№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » ҚАЛЫҢ ҚАЛАЙ, ДИҚАНШЫ ҚАУЫМ?

ҚАЛЫҢ ҚАЛАЙ, ДИҚАНШЫ ҚАУЫМ?


«Бес жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырамын». Бұл Президент пәрмені. Биылғы Жолдаудағы он басымдықтың бірі – экспорт әлеуетін арттыру. Яғни, Мемлекет басшысы отандық өнімді халықаралық нарыққа шығарудың стратегилық жолын тауып, ілгерілетуді айрықша атады.
Осы тұста, өткен жылы Жайылманың бренді болған бақша өнімдері де шетел асты. Жалпы, аудан бойынша 4854 тонна бақша өнімі экспортталса, оның 4754-і жайылмалық диқандардың дәмді қауын-қарбызы. Яғни, брендті бақша өніміне шетел нарқында сұраныстың мол екенін байқатады. Жақында ғана, жаңалықтардан Мақтаарал ауданының қарбызы Ресей нарқына жол тартты деген ақпаратты естідік. Содан күннің жексенбі екеніне қарамастан Жайылма ауылы диқандарының биылғы бет алысын білмекке ауылдық округ әкімі Талғат Зейдалиевке хабарластық.
Ә-дегеннен әрбір шаруа қожалықтың еккен дақылы мен гектарын және ауылдағы ауыл шаруашылығы бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды жіктеп берді. Өзге әріптестері секілді мәліметті «электрондық поштаға» жіберемін деп бас маманына сілтемей, дер кезінде қажетті ақпаратты өзі айтып берді. Әкімнің сөзінен белгілі болғандай, биыл «Бектас» ш/қ 40 га, «Жиделі» ш/қ 45 га, «Шоқымазар» ш/қ 34 га, «Мырзатай» ш/қ 28 га, «Өтеш» ш/қ 26 га, «Береке и О» ш/қ 22 га, «Асхат» ш/қ 21 га, «Диқанбаба» ш/қ 11 гектар аумаққа дәнді дақыл еккен. Оның ішінде, ауылдық округ бойынша 28 гектар аумаққа қарбыз көшеті отырғызылып, бүгінде түйнектеу алдында екен.
– Жайылма ауылы қашанда бақша және көкөніс өнімдерімен танымал. Жылдан жылға бақша дақылдарын ерте пісірудің әдісін дамытып, көшеттеп егу тәсілін қолға алғалы жақсы нәтиже беруде. Десе де, биыл қауын дәні жерге себілмеді. Өйткені, платинада жиналған су тек 90 күндік қарбызды пісіруге жетеді. Ал, қауын ары қарай мерзімі созылатындықтан су жетпей қалу ықтималдығын ескеріп, басымдықты қарбызға бердік. Сәтін салса, ауа райы қарасып, уақытылы суғарылып тұрса, Жайылманың қарбызы ағымдағы жылдың шілде айының 10-на дейін пісіп қалады. Оған қоса, су үнемдеу мақсатында 83 гектар ескі жоңышқаны бір суаруға іліндіріп, қазіргі таңда бірінші орымды жинап жатырмыз – деді ауыл әкімі Талғат Зейдалиев.
Сондай-ақ әкім ауыл шаруашылығы өнімдерін әртараптандыру бағытында нәтижелі жұмыс жасап жатқандығын жеткізді. Шаруа қожалықтарында мал азықтарын дамыту үшін 30 га дәндік жүгері және жеке шаруашылықтар 25 га, көкөніс 30 га картоп еккені белгілі болды. Оған қоса, мемлекеттің қолдауын сезініп, демеу қаржыға ие болған қожалық иелерін атады.
– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жергілікті жерлерде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға баса назар аударуға пәрмен берген болатын. Бұл бағытта кәсіпке ынтасы бар азаматтарға мемлекет тарапынан толыққанды қолдау көрсетілуде. Осы тұста, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалы жайылмалық тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнатып, кәсіптерінің бастау алуына ұйытқы болуда. Биылдың өзінде аталмыш қолдау қорынан 11 кәсіпкер 6 пайыздық несиелік мөлшермен 20 миллион қаржы алып, бақша өнімдерін егуді бастап кетті – деген ауыл әкімі елдімекенде кәсіпкерлер саны да күн санап артып келе жатқанын тілге тиек етті.
Жайылма ауылдық округі бойынша бүгінде 33 кәсіпкер заң жүзінде салық органдарына тіркеліп, кәсібін өрге дөңгелетуде. Оның 11-і әлгінде айтқан бақша өнімдерін егумен айналысса, қалғаны түрлі салалық бағытта бизнесін жүргізуде екен. Қолдау қорынан бөлек, жақында ғана ауыл тұрғыны Кенбаев Самат «Өңірлік қаржы орталығы» арқылы 2 млн 200 мың теңгеге қол жеткізіп, мал бордақылау бағытында атакәсіпті бастап кетіпті. Оған қоса, осы қаржы орталығы арқылы құрама жем цехын ашқан Мұхтар Оспанов биыл алғаш рет «Сенім» шаруа қожалығына тиесілі 10 га аумаққа жүгері еккен. Цехқа қажетті шикізатты жинап алғаннан кейін, ауданды жеммен қамтамасыз етуге бел буып отыр.
– Қазіргі таңда «қимылдағанның қыр асатынын» елдің бәрі біледі. Жастайымнан осы егіншілік кәсіпке бейім болып, несібемді осы саладан таптым. Десе де, тұтынушы саны артқан сайын, кәсібімді кеңейту басты мақсат болатын. Содан мемлекет қамқорлығын сезінбек ниетте «Өңірлік қаржы орталығы» арқылы қомақты несиеге қол жеткіздім. Шүкір, қазір дамудың даңғыл жолына түсіп, шағын цехтың шырайы кіре бастады, – дейді Мұхтар Оспанов.
Иә, мемлекет отандық өндірушілерге қолдау көрсетіп, бизнес үшін қолайлы жағдай жасады. Енді жаһандық нарыққа шығатын, бәсекеге қабілетті өнім шығару – барша шаруалар мен диқандардың іскерлігін шыңдай түседі. Бұл өз кезегінде Елбасы Жолдауында айтылған бүкіл әлемге танылатын «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, ілгерілеуге мүмкіндік береді. Шетел нарқын бағындыруда жайылмалық диқандардың да өзіндік орны айрықша.

Әбдісамат ӘБДІШ.
05 маусым 2018 ж. 1 388 0