Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тігіншілікті кәсіп еткен маржан

Тігіншілікті кәсіп еткен маржан


«Шебердің инесі де алтын, соққан күймесі де алтын» деген тәмсілдің тереңіне үңілсеңіз қазақ дәстүрінде ісмерліктің орны ерекше болғанын ұғамыз. Қанға сіңген қасиет дәуір жаңарған сайын жаңарып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Осындай ұрпақ сабақтастығымен үндескен тігіншілік өнерін төменарықтық Маржан Қасқабайқызының бойынан аңғардық.
Қазақтың қаймағы бұзылмаған көршілес Нартай ауылында туылған Маржан қазақтың салт-дәстүрін мен әдет-ғұрпын жастайынан бойына сіңірген. Әжесі Ардақ ауылға белгілі ісмер еді. Нартайдан ұзатылған қыздың жасауында Ардақ әженің қолының ізі қалған екен. Әжесінің ісіне ерте жастан араласқан Маржан ине сабақтау, көрпе көктеу мен жіп түйнеуді үйренген. Осылайша тігіншілік қасиетін түсінген Маржан мамандығын осы саламен байланыстырып, кәсіпке айналдырады. Қызылорда қаласындағы №3 «Қарауылтөбе» өндірістік-техникалық комбинатында тігін ісінің теориясын меңгереді.
Тігіншілік мамандығын бітіріп, еңбек жолын Шиелідегі №2 тігін цехында бастайды. Осы цехтың жұмысына үйреніп, әріптестерінің арасында сыйластығы артып, беделді тігіншілердің бірі атанды. Жұмыстың жауапкершілігін бірінші кезекке қойып, уақытпен санаспай жұмыс атқарды.
Төменарық ауылына келін болып түскен Маржан әулетке құт қондырды. Екі ұл мен бір қызды тәрбиелеп, қол машинасын тоқтатқан жоқ. Ауылдастарының киім-кешегін тігіп, көпшіліктің алғысына бөленді. Қолынан іс келетін жан отбасына қосымша қаражат табу үшін шағын кәсіп бастауды жөн көрген. Шағын шеберханасының «Жансая» аталуының себебі бар. Жансая қызының құрметіне қойыпты. Бұл туралы тігінші келін: «Өзім әжеме қарап бой түзедім. Енді қызым Жансая да маған қолғабыс етіп жүр. Бұл тек қана қаражат табу көзі ғана емес, тәрбие мен тәлім беретін қасиетті орын деп санаймын», – деді.
Әрине, кәсіп ашу үшін, әуелі білім мен қаражат керек екендігі түсіністі. Осыны ескерген Маржан аудандық кәсіпкерлік палатасында оқыту курсына қатысады. Бизнес-жоба жасап, онысын қорғап шығады. Осылайша, «Жансая» шеберханасын ашуға бел буып, 2014 жылы кәсіпкерлік палатасының сүйемелдеуімен «Қызылорда» өңірлік инвестиция орталығынан» 700 мың теңге несие алады. Оған тігін машинасы мен қажетті құрал-жабдықтарын сатып алған. Шағын шеберхананың жұмысын ширатып, уақыт өте кәсібін кеңейтуді жоспарлайды. Тағы да аудандық кәсіпкерлік палатасына арқылы шағын қаржылық ұйымнан тігін цехын кеңейту үшін 1 миллион теңге қаржы алады. Бүгінде төменарықтық тігінші аядай ғана шеберханасында 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Тапсырысқа сай еңбек ақысын алады. Тігінші Майра Көгенбаева: «Біздің шеберхана – көбіне қыз жасауын жасайды. Тамыз айында мектеп формаларын тігеміз. Сол сияқты маусымдық тапсырыстар түсуде. Басшымыз Маржан Қасқабайқызы бұйымның сапалы тігілуіне мән береді. Ол көкірек көзі ояу, қолы алтын, көңілі кең кәсіпкер», – деді.
Иә, дара кәсіпкер қайырымдылық шараларға өз үлесін қосып келеді. Жыл сайын ауылдағы екі бірдей мектептегі әлеуметті төмен отбасыларына тегін мектеп формасын үлестіруде. Ауылдастарының қайсысының болмасын басына іс түссе, қол ұшын беруді азаматтық парызым деп санайды. Мұны кәсіпкер жаһанға жар салып, мақтан етпейді. Керісінше, туған жердің өркендеуіне қосқан үлесім деп есептейді.

Мақпал МАРҚАБАЙ.
10 шілде 2018 ж. 1 654 0