АРМАНЫ АСҚАҚ АБДУЖАЛИЛ

Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлт пен ұлыстың арасын алшақтатпай, қайта жақындастыратын ең үлкен құндылық – өзара құрмет пен бауырмалдық. Осындай асыл қасиеттерді бойына сіңірген жас буын өкілдерінің бірі – Жаңақорған ауданының тумасы, №163 орта мектептің 10-сынып оқушысы Абдужалил Русланов.
Ол Жаңақорған топырағында дүниеге келді. Сондықтан да ол өзін осы өлкенің перзенті ретінде сезінеді.
–Өзімнің Жаңақорғанда туып-өскенімді тағдырымның ең қымбат сыйы деп бағалаймын. Бұл мекенде кіндік қаным тамып, достықтың қадірін сезіндім, алғашқы арманымды құрып, сол арманға қарай қадам басуды үйрендім. Жаңақорған – мен үшін балалық шағымның куәсі, өмірге деген сенім мен үміттің бастауы.Менің әрбір жетістігімнің, әрбір ой-санамның қалыптасуында осы өлкенің орны ерекше. Осындағы ұстаздарымның тәлімі, достарымның шынайылығы, үлкендердің ақылы мен батасы – мені бүгінгі деңгейге жеткізген рухани тірек. Сондықтан да мен Жаңақорғанда туып-өскенімді әрдайым мақтан етемін. Бұл – менің тамырым, менің негізім, менің болмысым.
Ұлтым – шешен болса да, жаным қазақ. Кісі болмысын айқындайтын Менің Отаным – Қазақстан. Себебі мен осы елде дүниеге келдім, осы елдің ауасын жұтып, суын ішіп, білім алып, тұлға ретінде қалыптасып келемін.
Қазақстан – мен үшін бейбітшілік пен татулықтың мекені. Бұл елде түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Мен де сол көпұлтты қоғамның бір бөлшегімін. Өзімді бөтен сезінбеймін, керісінше, осы елдің толыққанды азаматы ретінде сезінемін, – дейді ол.
Абдужалилдің отбасы – түрлі мәдениеттің тоғысқан ордасы. Мұнда әрі шешен, әрі қазақ халқының салт-дәстүрлері қатар сақталып, ұрпақ санасына сіңіріліп келеді. Бұл – тек тұрмыстық ерекшелік емес, бұл – этностар арасындағы өзара түсіністік пен құрметтің айқын көрінісі.
Жасөспірім кезінде ол шешен тілін еркін меңгерген. Алайда уақыт өте келе, күнделікті өмірде қолданылмағандықтан, ана тілін ұмыта бастаған. Соған қарамастан, ол бұл жайтты өкінішпен емес, жауапкершілікпен қабылдайды. Бүгінде Абдужалил қазақ тілінде таза сөйлеп, осы тілде білім алып, өз ойын еркін жеткізе алатын деңгейге жеткен.
Абдужалилдің отбасықазақ тілінде еркін сөйлейді. Әсіресе, шешен ұлтының үйлену тойындағы салт-дәстүрлері оған ерекше әсер қалдырған. Ол бұл дәстүрлердің терең мағынасы мен тәрбиелік мәнін жоғары бағалайды. Ал қазақ халқының ішінде Наурыз мейрамын ерекше жақсы көреді.
– Наурыз – бұл тек мереке емес, бұл – жаңару, бірлік пен берекенің символы. Бұл күні адамдар бір-біріне тек жақсылық тілейді. Маған осы мейрамның жылулыққа толы атмосферасы қатты ұнайды. Осы наурыз айында бізде үйде наурыз көже дайындап, көрші-қолаңмен тойлаймыз, – дейді ол.
Абдужалилдің ойынша, қазақ пен шешен халқының тарихи тағдыры өзара тығыз байланысты. Оның айтуынша, бұл туралы оған атасы жиі әңгімелеп берген.
– Атам үнемі «Шешен халқына ең жақын халық – қазақтар» деп айтып отыратын. Себебі тарихымызда қиын кезеңдер аз болған жоқ. Сол кезде бізге ең көп қолдау көрсеткен – қазақ халқы. Сондықтан Шешенстанда тұратын кез келген шешен Қазақстанды өзінің екінші Отаны деп есептейді. Тіпті, ол жаққа барсаңыз, қазақтардың жағдайын сұрап, өткенді еске алып, толқып кететін жандарды жиі кездестіресіз, – дейді жас өрен.
Бұл сөздер – тек бір әулеттің емес, тұтас бір халықтың жүрегінде сақталған алғыс пен құрметтің айғағы. Тарихтың ауыр кезеңдерінде қазақ халқы түрлі ұлт өкілдеріне пана болып, бауырына басқаны белгілі. Сол ізгілік бүгінгі ұрпақтың жүрегінде ризашылық сезімі ретінде сақталып келеді.
Абдужалил болашаққа үлкен мақсаттар қойып отыр. Ол алдағы уақытта Шешенстанға барып, сол жақтағы туған-туыстарымен жүздесуді армандайды. Алайда оның басты мақсаты – Қазақстанда қалып, өз еліне қызмет ету.
–Мен үшін түп-тамырымды тану, алыстағы туыстарымды көру – жүрек қалауым. Сондықтан бір күні Шешенстанға барып, өзімнің тарихи тамырыммен қайта қауышып, туған-туыстарыммен жүздесуді армандаймын. Бұл – менің өткеніме деген құрметім, өз болмысымды тереңірек түсінуге деген ұмтылысым.Алайда менің болашағым – Қазақстанмен тығыз байланысты. Мен осы елде өсіп, осы жерде білім алып, өзімді тұлға ретінде қалыптастырып келемін. Сондықтан бар мақсатым – білімімді жетілдіріп, өз ісінің шебері атанған білікті маман болу. Ең бастысы – алған білімім мен еңбегімді туған жерімнің игілігіне жұмсау.Жаңақорған – менің жүрегіме ең жақын мекен. Осы қасиетті топырақта өсіп-өнген перзент ретінде оның дамуына өз үлесімді қосу – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі мәртебе. Мен болашақта өз еңбегіммен елге пайдасын тигізетін, қоғамға қажетті азамат болуды мақсат етемін. Себебі нағыз бақыт – өз Отаныңа қызмет етіп, туған жеріңнің гүлденуіне үлес қосу деп білемін, – дейді ол.
Жасөспірімнің бұл арманы – нағыз отансүйгіш азаматтың айқын көрінісі. Ол өз болашағын тек жеке жетістікпен емес, елге қызмет етумен байланыстырады. Бұл – бүгінгі жас ұрпақ үшін үлгі боларлық ұстаным.
Абдужалил Русланов – түрлі мәдениеттің ортасында өсіп, екі халықтың құндылықтарын бойына сіңірген жаңа буын өкілі. Ол үшін ұлт айырмашылығы – бөлінудің емес, байытудың белгісі. Оның өмірлік ұстанымы – татулық пен бірлік, құрмет пен жауапкершілік.
Бүгінгі Қазақстан – жүзден астам ұлт пен ұлыстың ортақ үйі. Осындай көпұлтты қоғамда әрбір азаматтың елге деген сүйіспеншілігі, тілге деген құрметі, тарихқа деген тағзымы – елдің болашағын айқындайтын маңызды факторлар. Ал Абдужалил секілді жастар – сол жарқын болашақтың кепілі.Жүрегі Қазақстан деп соққан шешен ұлының арманы асқақ, мақсаты айқын. Ол – бірлігі бекем, татулығы жарасқан елдің нағыз патриоты.
Әсел РЗАЕВА




