№70 (8984) 15

15 қыркүйек 2026 ж.

№69 (8983) 12

12 қыркүйек 2026 ж.

№68 (8982) 8

08 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Өнерден үлкен ләззат табамын

Өнерден үлкен ләззат табамын


Қазақ өнерінің көкжиегінде айтыс пен жазба поэзияны, ән мәтінін жазу мен сазгерлікті қатар өріп келе жатқан бесаспап жанның бірі – Асқар Дүйсенбі. Оның ғылым саласындағы жанкешті еңбегі өзінше бір бөлек. Әуелі айтыс аламанында шыңдалып, кейін қалам қарымын түрлі жанрда танытқан ақынның сөзіне жазылған ән әуендері халықтың жүрегінен орын алды. Қиын да, қызықты өмір жолынан өткен ақынмен оның өнердегі орны, ән әлемі және шығармашылық тағдыры туралы әңгімелескен едік.

– Асқар аға, жақында туған ауылыңыз Қандөзде сіздің туындыларыңызды арқау еткен «Ән-дәурен» атты облыстық ән байқауы өткізілгендігінен хабардармыз. Туған жеріңізге барғанда әуелі ойыңызға не оралды? Жалпы ауылға жиі барып тұрасыз ба?
– Ауыл деген – алтын бесік қой. Қандөздің қасиеті - атауының өзінде тұрғандай. Кіндігімнің қаны тамған осы өлке – менің өмірімнің шежіресі. Төбесі мен құмды белі, жиделі тоғайы, арығы мен атызына дейін балалық шағымның табы бар. Биыл тамызда өнердің көшін туған жерге бұрып, барып қайттым. Осы әлди мекенде менің шығармаларым бойынша «Ән-дәурен» атты әншілер байқауының өтуі мен үшін үлкен қуаныш болды. Оны облыс көлемінде ұйымдастырған жерлестеріме алғысым шексіз. Бұл – туған жерге тәу етіп, тағзым жасаудың бір жолы деп білемін.
Содан кейін ата-анамның ізі қалған топырақ, бала күнімде асыр салып өскен белдер, жас дәуренде бірге жүрген қимас жандар көз алдымнан өтеді. Ақын болмасам, осының талайы елеусіз қалуы да мүмкін еді. Өйткені ақынның міндеті – өз басынан өткенді ғана емес, өзі куә болған дәуір мен ортаның да ізін сөзбен сақтау.
Ал ауылға жиі барамын десем, артық айтқаным болар. Кейде жыл аралатып, кейде екі жылда бір барып қаламын. Бірақ арадағы қашықтық туған жерден алыстата алмайды. Өйткені Қандөз - менің жырымның тамыры.
– Біздің білуімізше, Сіздің өнерге алғаш қадам басқан кезіңіз тоқырау жылдары басталған тоқсаныншы жылдарға тұспа-тұс келетін секілді. Сол кездегі ұлттық өнерге сусаған жұрттың шөлін басқан айтысқа қалай араласып кеттіңіз? Қиырдағы ауыл баласының сол кездегі қиыншылыққа қарамай, Алматы қаласында өткен аламанға қатысып, жәй қатысып қана қоймай, азулы ақындармен тайталасқа түсуіне қандай құдірет күш берді?
– Жоғарыда айттым ғой, біздің ауылдың адамдары өнерлі әрі өнерді бағалайтын талғамы биік тыңдармандар болды. Тоқсаныншы жылдардың басы елдің материалдық жағдайы үшін аса қиын кезең еді. Бірақ күнделікті тіршіліктің қамымен жүрген жұрттың «Бұл күн де өтер», «Бұдан да қиын кезде тойға барғанбыз» деген дархан көңіліне жоқшылықтың өзі көлеңке түсіре алмады.
 1980 жылдардың соңында «Қазақ тілі» қоғамы құрылып, Наурыз сияқты ұлттық мерекелеріміз қайта орала бастағанда, ауылда түрлі мәдени шаралар жиі өтетін. Мен сол кезеңде айтыскер ретінде өнер сахнасына шықтым. «Бұлақ көрсең – көзін аш» дегендей, рухани ағам, жазушы-сатирик Нұрмахан Елтай менің өнердегі жолымды ширатуға көп ықпал етті.
