Мәслихаттар сайлауы

№85 (8998) 10

10 қараша 2026 ж.

№84 (8997) 7

07 қараша 2026 ж.

№83 (8996) 3

03 қараша 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
» » Салық органдарының құқықтары мен міндеттері

Салық органдарының құқықтары мен міндеттері



2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілді. Жаңа Кодекс салықтық әкімшілендіру жүйесін жетілдірумен қатар, салық органдарының өкілеттіктері мен міндеттерін де нақтылай түсті. Осыған байланысты салық төлеушілер мен кәсіпкерлер үшін жаңа Салық кодексінің 43-бабында көзделген нормаларды білу маңызды. Аталған бап салық органының құқықтары мен міндеттерін айқындайды және салықтық қатынастардағы өзара іс-қимылдың құқықтық негізін қалыптастырады.
Жаңа Салық кодексінің 43-бабына сәйкес, салық органдарына салықтық әкімшілендіруді жүзеге асыру барысында бірқатар өкілеттіктер берілген. Атап айтқанда, салық органдары заңнамада көзделген жағдайларда салық төлеушілерден салықтық және әлеуметтік міндеттемелердің дұрыс есептелуін, уақытылы орындалуын растайтын құжаттарды, сондай-ақ салықтық есептілік бойынша жазбаша түсініктемелерді талап етуге құқылы. Сонымен қатар мемлекеттік органдардан, жергілікті атқарушы органдардан, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан, қаржы және төлем ұйымдарынан, банк ұйымдарынан және өзге де тұлғалардан Кодексте белгіленген тәртіппен қажетті мәліметтерді сұратуға және алуға мүмкіндік берілген. Бұл өкілеттік салықтық әкімшілендірудің сапасын арттыруға, салық салу объектілерін нақтылауға және салық міндеттемелерінің дұрыс орындалуын бақылауға бағытталған. Сондай-ақ салық органдары жеке тұлғалардың салықтық есептілігінде көрсетілген кірістері мен мүлкі туралы мәліметтердің анықтығын тексеруге, салықтық тексерулер мен өзге де бақылау нысандарына мамандар тартуға, заңнамада белгіленген жағдайларда фото және бейнетүсірілім жүргізуге құқылы. Бұдан бөлек, салық органдары заңнамада көзделген негіздер бойынша мәмілелерді жарамсыз деп тану, заңды тұлғаны тарату және салық төлеушіні банкрот деп тану туралы сотқа талап қоюға немесе өтініш беруге құқылы.
Салық органының қызметі тек бақылау жүргізумен немесе салықтық берешекті өндіріп алумен шектелмейді. 43-бапта салық төлеушілердің құқықтарын сақтау және олардың салықтық міндеттемелерді орындауына қажетті ақпарат беру міндеттері де қарастырылған. Атап айтқанда, салық органдары:
- салық төлеушілердің құқықтарын сақтауға;
- мемлекеттің мүдделерін қорғауға;
- қолданыстағы салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер, салық заңнамасындағы өзгерістер туралы ақпарат беруге;
- салық төлеуші ұсынған мәліметтер мен құжаттар шегінде салықтық міндеттемелердің туындауы, орындалуы және тоқтатылуы бойынша түсіндірмелер мен түсініктемелер беруге;
- салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің төленгенін растайтын мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етуге;
- салық төлеушілердің салық органы лауазымды адамдарының әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне, сондай-ақ салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаларға берген шағымдарын қарауға міндетті.
Бұл нормалар салық органдарының бақылаушы орган ғана емес, сонымен қатар салық төлеушілерге ақпараттық және түсіндіру жұмыстарын жүргізетін мемлекеттік орган екенін көрсетеді.
Салық кодексінің 43-бабында салықтық бақылау барысында анықталған құқық бұзушылықтарға ден қою тәртібі де көзделген. Егер салықтық бақылау барысында әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталса, салық органы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген шараларды қабылдайды немесе тиісті материалдарды ведомстволық бағыныстылығы бойынша уәкілетті органға жолдайды. Ал салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді төлеуден жалтару немесе әдейі банкроттық белгілерін көрсететін қылмыстық құқық бұзушылық фактілері анықталған жағдайда, материалдар тиісті процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органына жіберіледі. Сонымен қатар салық органы салықтық міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдерін қолдануға және салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алуға міндетті.
Жаңа Салық кодексінің 43-бабында салық органдарының ақпараттық ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған нормалар да бар. Атап айтқанда, салық органы тоқсан сайын бұқаралық ақпарат құралдарында:
- салықтық берешектің шекті мөлшерінен асатын берешегі бар дара кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар, заңды тұлғалар және олардың құрылымдық бөлімшелері;
- Қазақстан Республикасының аумағында интернет-алаңдар арқылы қызметін жүзеге асыратын және салық органында тіркеу есебіне қою туралы хабарламаны орындамаған шетелдік компаниялар туралы мәліметтерді жариялауға міндетті. Бұл талаптар салықтық тәртіпті нығайтуға және салық төлеушілердің өз міндеттемелеріне жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді.

Салық органының өкілеттіктері заң шеңберінде жүзеге асырылады Салық органдарына кең көлемде құқықтар берілгенімен, оларды жүзеге асыру заңмен белгіленген тәртіпке сәйкес жүргізілуге тиіс. Салық төлеушінің құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау – салық органының негізгі міндеттерінің бірі. Салық органы мен оның лауазымды адамдары салық төлеушіден Салық кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделмеген міндеттерді орындауды талап ете алмайды. Сондықтан салық төлеушілер де өз құқықтарын біліп, салық органдарымен өзара қарым-қатынаста заңнама талаптарын басшылыққа алғаны жөн.
Жаңа Салық кодексінің 43-бабы салық органдарының құқықтары мен міндеттерінің аражігін нақты айқындайды. Бір жағынан, салық органдарына бюджет кірістерінің толықтығын қамтамасыз ету, салықтық бақылау жүргізу және заң бұзушылықтардың жолын кесу бойынша қажетті өкілеттіктер берілсе, екінші жағынан, салық төлеушілердің құқықтарын сақтау, ақпарат беру және олардың өтініштері мен шағымдарын қарау міндеттері жүктелген. Салық органдары мен салық төлеушілер арасындағы өзара түсіністік, заң талаптарын сақтау және ашық қарым-қатынас – тиімді салықтық әкімшілендірудің маңызды негізі.
Жаңақорған ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының Салықтық әкімшілендіру және өндіріп алу бөлімінің басшысы Сапарәлі Мадияр Әбдіғаппарұлы
11 қараша 2026 ж. 52 0