Қош-қош айтып, құстарға...

Көк жүзінде қатар түзеген құстарға көз салған сәт – адам жанының ең нәзік тұстарын қозғайтын мезет. Бұл – уақыттың өтуі, өмірдің өткіншілігі, қоштасу мен үміттің қатар жүретін сәті. Қатар-қатар құс тізбегі – бір жағынан еркіндіктің символы
болса, екінші жағынан алыстап бара жатқан балалық шақтың, өткен күндердің бейнесіндей әсер қалдырады.
Күз келген сайын көк жүзінде қиқулап ұшқан құстар легі адам жүрегіне ерекше бір мұң сыйлайды. Сол құстармен бірге бір кезең аяқталып,
бір дәурен артта қалғандай күй кешесің. Құстар тек жылы жаққа ұшып бара жатқан жоқ, олар сенің ішкі дүниеңнен бір бөлшекті жұлып бара жатқандай. Мүмкін, бұл балалық шақтың бір үзігі, мүмкін – орындалмай қалған арман, әлде жүректе сақталған сағыныш...
Құстарға қош айту – табиғатпен тілдесу. Адам мен табиғаттың үнсіз диалогы. Біз кейде сөзбен жеткізе алмайтын сезімді құстарға аманат
еткендей боламыз. «Қош болыңдар» деген бір ауыз сөздің астарында қаншама сыр жатыр десеңізші... Ол – үміт те, мұң да, сенім де, күдік те. Құстар ұшып кеткенімен, олардың ізі көк аспанда қалып қойғандай әсер қалдырады. Ал сол із – адамның жүрегінде мәңгі сақталатын естелік. Бұл көрініс адам өмірінің кезеңдерімен де ұқсас.
Балалық шақ – көктем секілді, жастық – жаздай жарқын, ал есейген шақ – күз тәрізді салмақты. Құстардың ұшып кетуі – сол кезеңдердің ауысуы. Біз де өмір жолында талай адаммен, достармен, туыстармен, кейде өзіміздің бұрынғы қалпымызбен қоштасамыз. Әр қоштасу – жаңа бір бастаманың есігін ашады. Бірақ сол есікті ашу үшін өткенге «қош» деп айта білу керек.
Құстар – еркіндіктің ғана емес, арманның да символы. Олар шекара талғамайды, бөгеттен қорықпайды. Адам баласы да кейде сол құстардай болғысы келеді: еркін, батыл, ештеңеден тайсалмайтын. Бірақ адамды ұстап тұрған – оның жауапкершілігі, қоғамы, өмірлік міндеттері. Дегенмен, әр адамның ішкі жан дүниесінде бір «құс» бар. Ол – қиял, ол – арман. Кейде сол арманды ұшырып жіберуге қорқамыз. Ал шын мәнінде, арман да құс сияқты – оны еркіндікке жіберсең ғана биікке көтеріледі.
Қоштасу – тек жоғалту емес, ол – тағдырды, уақытты мойындау. Құстарға қарап тұрып, біз өмірдің заңдылығын қабылдаймыз: бәрі де уақытша, бәрі де өзгереді. Бірақ сол өзгерістің ішінде мән бар. Егер құстар ұшпаса, біз көктемнің қадірін
сезінбес едік. Иә, қоштасу болмаса, қауышудың да мәні жоғалар еді.
Көктем келгенде, құстар қайта оралады. Бұл – үміттің қайта тірілуі. Демек, кез келген қоштасудың артында қайта кездесудің мүмкіндігі бар. Бұл – өмірдің ең үлкен жұбанышы. Адам жүрегі дәл осы сеніммен өмір сүреді. Қанша қиындық көрсе де,
бір күні бәрі орнына келеді деген үміт оны алға жетелейді.
Қош-қош айтып, құстарға қарап тұрған сәт – өз-өзіңмен қалатын уақыт. Сол сәтте адам өткенін саралайды, бүгінін бағалайды, болашағына үмітпен қарайды. Бұл – рухани тазалықтың, ішкі тереңдіктің белгісі. Әр адам өмірінде кем дегенде бір рет болса да, осындай сәтті бастан кешіруі керек. Себебі дәл сол кезде адам өзінің кім екенін, не қалайтынын, не
жоғалтқанын түсінеді. Құстарға қош айту – жай ғана табиғи құбылыс емес. Ол – өмір философиясы. Ол – адам жанының
айнасы. Құстар ұшып кетеді, бірақ олардың қалдырған сағынышы жүректе қалады. Сол сезім адамды ойландырады, тәрбиелейді, өсіреді.
Сондықтан да кейде аспанға қарап, құстарға «қош болыңдар» деп өзіңе тұрып, жаңа өмірге қадам
басқандай боласың. Қош-қош айтып, құстарға... Бәлкім, бұл – өткенге айтылған қоштасу, Бәлкім, бұл – болашақтың қақпасы.
Мадияр ОСПАНОВ