Әлі есімде, Нұрмахан ағам ауылда тұңғыш рет үлкендер мен жастарды жұптастырып, бес-алты жұп айтыс ұйымдастырды. Мені өзімнен үлкен жігіттермен айтыстырды. Бұл ауыл үшін үлкен жаңалық болды. Жұрт ұзақ уақыт қызықтап, біріне күліп, бірінен үміт күтіп, сол айтысты көпке дейін әңгіме етті. Менің алғашқы өнер мектебім де, өмір мектебім де осылай басталды.
Тоқсаныншы жылдардың қиыншылығын ел ұмытқан жоқ. Бір күн аш қалғанымыз есімде жоқ, бірақ бір күн ән салып, өлең айтпай қалған кезіміз жоқ. Өнер біз үшін жай ғана сахна емес, сол кезеңнің ауырлығын еңсеруге демеу болған рухани күш еді.
Мектептің жоғары сыныптарында аудандық, облыстық, республикалық пән олимпиадаларына қатысып, жүлдемен оралып жүрдім. Нұрмахан ағам мені одан әрі қанаттандырып, үлкен ортаға алып шықты. Алдымен Шымкент маңында өткен Қажымұқан Мұңайтпасовтың 120 жылдығына арналған аламанға қосты. Кейін Алматыда Оралхан Бөкей ағамыз бас редактор болып тұрған «Қазақ әдебиеті» газетінің
ұйымдастыруымен өткен «Қазақ қандай халық?» атты республикалық ақындар айтысына апарып, үлкен додаға салды.
Міне, осындай ірі жарыстар мен үлкен орта менің өзіме деген сенімімді қалыптастырып, ақындық қуатымды шыңдады. Содан кейін Жүрсін Ерманов ағамыз ұйымдастырған республикалық деңгейдегі талай үлкен айтысқа қатыстым. Айтыс жолында еліміздің әр өңірінен шыққан талай жүйріктермен сахнада сөз додасына түстім. Жамбылдық Әзімбек Жанқұлиев, талдықорғандық Айтақын Бұлғақов, шығысқазақстандық Абаш Кәкенов, қызылордалық Серік Ыдырысов, Елена Әбдіхалықова, оңтүстіктің өрен жүйріктері
Бекарыс Шойбеков, Ақмарал Леубаева, елордалық Дәулеткерей Кәпұлы, қырғыздың айтулы ақыны Элмирбек Иманалиев (марқұм, өмірден жастай кетті), өзбекстандық Бөрібай Оразымбетов және тағы да көптеген ақындармен
сахнада сөз сайыстырдым.
Бұл – мен үшін үлкен мектеп. Ел мен жердің киесі, бабалардың рухы демеп, талай аламаннан жүлдемен қайттық. Сол додалардың әрқайсысы өнерімді ғана емес, азаматтық болмысымды да қалыптастырды.
– Қазақ эстрадасында сіздің сөзіңізге жазылған, халық ұйып тыңдайтын әндер аз емес. Мәселен, Алтынай Жорабаева орындайтын «Ағажан», Ұлықпан Жолдасовтың орындауындағы «Шаттығым» секілді әндердің дүниеге келуіне не әсер етті?
– Иә, қоржынымда өз әндерім де, әнге жазылған мәтіндерім де баршылық. Алаштың ардақты ақыны Қадыр Мырза Әли ағамыздың: «Менің өлеңдерім – ұлдарым, әнге жазылған сөздерім – ұзатылған қыздарым» деген жақсы сөзі бар. Сол айтпақшы, менің әндерім де өлеңдерімнің өзіндік жарнамасы болды десем, артық айтқандық емес. Өйткені елге кеңірек танылуыма осы қырымның да әсері мол.
