу кезінде міндеттеме тиісті соманы банк ұйымына, уәкілетті мемлекеттік органға немесе жергілікті атқарушы органға енгізген күннен бастап орындалған болып танылады. Бұл ретте төлемнің жүзеге асырылған күні салықты төлеу күні ретінде танылады.

Жеке тұлғалардың табыстарынан салықты салық агенті ұстап қалатын жағдайлар да бар. Мысалы, жұмыс беруші қызметкердің табысынан жеке табыс салығын ұстап қалуы мүмкін. Осындай жағдайда Салық кодексінің 62-бабының 6-тармағына сәйкес, салық төлеушінің салық төлеу жөніндегі міндеттемесі салық агенті салық сомасын нақты ұстап қалған күннен бастап орындалған болып есептеледі. Яғни қызметкердің табысынан салық ұсталғаннан кейін оның осы салықты төлеу жөніндегі міндеттемесі орындалды деп танылады.
Кейбір жағдайларда салық төлеушінің салықтық міндеттемесін оның уәкілетті өкілі орындайды. Мұндай кезде Салық кодексінің 62-бабының 7-тармағына сәйкес, ақша жөнелтуші төлем құжаттарында салық төлеушінің тегін, атын және әкесінің атын немесе атауын, сондай-ақ сәйкестендіру нөмірін көрсетуге міндетті. Бұл талап төлемнің нақты қай салық төлеушіге тиесілі екенін дұрыс сәйкестендіру және бюджетке түскен қаражатты тиісті дербес шотқа есепке алу үшін маңызды. Сондықтан салық төлеушінің атынан төлем жасаған кезде төлем құжаттарының дұрыс толтырылуына ерекше назар аудару қажет.
Салық кодексінің 62-бабының 8-тармағында салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді, өсімпұлдар мен айыппұлдарды төлеу жөніндегі міндеттемелерді осы Кодексте белгіленген тәртіппен есепке жатқызу арқылы орындау мүмкіндігі қарастырылған. Бұл норма салық төлеушілер үшін маңызды, өйткені заңнамада көзделген жағдайларда тиісті сомаларды есепке жатқызу арқылы салықтық міндеттемелерді орындауға мүмкіндік береді. Алайда мұндай есепке жатқызу Салық кодексінде белгіленген талаптар мен тәртіпке сәйкес жүзеге асырылуы тиіс.
Салық төлеушілер үшін тағы бір маңызды мәселе – салықтық берешек пайда болған жағдайда төлемдердің қандай кезектілікпен өтелетіні. Салық кодексінің 62-бабының 10-тармағына сәйкес, салықтық берешекті өтеу мынадай кезектілікпен жүргізіледі:
1. Бересі сомасы;
2. Есепке жазылған өсімпұлдар;
3. Айыппұлдар сомасы.

Яғни алдымен төленбеген негізгі салық сомасы өтеледі, одан кейін есептелген өсімпұлдар, соңында айыппұлдар сомасы өтеледі. Бұл кезектілікті білу салық төлеушілерге өздерінің қаржылық міндеттемелерін дұрыс жоспарлауға және салықтық берешекті өтеу кезінде туындауы мүмкін түсінбеушіліктердің алдын алуға көмектеседі.
Салық кодексінің 62-бабы салықтық міндеттемені орындаудың негізгі тәртібін айқындайтын маңызды нормалардың бірі болып табылады. Әрбір салық төлеуші өзінің салықтық міндеттемелерін уақытылы әрі дұрыс орындауға, салықтық есептілікті белгіленген мерзімде ұсынуға және төлем құжаттарын дұрыс рәсімдеуге жауапты. Салық заңнамасын білу – тек міндеттемелерді орындау ғана емес, сонымен қатар артық шығындардың, өсімпұлдардың және салықтық берешектің туындауының алдын алудың маңызды жолы. Осыған байланысты салық төлеушілерге Салық кодексінің талаптарын тұрақты түрде зерделеп, өздерінің салықтық міндеттемелеріне жауапкершілікпен қарау ұсынылады.
Жаңақорған ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының Салықтық әкімшілендіру және өндіріп алу бөлімінің басшысы Сапарәлі Мадияр Әбдіғаппарұлы
11 қараша 2026 ж. 51 0