» » ҒАЖАЙЫП ҒҰМЫР ИЕСІ Әбдуәлі БАЕШОВ – 80 жаста

ҒАЖАЙЫП ҒҰМЫР ИЕСІ Әбдуәлі БАЕШОВ – 80 жаста



ИЕСІ Әбдуәлі БАЕШОВ – 80 жаста. Жаһандық ғылым көкжиегінде өзіндік орны бар танымал тұлға, академик «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» Әбдуәлі Баешов 1946 жылы 26 сәуірде дүниеге келген.
Әбдуәлінің бала кездегі арманы радиоэлектроника маманы болу еді. Бұл мамандықтың жоғары оқу орны тек Ресейде болғандықтан, амалсыз ол Шымкент Қазақ химия-технология институтының электрохимия өндірісі технологиясы мамандығын таңдайды. Саналы ғұмырының 50 жылға жуық уақытын химия, электрохимия, гидроэлектрометаллургия және экология ғылымы мен білім беру салаларына арнаған оның ғылыми жұмыстары өз елімізде ғана емес, шетелдерде, ТМД елдерінде де белгілі.
– Бастауыш мектепті Жаңақорғанда оқыдым. Бесінші сыныптан бастап Кентаудағы мектеп-интернатқа ауыстым. Бұл бүгінгімен салыстырып айтсам, «Дарын» мектебі секілді мекеме еді. Шымкент облысында осындай ерекше екі мектеп болатын. Біреуі – Шымкентте, екіншісі –
Кентауда. Бұл мектеп-интернаттың ерекшелігі – төрт мезгіл тегін тамақ, тіпті үстімізге киетін киімге дейін беретін. Төрт маусымға арналған киім, құнарлы тамақ, жатын орын бәрі бар, алаңсыз сабағыңды оқысаң болды. Міне, осы мектепте бізге ең үздік ұстаздар сабақ берді.
Сабақтан тыс, қосымша үйірмелері де қызғылықты әрі танымдық еді. Біздің ауылда ол кезде қарапайым сіріңке жоқтың қасы, қыста көрші үйден шоқ сұрап жүретінбіз. Өз отымыз сөніп қалмас үшін ол шоқты күлге көміп қоятынбыз. Кентауға келгенде ең бірінші рет жарқыраған жарықты көріп, тамсанып, мектепте де сол заманның жаңа технологияларын үйрететін үйірмелерге үйір болдым.
Осылай фото және радиоүйірмеге жазылдым. Бала күнімнен домбыра тартатындықтан, домбыра үйірмесін де ұмыт қалдырмадым. Радио үйірмесінде 9-10 сыныпқа қарай бір және екі лампалы радиоқабылдағыштарды өзіміз жинап алатынбыз. Мұның бәрі ұстаздың біліктілігінен еді.
Виктор Пташник деген ұстазымыз, ұлт жағына барыссақ, қанында белорус та, поляк та, орыс та, мажар да әйтеуір өзге ұлттың өкілі, өзі қазақшаға судай. Міне, осы ұстазымыз бізді үйірмеден бөлек, еңбекке де баулыды. Маған электр дәнекерлеуші мамандығы ұнады. Бір
металды екінші металға балқыта отырып жабыстырудың қыр-сырын меңгердім, – дейді ол.
Өзі таңдаған мамандығының шыңын бағындырған ол 1991 жылы докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғады. Қаншама ғылыми жаңалықтарды өмірге алып келді. Әбдуәлі Баешұлы ‒ химия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, «Құрмет» орденінің иегері, Совет одағының
өнертапқышы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнертапқышы.
Сонымен бірге бірқатар қоғамдық академиялардың, атап айтқанда, ҚР Жаратылыстану ғылымдары және Қолданбалы экология академияларының академигі. Негізгі ғылыми бағыты ‒ электрохимия, гидроэлектрометаллургия және экология.
Академик Е.А.Бөкетов пен А.Б.Баешовтың ашқан айрықша ғылыми жаңалығын жоғары бағалаған АҚШ ғалымдары 1990 жылдары аспанда жаңадан табылған жұлдызға «Бөкетов-Баешов жұлдызы» деп атау беруінің өзі айрықша баға екенін айта кеткен жөн.