Бірнеше жүздеген әннің бәрінің тарихын айтып шығу мүмкін емес. Бірақ өзіңіз атаған екі әннің туу тарихы есімде ерекше сақталған. Алтынай Жорабаева орындайтын «Ағажан» әнін үлкен ағам Жұмағалиға арнадым. Әке-шешемізден ерте айырылдық. Ағам қара шаңырақта қалып, бізге әке орнына әке болды. Сондықтан барлығымыз оны ерекше құрметтейтінбіз. Ал «Шаттығым сенсің» әнінің тарихы сәл өзгеше. Оның мәтіні осыдан отыз жылдай бұрын, аспирантурада оқып жүрген кезімде өлең болып туған. Алматыда кітапханада
диссертациямды жазып жүргенмін. Бір айдай уақыт өтіп, Түркістанға асығып жетсем, жұбайым Гүл Ақбота атты екі жасар қызымызды алып, ауылға – Қандөзге кетіп қалыпты. Ол кезде бүгінгідей ұялы телефон жоқ. Телефонмен сөйлескенімізде, «екі-үш күнде келемін» дегенмін. Олар мені әлі қалада жүр деп ойлап, әкеме сәлем беріп, немересін атасына көрсетейік деп ауылға кеткен екен. Мен айтқан күнімнен бір күн бұрын келіп қалдым. Үйде ешкім жоқ. Көршілер отбасымның ауылға кеткенін айтты.
«Мен де соңдарынан барып, бір қуантайын» деп автобуспен Қандөзге жол тарттым. Бірақ қырсыққанда, мен ауылға қарай
кеткенде, олар қалаға қарай жолға шығыпты. Сөйтіп, жолда бір-бірімізге қарама-қарсы өтіп кетіппіз.
Ауылға жетіп, әкеммен, бауырларыммен қауышқаныммен, көңілім алабұртып, ішімді сағыныш биледі. Сол көңіл күйден «Шаттығым сенсің» деген өлең туды. Кейін марқұм досым, композитор Арман Дүйсенов өлеңді кітабымнан оқып, ән жазды. Сөйтіп, бір кездегі сағыныштан туған жыр ел сүйген әндердің біріне айналып кетті.
Меніңше, жақсы әннің ғұмыры да осындай шынайы сезімнен басталады. Өйткені жүректен шыққан дүние ғана жүрекке жол табады.
– Айтыс, поэзия, ән мәтіні, сценарист, телевидение, ұстаздық – шығармашылық жолыңыздағы бірнеше арна. Осы жолға бүгін бір сәт аялдап, өзіңізге сырт көзбен қарасаңыз, өнер сізге не берді, ал сіз өнерге не бере алдым деп ойлайсыз?
– Жан-жақтылықты жастық қуатқа тән қасиет деп есептеймін. Әрине, Алла берген шынайы дарының болса, оның бір саламен шектелмей, бірнеше бағытта қанат жаюы да заңды шығар. Бірақ уақыт өте адамның да күші азайып, ойдың құнары саябырлай бастайды. Мен қырық жастан асқанша өзіңіз санамалап берген айтыс, поэзия, эстрадаға ән және ән мәтіндерін жазу, телеарнада бағдарламалар жасау, сериалдар
мен фильмдерге сценарий жазу, ғылыммен айналысу, шәкірттерге дәріс оқуды қатар алып жүруге тырыстым. Оным жеміссіз де болмаған сияқты. Әндерім шырқалды, сериалдарым экранға шығып, көрермен ықыласына бөленді, ғылыми және әдеби кітаптарым жарық көрді. Қазір сол салалы істерімнің кейбірі сәл саябыр тапқан шығар. Бірақ мен осы өнердің әрқайсысынан өзіме үлкен ләззат алдым. Бар күшімді,
бойымдағы нәрді, ойымдағы қуатты соларға бердім. Меніңше, адамның ғұмырының шын бағасы – артында не қалдырғанында. Ертең биологиялық өмірің аяқталып, рухани ғұмырың басталғанда, өзің жасаған дүниелер елдің қажетіне жарап жатса, одан артық бақыт жоқ. Сонда ғана тіршілікте тыраштанып, ізденіп өткен ғұмырыңның зая болмағанын сезінесің.
– Әсерлі әңгімеңіз үшін рақмет!
Бифат ЕЛТАЕВА,
журналист.
«Жаңақорған тынысы» газеті үшін.
15 қыркүйек 2026 ж. 39 0