ЦИФРЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚҚА БАУЛУ – МЕКТЕПТЕН

Фатима ТҰРТАНОВА, аудандық білім бөлімінің кәсіби бағдар беру және информатика пәні әдіскері:
– Ең алдымен, бір нәрсені нақтылап алған жөн. Биыл 5–11 сыныптарға «Жасанды интеллект» жеке пән ретінде енгізілген жоқ.
Қолданыстағы «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» болып өзгертілді. Яғни жасанды интеллект информатика пәнінің мазмұнымен тығыз байланыстырылып, оқушылардың заманауи цифрлық құзыреттерін қалыптастыруға бағытталды.
Бүгінде жасанды интеллект адамның күнделікті өміріне, ғылымға, экономикаға, білімге және еңбек нарығына белсенді еніп жатыр.
Сондықтан мектеп оқушысы ЖИ-ді тек дайын ақпарат алатын құрал ретінде емес, оны дұрыс, тиімді әрі жауапкершілікпен қолданатын
сауатты тұлға ретінде меңгеруі қажет. Бұрын информатикада компьютерлік сауаттылық, алгоритмдеу, бағдарламалау, ақпараттық технологиялар, деректермен жұмыс істеу сияқты негізгі бағыттарға басымдық берілсе, қазіргі жаңартылған мазмұнда осы дағдылардың қатарына жасанды интеллектіні түсіну және оны практикалық тұрғыда пайдалану қосылды. Енді оқушы тек компьютерді немесе бағдарламаны қолданушы емес, цифрлық технологияның мүмкіндігін түсінетін, ақпаратты саралай алатын, ЖИ- мен дұрыс жұмыс істей алатын тұлға болуы тиіс. Мысалы, оқушы жасанды интеллектіге сұрақ қойып, жауап алғаннан кейін оны дайын ақиқат деп қабылдамауы керек. Ақпараттың дұрыстығын тексеріп, салыстырып, сыни тұрғыдан бағалауы қажет. Бұл жерде сыни ойлау, ақпараттық сауаттылық және академиялық адалдық ерекше маңызға ие. Мәселен 5-9 сыныптарда оқушылар жасанды интеллект құралдарын оқу барысында тиімді пайдалануды, дұрыс сұраныс-промпт құрастыруды, ЖИ берген ақпаратты сыни бағалауды, киберқауіпсіздік пен академиялық адалдық талаптарын сақтауды үйренеді. Ал 10–11 сыныптарда мазмұн тереңдей түседі. Мұнда деректерді басқару, жасанды интеллектінің жұмыс істеу қағидаттары, машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді талдау сияқты бағыттарға назар аударылады.
Сонымен қатар, ЖИ мұғалімнің рөлін белгілі бір деңгейде өзгертеді. Бірақ жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды. Керісінше, мұғалімнің уақытын тиімді пайдалануға көмектесетін құралға айналады. Мысалы, мұғалім тапсырмаларды оқушының деңгейіне қарай бейімдеу, қосымша материал әзірлеу, идея жинақтау сияқты жұмыстарда ЖИ мүмкіндіктерін пайдалана алады. Ал баланың тәрбиесі, эмоционалдық жағдайын түсіну, дұрыс бағыт беру, құндылық қалыптастыру сияқты адамға тән маңызды міндеттерді ешқандай
технология толық алмастыра алмайды.
Бүгінгі оқушы – ертеңгі маман. Ал болашақта қандай мамандықты таңдаса да, оның цифрлық технологиялармен, деректермен және жасанды интеллект құралдарымен жұмыс істеу қабілеті маңызды болады. Біздің міндетіміз – баланы технологиядан қорқыту емес, оны технологияны дұрыс пайдалануға үйрету. Жасанды интеллектіні тек дайын жауап беретін құрал ретінде емес, ізденуге, зерттеуге, шығармашылықпен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін технология ретінде қабылдатуымыз керек. Ең бастысы – технология қанша дамыса да, оның артында адам тұратынын ұмытпау. Сондықтан бізге технологияны меңгерген ғана емес, ойлай алатын, талдай алатын, жауапкершілігі жоғары, академиялық адалдықты сақтайтын тұлға қажет. Сондықтан информатиканың жаңа кезеңі – тек компьютерді үйрету емес, жасанды интеллект дәуірінде дұрыс ойлайтын, дұрыс таңдау жасайтын ұрпақ тәрбиелеу деп білемін.
Айсұлу АЛДАНАЗАР



