Реакдциямызға ғұлама ғалым, ҚР ҰҒА академигі Ебіней Арыстанұлы Бөкетовтің шәкірті, химия ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, ғалым, техника және білім салалары бойынша Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінң иегері, Кеңестер Одағының өнертапқышы Әбдуәлі Баешұлы ағамыз келді. Бұл кісінің қарапайымдылығы және руханиятқа берілгендігі сондай, ауылға келген сапарында қарашаңыраққа арнайы соғып, емен-жарқын әңгімесін айтып кетеді. Бұл жолы жанында жары Ажар апамыз да бар. Ең үлкен жаңалығы – осы таяу күндері «Өнегелі өмір» деп аталатын жаңа кітабы жарық көріпті. Былтырғы жылы келгенінде «50 жыл білім мен ғылым жолында» деп аталатын кітабын әкеліп, бізге тарту еткен болатын, Ол шыққан кітабын да, бүгінгі бізге тарту еткен кітабын да, екеуін де бір меценат жігіт демеуші болып шығарып беріпті.
Әбдуәлі ағамыз ғалым болуды жас кезінен армандағанын айтады. Әкесі Баеш Түркістан қаласының теміржол вокзалының құрылысына қатысқан. Түркістан мен Жаңақорғанның арасында темір ұстасы атанған кісі. Жары Нұрынса екеуі жеті перзентінің барлығын еңбекке тәрбиеледі. Әсіресе үміт күткен ұлдары Әбдуәлі Шымқаладағы химиятехнология институтына оқуға түсіп, еңбек жолын Ташкент авиазауытында бастаған екен.
Әбдуәлі ағамыздың өзі қалаған химия ғылымының шыңына қол жеткізуінің сыры мынада: ол кісі табиғатта қандай құбылысты көрсе соның шынайы болмысын түсінуге тырысады. Оның осы мінезі химиялық реакциялардың механизмін түсінуге пайдасын тигізді. Осы байқампаздығының, сезімталдығының және интуициясының арқасында ғылымға сіңірген 55 жыл ішінде химия, оның бір тармағы болып табылатын электрохимия бағытында орасан жаңалықтар ашты. Ғылыми әлеуеті оның жандүниесіне де кірігіп кеткені сондай сыртқы пошымы мен ішкі дүниесі сәйкес келмейтін адамнан аулақ жүргенді қалайды екен. Бетіңе қарап, мінездеме беріп, көңілі қалағанмен ғана қарымқатынасын үзбейтіні ғажайып жанға тән мінез ғой.
Жұбайы – техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Ажар Қоспанқызы Баешова. Екеуі де ғылымға шын берілген адал еңбек, орасан ізденістерінің арқасында жаңалық ашып, Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. Бір жанұядан екі мемсыйлық иегері шыққан отбасы Қазақстанда жалғыз осы кісілер болуы керек.
Әбдуәлі аға кешегі өтпелі кезеңдерде Түркістан қаласына келіп, Қазақ-Түрік университетіне де жаңадан экология факультетін ашып, сонда туған жерден соны мамандыққа қаншама шәкірттер тәрбиелегенін ұмыта қойған жоқпыз. Ол кездері ел экономикасында да ауыр кезеңдер болатын.
Бүкіл Оңтүстік өңірі 1994 жылдардан бастап жылудың, электр тогының жеткіліксіздігінен көп зардап шекті. Тіпті облыс орталығы Шымкент қаласының өзінде далаға қазан асып, балконға самаурын қайнататын күндер туды. Кентауда жылу беру стансасы жұмысын толық тоқтатты, ал электр тогы тәулігіне екі-ақ сағат берілетін.
Университеттің Кентау бөлімінің вице-президенті, ректоры болып жүрген Әбдуәлі Баешов өзі басқаратын оқу корпусына және жатақханасына соляркамен жанатын жылу пешін және 100 және 100 кВт-тық электрогенератор қойдырды. Сол кезде Кентау қаласында күні-түні жылу бар, жарық бар бір-ақ мекеме болды. Ол Әбекең басқаратын университет еді. Өйткені ол кісіге бұл жұмыстарға қажет қондырғыларды Түркиядағы әріптесі Гүнхан Қайхан жеткізіп беріп, екеулеп іске асырды.
Міне, ғылымның әлеуеті. Жоқтан бар жасау деген осы. Тәуелсіздік алған соң осынау құндылық атаулының атасы – ғалымдардың жағдайы не бллды? «Бізге ғылымның қажеті жоқ, Қазақстанға қажеттінің бәрін біз сатып та ала аламыз» деген қасаң қағидамен Ғылым Академиясы жабылып, қоғамдық бірлестік болып қалғаны, ғалымдарды айлық-жалақы қаражатынан айыруы көп білімді азаматтардың күнкөріс үшін басқа салаға кетіп қалуына мәжбүр еткені қиянаттың қиянаты болды.
Әл-Фараби ғылыммен адал адамдар айналысу керек екенін айтады. Ғылым пайдакүнемдікті көздемейді, адамзат игілігі үшін жаңалық ашуға ұмтылады.
Міне, біздің асыл ағамыз Әбдуәлі Баешұлына Құдай осындай қасиетті тарту еткен. Жары Ажар апамыздың табиғатының ерінің жандүниесімен үндестік табуы отбасының бағын жандырып, үлгілі жанұя деңгейіне көтерді.
Қазірде жасы жетпістің алтауына келген ағаның бар жазған дүниесін компьютерге теріп беріп отырған Ажар апамыз бұл жұмыстарды түнде атқаратынын айтады. Ал күндіз университетте шәкірттерге дәріс береді.
Былтыр және биыл тағы қолымызға түсіп отырған мына екі кітаптың да авторы Әбдуәлі ағаның өзі. Жазушы жалдап, әдеби өңдеп, әуре болмайды екен. Көркемдік деңгейі кәнігі жазушыдан бір де кем емес. Мүмкін, оған осы биікті еншілеткен өмірдің мектебі. Екі кітаптың да бірнеше данасын аудандық кітапханаға және елдегі асыл азаматтарға табыстауды бізге аманат етті. Жүрегіміз жарылардай қуанып қалдық. Аман жүріңізші, аға!
Баян Алаудинқызы