№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚАРШАДАЙ ҚАСИЕТТІҢ ҚАРЕКЕТІ

ҚАРШАДАЙ ҚАСИЕТТІҢ ҚАРЕКЕТІ


Аққұм деген ауыл. Кейденнен төтесінен тартсаң жиырма шақырым. Алғашқыда іргесі ауа райын бақылайтын метрологиялық станса ретінде қаланса, бүгінде берекесі артқан бекетке айналды. Бес жүзге тарта түтіні бар елдімекеннің тынысымен таныспаққа Аққұмға бардық. Жол басшысымыз, Кейден ауылдық округінің әкімі Бақтияр Тоқтыбаев. Жолсапардың мақсатына сай Абдрамановтар әулетінің шаңырағына тоқтадық. Бұл үйде бізді қызықтырғаны қаршадай қыз Қасиеттің қарекеті еді.
Қолөнердің ерекше түрін кәсіп еткен аққұмдық қыздың өмірге деген талпынысы көпке үлгі. Әсіресе, ертелі-кеш телефонға телмірген замандастарының құлағына «алтын сырға». Тумасынан сәл қалт қимылдаса сүйегі сына беретін Қасиеттің қолынан келмейтіні жоқ. Тіпті, төл туындыларын теңгеге пұлдап, сатып алған балабақша мен мектеп ұжымдары жетерлік. Уақыт өте, шағын кәсіптің шырайын келтірген бұрымды қыздың бұл іске айрықша ықыласы ауып, түрлі пішіндегі дүниелер үй төрінен орын тебе бастайды. Оның қатарында: қыз-келіншектердің сәндік мақсаттағы әшекей бұйымдары көптеп табылады. Жылтыраған майда мойыншақ (бисер) пен гипс, ермексаз, лента сынды заттар Қасиеттің қолданатын басты құралдары. Қызылды-жасылды құтыдағы гүл мен ақ қарға оранған ақ ұлпа ағаш, пластикалық құтыдан құрастырылған түрлі жан-жануарлар қаршадай қыздың қолтаңбасы. Көпшілігін әпкелері мен ағайын-туыстары келгенде тарту таралғы ретінде беріп жібереді екен. Өнерін бағалап, қолдау көрсеткен Кейден ауылдық әкімшілігі мен елдімекендегі «Айзере» жеке балабақшасы мен білім ордасы бұрымды қыздың бұйымдарын жиі алады екен.
Десе де, Қасиеттің ендігі бір арманы бар. Ол – қашықтықтан болса да оқысам дейді. Білімін жетілдіріп, заман талабына сай мамандық алуды қалайды. Бұл жөнінде анасы Қатипа Иманбаева: «Қолөнер – бабадан бізге жеткен сарқылмас дәстүр. Әсіресе, ертеден қолөнерге бұрымдылар бейім болған. Алайда бұрынғыдай ұршық иіріп, киіз не кілем басу жоқтың қасы. Сондықтан, Қасиет қызымның барды ұсатқан бұйымдардан түрлі туындылар жасауы – бұл өзіне ұнамды хоббиі. Ендігі аналық ақ тілегім қызымның оқығанын қалаймын. Білуімше, «Жұмыспен қамту орталығы» арқылы Аграрлы-техникалық колледжде тігінші, аспазшы, бағдарламашы сынды үш айлық курстар оқытылады екен. Оған қоса, Кентау қаласында тірек-қимылында ақауы бар жандарға арналған оқу орны бар деп естідік. Сондай қысқа мерзімді курстарға Қасиетімді бергім келеді» – дейді.
Оған қоса, ауыл әкімі Бақтияр Тоқтыбаев бұл отбасы үнемі назарында екенін тілге тиек етті. Әрі өзінің жұмыс кабинетіне Қасиеттің қолынан шыққан бүкіл туындыларын жинастырып альбом ретінде шығарып қойыпты. Келімді-кетімді кәсіпкерлер мен тұрғындарға көрсететінін жеткізді.
Иә, біз бүгін тума талантын еңбекпен ұштастырып, сапалы дүние жасап жатқан нәзікжандыны сөз еттік. Мұндайда дана қазақ «шебердің қолы ортақ» дейді. Ілкімді ізденіс пен тынымсыз тірліктің нәтижесінде жасалған әрбір қолөнер бұйымы бүгінгі бәсекенің сұранысына сай. Олда болса, қазіргі қазақ бұрымдыларының еңбекке бейімділігін бағамдайды. Дейтұрғанмен кальций жетіспеушілігіне байланысты бала кезінен шалт қимылдаса сүйегі сынатын сырқатқа шалдыққан Қасиеттің қайсарлығы көп жастарға үлгі.

Р.S.: Шағын бекеттен шыққан бойда темір жолды жағалап аудан орталығына қайттық. Жолай көптеген идеялар туындады. Соның екеуін жазсақ. Біріншісі, қайтар жолда Кейденнің қос бүйірінде орналасқан, Күкірт қышқылы зауыты мен «Жаңақорған-Транзит» ЖШС-не көзіміз түсті. Ат шаптырым аумақты алып жатқан алып компания басшылығы осы мақаламызды оқып қалса деген ниетте ұсыныс айта кетуді жөн көрдік. Бүгінде елімізде қашықтықтан оқыту технологиясы енгізілгелі көп уақыт болды. Бұл бір жағынан ақпараттық технология мен телекоммуникация саласының серпінді серпілісі. Осы тұста, зауыт пен мекеме басшылығы әлеуметтік көмек мақсатында Қасиеттің колледж не жоғарғы оқу орнында қашықтықтан гранттық негізінде мамандық алуына жағдай жасаса. Бұған бұрымды қыздың шаңырағында толық мүмкіндік бар. Себебі, Қасиеттің үйінде жоғары жылдамдықты интернет пен «WI-FI» құрылғысы үзіліссіз жұмыс жасап тұр. Бұл бір деп, басбармағыңызды бүгіп қойыңыз. Енді, екіншіден. Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» немесе Үкіметтік емес ұйымдар бірлесе отырып, алдағы 8-наурыз халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Қасиет Қалдыбайқызының төл туындыларын жинақтап, аудан орталығында қолөнер шеберінің көрмесін ұйымдастырса деген тілек бар. Бұлда болса, қайсар қыздың болашаққа деген талпынысына демеу болар еді.

Самат ӘБДІШ.
17 ақпан 2018 ж. 2 010 0