№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жер жақұтын тербеген ақын

Жер жақұтын тербеген ақын

Қарт Қаратаудың қойнауынан талай тарландар түлеп ұшты. Мұзбалақ ақынның бірі Файзулла Сахиев биыл 75 жасқа толуына орай аудан төңірегінде жыл басынан бері мәденирухани шаралар өтуде. Бейсенбі күні А.Сопыбеков атындағы орталық кітапханада жергілікті ақынмен жүздесу өтті.

Кіндік қаны тамған киелі мекеннен ұзамай, бар бақытын туған топырағынан тапқан қаламгер Файзулла Сахиевтің шығармашылығына мән берсек, ақынның туған елге деген перзенттік пейілден айнымағанын аңғару қиын емес. Жиырмаға жуық кітабының дені туған елге арналуы да соның айғағы. «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық одағының Шолохов медалінің иегері, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы Файзулла Сахиевтің 1983 жылы «Жыр – бесік» атты кітабы оқырманға жол тартса, 1988 жылы «Тоғыз перне», 1989 жылы «Күлеміз бе, қайтеміз?», 2001 жылы «Жүректегі жауһарлар», 2003 жылы «Қосүйеңкінің қос бәйтерегі», 2004 жылы «Арман жылғасы», 2006 жылы «Айтыстың ақтаңгері», 2013 жылы «Айтарым бар» атты жыр кітаптары жарық көрді. «Келешегі кемел аудан» энциклопедиясын құрастырды.

Балалар кітапханасында ақын өмірі мен шығармашылығын насихаттаған кеште сөз алған «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиалының төрағасы Ізәтілла Нәрзілдаев, ардагер Әлібек Сүгірбаевтар ақынның адами асыл қасиетін сөз етті. «Мен Файзулла ақынмен бірге жасасып, бірге өсіп келемін. Біздің өткен жолымызда талай қымбатты шақтар, қимас естеліктер бар. Файзулланың өзге ақындардан ерекшелігі – тақырыбы да, сөзі де, өзі де өте қарапайым. Ауданда талай жауапты қызметтерде жүріп те, абыройлы бола білді. Ізінен сөз ермеген арлы азамат деп мақтана айта аламын. Міне, осындай асыл ұлын ардақтап жатқан барша жерлестерге алғысымды жеткізгім келеді, – деді Ізәтілла Нәрзілдаев тебірене тілек айтып тұрып.

Іс-шара барысында Ф.Сахиев өзінің туып өскен жері, алғаш жазған туындылары жайлы айтып, оқырмандар ардақты ақынның өлеңдерінен үзінді оқып, әсем әуен шырқалды. №286 мектептің бір топ оқушылары ақынның өлеңдерін жатқа айтты. Шығармашыл жастардың талабын қолдап, ақынмен кездесуге алып келген сынып жетекшісі Салтанат Шерімбетованың сөз саптауынан-ақ ақынжанды маман екенін білдік. Ол: «Өскелең ұрпақ өз тарихы мен мәдениетін жетік білуі керек. Бұл үшін әр ұстаз үлкен ізденіс жолына түсіп, ел тарихы мен мәдениетіне жанашыр болып, шәкірттеріне дәріптеп жүруі керек болғаны. Осы мақсатта сыныптағы белсенді оқушыларды орталық кітапханаға алып келіп, ақын-жазушылардың шығармашылығы мен өмірбаянын таныстырып, ерекше рухани күш алып отырмыз. Осы өлкеде өніп-өскен әр ұрпаққа сіздің шығармашылығыңыз жігер беріп, елді құрметтеуге, туған жерді қастерлеуге бағыттайды деп сенемін, – деді ол.

Шара соңында "Жыр жақұтын тербеген ақын" атты кітап көрмесі таныстырылып, Ф.Сахиев атамыз өскелең ұрпаққа ізгі тілегін білдірді.

ТҮЙІН. Жасы жетпіс бесті алқымдағанымен ақынның шабыты ортаймағынын байқадық. Әлі де айтары сарқылмаған ақыннан біздің күтеріміз көп. Қаламыңыз жорға шабысынан жаңылмасын, аға, – деген әріптестік пейілімізді білдіргіміз келеді.

Мақпал МАРҚАБАЙ
27 қазан 2023 ж. 146 0