№70 (8984) 15

15 қыркүйек 2026 ж.

№69 (8983) 12

12 қыркүйек 2026 ж.

№68 (8982) 8

08 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » АДАСПАЙЫҚШЫ, АДАМДАР!

АДАСПАЙЫҚШЫ, АДАМДАР!


«Жаңақорған тынысының» ежелден оқырманымын. Газет шаруашылық пен экономика тақырыптарын көтерумен қатар руханият мәселелеріне де ден қойып келеді. Осының ішінде отбасы мәселесі бәрінен маңызды. Өйткені адамның тұтас өмір мазмұнының ұстыны отбасында қаланады. Бүгінде жасым жетпістен асып барады. Осы жасыма дейін жақсыны да, жаманды да көрдім. Кеңес қызметінде өсіп- жетілген ұрпақпыз, талай сыннан өтіп шыңдалдық. Алыссақ та, жұлыссақ та, әділет үшін біреулермен араз болған тұстарымыз да аз болмады. Оның бәрі өтті-кетті. Соңында қалатын абыройың, соны сақтап қалғанның өзі көңілге демеу. Бай бол, кедей бол, атақты не қарапайым адам бол, кім болсаң-дағы, жаныңды тыныштандыратын жәннат мекенің – ол отбасың. Ол жерде көңілің шат болуы немесе жосықсыз жаралануы сенің өмірлегі ең жақын адамдарың – толайым жанұя мүшелерінің қалыпты өмір салтына, сыйластығы мен қарым-қатынасына байланысты екенін ашып айтқым келеді. Мұның барлығы ең алдымен үйдегі отанасына байланысты екеніне өз өмірімнен дәлел келтіре аламын.

Жарым Ұлтайдың үнемі менің қас-қабағыма қарап жалтақтаумен келе жатқанына жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті. Небір қиын күндерді бірге өткізген қосағымның сол пейіліне қолымнан келгенше мен де жақсылықпен жауап қайтарып, көңілін көтере түссем екен деймін.
Екі жақ та бір-бірін терең түсініп, кіршіксіз адалдық, шынайы жанашырлық болған жерде сыйластыққа сызат түсе қоймайтыны рас екен. Мені қынжылтып, қолыма қалам алдырған келеңсіз жайт – көзіңнің ағы мен қарасындай ұрпағыңның келешегінің көз алдыңда кенеуі кетіп, кеспірінен айрылып бара жатуы қарап отырып ішкенді ірің, жегенді желім ететін салмағын бөліссем деймін.
Ерлі-зайыптының келешегі бір арқауға байланған, сондықтан ол екеуінің бақыты не сорын ажыратып елестету мүмкін емес. Келін мен баламның келешегеін ойлағанда түн қйқымның төрт бөлінетіні содан.
Менің бұл жағдайымды басынан өткізіп жатқан кісілер сірә аз болмаса керек. Бұл жағдайға тап болуымызға қазағымның ғасырлар бойы сақталып келе жатқан асыл дәстүріне сына түсіп, сынынан ажырап бара жатқаны себеп дер едім. Соның ең сорақысы, «жат жұрттық» саналар қыз баласы өзінің теңін тауып, алтын босағасын аттаған соң жаңа ортаға сіңісіп кетуін ойлап, ақыл-кеңес беруге тиіс аналарымыздың әдептен жаңылып, бөтен үйге билік жүргізгісі келетіні. Бұл жағдайды өз басымыздан өткізгендіктен, мұның өте бір
сүреңсіз, жүйкеге салмақ түсірер сорақы көрініс екенін ішімізге сыйғыза алмай көппен бөлісіп отырған жайымыз бар. Өйткені ұлы бар, қызы бар әркім осы жазғанымнан ой түйсе, тәлім алса екен деймін. Енді нақты жағдайға көшер болсам, қолымдағы ұлымның нашар әдетке салынып, ішімдікке үйір болуының соңы қатын-балаға артық қылыққа ұласып бара жатқанын байқап, барынша ара тұрып, дұрыс адам болуына ата-аналық жүрегімізбен Аллаға жалбарындық. Шүкір, ұлымыз жөн жолға түсіп, алып бара жатқан жаман әдеті жоқ, жеке кәсібімен айналысып келеді. Денсаулығы дімкастау ұлыма тең көріп алған келінімнің де артық ауыс мінезі жоқ. Әкесінен жастай қалып, анасы бөтен кісіге тұрмысұқа шыққанда нағашыларының қолында бой жеткен екен. Сәл жалтақтау, әрі тудым деп міндетсінетін анасының ықпалынан шыға алмайтыны әрдайым аңғарылып тұрады.
Тәп-тәтті өсіп келе жатқан немерелеріміздің анасы болғандықтан кемпір екеуміз әрине қолдағы келінімзге барынша қамқорлық жасап бағамыз. Кемшілік іздер жайымыз жоқ, қасында қараңдап, жәрдемімізді тигізсек дейміз. Аздап талмасы бар, ауырып қалмаса екен деп алаңдап жүреміз. Үй тіршілігі – келіннің ғана мойнына жазылып қойған міндет емес. Ол барлығымызға ортақ шаруа. Тек қоңторы ғана тіршілік етіп жатқан тұрмысымыздың шырқын бұзып келініміздің анасының киліге беруін әсте де жөн деп айта алмаймын. Келінімнің біз дегенде жаны жоқ, сыйлап тұрады. Бірақ анасының әмірінен шыға алмайтын мінезін жастай жалтаң өскендіктен болар деп түйдім. Анасы кез келген уақытта, бір жаққа қыдыратын болса да үйге телефондап, қызын көндіріп қояды. Сосын терезеден болсын киім-кешегін сыртқа шығарып, өзімен бірге ертіп кетуі ешқандай ақылға сиятын нәрсе емес қой.
Бірде апай-тұпай үйге келіп қызын алып кетпекке бекініпті. Ортада шырылдап жүрген аурушаңдау әйелім олар үйден
шығып бара жатқанда есінен танып құлап қалды. Ұлым да үйде еді, оның да жағдайы нашарлады. «Жедел жәрдем» шақырсақ,
артынан милиция келіп тұр. Осының барығына кінәлі құдағиым екенін айтып едім, «үй-ішілік жанжал ғой, араласпайтын адам
емессіздер» деп арыз жазуыма келіспеді. Дұрыс қой, жақын адамдар шығармыз, мына тірлігі
жақындықтың белгісі ме? Жалпы, екі жастың үй болып кетуін ойлаған адам осындай қылыққа барғаны дұрыс па? Сіздер не дейсіздер?

Асқар СҮЛЕЙМЕНОВ,
Жаңақорған кентінің тұрғыны
15 қыркүйек 2026 ж. 39 0