№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сатира саңлағы 70 жаста

Сатира саңлағы 70 жаста

Қоғамдағы болып жатқан оқиғаларды қаз-қалпында жеткізуде өзінің өрнегін қалыптастырып, түрлі жанрда қалам тербеп, әр сөзін жүрегімен жеткізе білетін қаламгердің бірі – Нұрмахан Елтай 70 жасқа толуына орай туған жерінде дүбірлі дода өтті. «Ауыл айтқыштары» атты облыстық сықақшылар сайысында мерейтой иесінің сатира жанрындағы туындылары насихатталды.

 Қандөзде кіндік қаны тамған дарабоздың шығармашылық кешіне арнайы келген меймандардың қатары көп. М. Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінің кіреберіс фоесінде қаламгердің шығармашылығы мен жеткен жетістіктері жайлы көрмені тамашаладық. А.Сопбеков атындағы аудандық кітапхананың кітапханашысы Замира Садықова «Қазақ журналистикасының қайраткері» атты көрменің негізгі идеясына тоқталды.

Сахнаның кең экранында қаламгер Нұрмахан Елтайдың жазушылық қабілеті мен адамгершілік асыл қасиеті жайында бейне көрініс көрсетілді. Сатира жанрындағы сара жолы, журналистикадағы дара жолы кеңінен насихатталды. Жаңақорған ауданының 95 жылдығына орай өткізілген белгілі жазушы-сатирик Нұрмахан Назымханұлының 70 жас мерейтойымен Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы арнайы құттықтау сөз алды.

– Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Нұрмахан Елтайдың мерейтойын атап өтуіміздің өз себебі бар. Ол елдік мүдде жолында еңбек етіп, руханияттың шырағын сөндірмей, өскелең ұрпаққа үлгі етті. Әрбір жазған туындысында өмірдің ащы шындығы мен әділеттіліктің ақ туы желбіреп, келешек ұрпақ үшін бүгінгі күннің тарихын бүкпесіз баяндай алды, – деді Бектас Нұридинов.

Рухани кеште қазақ сатирасының майталманының жақында ғана жарыққа шыққан «Қандөз-құт мекенім» кітабы таныстырылып, «Сұңқарлар биікте самғайды» еңбегінің тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты. Қалың оқырманға сатира жанры арқылы танымал қаламгердің меншікті мерекесіне орай өткен сайысқа ауданымыздан бөлек Қазалы, Жалағаш Шиелі және Қармақшы аудандарынан өнерпаздар қатысып, бақ сынады.

Мерейлі кешке мерейтой иесін құттықтап арнайы келген белгілі әнші – композитор Сауран Елеуов әуезді ән шырқап, кештің көркін келтірді. Шара соңында байқау қорытындысы жарияланып, жеңімпаздарға арнайы сый-сияпаттар мен сертификаттар табысталды.

Танымал сатирашы Нұрмахан Назымханұлының 70 жас мерейтойына арнап ұйымдастырылған «Ауыл айтқыштары» облыстық сықақшылар байқауының қорытындысына сай бас жүлдеге Кейден ауылдық клубының директоры Балмұхаммед Әбжаппаров лайық деп танылды. Ал, жүлделі I орын қазалылық өнерпаз Дәурен Ерназаровқа, ІІ орын жаңақорғандық Әжімұратов Тоқтарға және ІІІ орын Шиелінің талантты сықақшысы Айнұр Ысқақова мен Қармақшының өнерпазы Ғалымжан Шакизадаға бұйырды.

Кеш соңында мерейтой иесі Нұрмахан Елтайға Жаңақорған ауданы әкімдігі мен аудандық мәслихатының бірлескен «Құрмет» грамотасы табысталды. Туған жерінің құрмет-қошеметіне бөленген жазушы Нұрмахан Елтай: «Бүкіл адамзаттың жүрегінде ата-қонысына деген махаббаты бар. Менің де жұдырықтай жүрегімде туған еліме деген сағыныш толастаған емес. Мерейлі мерекемді елеп-ескеріп, облыстық деңгейде сайыс өткізіп, өзімнің шағын шығармашылығымды халыққа насихаттап, өнерімді бағалап отырған аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы бастаған барша жерлестеріме, Қандөз ауылындағы ағайындарыма басымды иіп, рахметімді айтамын!
Мен үшін әрбіріңіздің бар болғандарыңыз маңызды! – деп тебірене сөзін аяқтады.

Мақпал Марқабай




25 тамыз 2023 ж. 291 0