Әбекең 1991 жылы енді ғана ашылған Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің экология факультетінің деканы қызметіне шақырылып, кейін Кентау бөлімінің вице-президенті, ректоры, директоры қызметтерін атқарды. Ә.Баешовтың жоғары оқу
орындарына арнап қазақ тілінде жазған бірнеше кітаптары республикамыздың көптеген университеттерінде оқулық
ретінде кеңінен қолданылып жүр.
Мысты рафинациялау электролитін мышьяк пен сурьма тәрізді зиянды қоспалардан тазарту әдісі Балқаш таукен металлургиялық комбинатында, ал фосфор шламындағы фосфордың мөлшерін анықтау әдісі «Химпром» деген Жамбыл фосфор зауытында өндіріске енгізілген. Табиғаттың бұрын адамдар байқамаған үш жаңа құбылысын ашып, үш ғылыми ашылым (научное открытие)
дипломын алған санаулы ғалымдардың бірі. Ә.Баешовтың 1500-ден аса ғылыми еңбектері, соның ішінде 41 монография, оқулықтар және оқу әдістемелік құралдары жарық көрген және 260-тан аса патенттің иесі. Оның жетекшілігімен 2 докторлық, 44 кандидаттық
және PhD диссертациялары қорғалды. Ә.Баешовтың бірнеше ғылыми жұмыстарының нәтижелері өндіріске енгізілді. Мысалы, Балқаш тау-кен комбинатында электролиз ерітіндісін мышьяк және сурьма иондарынан тазалау әдісі 1973 жылы өндіріске енгізіліп,
елімізге көп мөлшерде экономикалық пайда әкелді.
Әбекеңнің дәстүрлі өнер саласына қосқан үлесі де айрықша. Көптеген музыкалық аспаптарда шебер ойнайды, өзінің ой-толғаныстарын күй, ән түрінде де халыққа жеткізеді. Әбекең ұстазы Евней Арыстанұлы сияқты әмбебаптық қасиеттерімен танымал. Ұстазы әдебиет саласында аударма, әдеби сын мақалалармен бірге «Атан қомында туған адам» атты кітап жазғаны белгілі. Ал Әбекең көптеген музыкалық аспаптарда шебер ойнаумен қатар өзінің көңіл-күйі мен ой-толғаныстарын ән мен күйге айналдырған композиторлығымен танылды. 1996 жылы «Яссауи толғауы»,
«Ән шырқалып, күй тартылсын» атты күйлер, өлеңдер жинағы Алматыда жарық көрді. Жинаққа «Яссауи толғауы», «Түркістан», «Тұран», «Репрессия», «Ұстаз» және де басқа күйлері, «Гүл ару», «Өмірімнің жұлдызы», «Өмір-өлең», «Түркістан жастарының вальсі» және тағы басқа әндері мен күйлері енгізілді.
Мінекей, қазақ айтатын «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат, туған елі мақтана алатын майталман ғалымның бейнесі осындай. Баешұлы Әбдуали ағамыздың зайыбы Қоспанқызы Ажар жеңгеміз де ғылымның заңғар биігін бағындыра білген ұстаз.
Ажар Қоспанқызы – Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ғылым, техника, және білім саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, «ҚР жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы – 2012» атағы мен грантының иегері, Еуропалық ғылым және өнеркәсіп палатасының Еуропалық алтын медалімен және DE MERITO дипломымен, Әл
Фараби алтын медалімен, Яссауи медалімен марапатталған, 700-ден аса ғылыми еңбектердің және оқу құралдарының,100-ден аса патенттердің авторы.

Рысбек АСҚАРҰЛЫ,
Мәдениет саласының үздігі
28 сәуір 2026 ж. 48 0