» » » Жақсы адамның жарығы – жаһанға ортақ

Жақсы адамның жарығы – жаһанға ортақ


Жерлесіміз, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, химия ғылымдарының докторы, профессор Әбдуәлі Баешов 1995 жылы Жаратылыстану ғылымдары академиясының, 2017 жылы Ұлттық ғылым академиясының академигі атанған болатын. Бүгінде Д.В.Сокольский атындағы органикалық жанармай, катализ және электрохимия институтының электрохимиялық технологиялар зертханасының меңгерушісі. Отандық ғылымның дамуына ерекше үлес қосып жүрген ұлт жанашыры өзі туып-өскен Жаңақорғанын бір сәт естен шығарған емес. Ол әсіресе ізін басып келе жатқан жас ғалымдардан қамқорлығын аяған емес. Ғылымда үлкен жаңалық ашып, адам игілігіне жаратылған табиғаттың кілтін табу бір басқа, адамзатты сүйген үлкен жүректің иесі бола білу одан да биік тұрған бір ұлы құдырет. Осындай қадыр-қасиетті ұлықтаған асыл азаматпен сұхбаттасып, алғаусыз ой-армандарымен бөлісудің өзі бізге ғажайып әсер сыйлағандай.
Бүгін осы сұхбатымызды қалың оқырманмен бөлісуді мұрат тұттық.


– Аға, құпияға толы ғылымның соқпағынан өз сүрлеуіңізді тауып, әрбір сыннан сүрінбей өткен сайын титімдейіңізден тұла-бойда ұялаған балапан тілектің тас жарып, қамал бұзған қайратына тәубе қылып, сол үшін де туған жердің қадір-қасиетіне бас иетін тұстарыңыз көп болатын шығар?
– Әрине. Жаңақорғанның сол кездегі, "Советская" көшесіндегі туып өскен қарашаңырағым жүрегімнің бір түкпірінде көңілімді жылытып тұратынын жасырмаймын.
Ғылым – ол бір өз алдына шексіз әлем. Туған жерге деген перзенттік сезімнің құдыреті сені өзің өмір сүрген қоғамның құлақкесті құлы етіп, бейнеттің қазанына салады да отырады, жаның қиналса да жүдеп-жадап емес, қайта отына пісіп, қайратыңа мініп, кемелдене түседі екенсің.
Мені алаңдататыны, бүгінгі жастар осындай жанкешті соқпақта сынға төзімсіз. Ғылым атаққа жетудің төте жолы секілді. Ғылымға алдымен құштарлық болу керек. Менің электротехникаға деген қызығушылығым мектепте оқып жүрген кезімде басталды. Ағамның автокөлігіне дыбыс беру құралын (сигнализация) орнату, радиоқабылдағышқа тіл бітіру сынды электротехникаға бейімділігімнің соңы химиялық реакцияның негізінде ток алуға көзімді ашып, осы жолға шыңдап бет бұрдым.
Білімге құштарлық сол кез жастарының бойында тым терең болды ма, жоқ ұстаздарымыздың борышына шын берілген адалдығы ма, онжылдықты бітіргендердің түгелге жуығы жоғары білім алып шығатын. Біздің кластың өзінен үш бірдей ғылым докторы шығыпты.
Мен институттан соң көп жылдар Ғылым Академиясының химия-металлургия институтында жұмыс атқардым. 400-дей қызметкерден 3 қана ғылым докторы болдық. Қойылатын талап кемінде үш соны жаңалығың болу керек. Еңбегіңді Мәскеуде аймақтық (Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстан) кеңес комиссиясы алдында қорғап шығуға тиіс едік. Қазірде бұл талап тым жеңілдеп кетті. Бұл жұртшылықтың ғылымға деген құрметін төмендетіп жіберуі бек мүмкін.
Қасиетті Құранның хадистерінде "Ғылымның өлгені – есте сақталмағаны, қызықпайтын адамдарға үйретіліп, зая кеткені" деп жазылса, орыстың ұлы ойшылы Л.Н.Толстой "Ғылымның ісі – адамға қызмет ету" дейді.
– Өз шәкірттеріңіз туралы не айтар едіңіз?
– 1983 жылы "Фосфор шламында фосфордың қалдығын анықтаудың, Бокетов-Баешов әдісі" атты бірегей шешім дүниеге келді. Қазақстан ғалымдарының алдындағы шешімі табылмай келе жатқан мәселелердің бірі – Жамбыл және Шымкент фосфор зауыттарында өте көп мөлшерде жиналып қалған фосфор қалдықтарының әсерінен ауру-сырқаудың көбеюі, жүкті аналардың түсік тастауы, сүйектің өсіп кетуінен азу тістері шайнауға келмей малдың аштан қырылуына әкеп соқты. Бұл экологиялық проблеманың астарына үңіліп, жоғарыдағы жаңалық өмірге келді. Осы жұмыстардың қабатында шәкірт тәрбиеледім. Шәкірттерімнің бірі – теллурмен айналысса, бірі – селенмен, ал енді біреулері – күкіртпен, фосформен шұғылданды. Қазақтың ғұлама ғалымы, Алаштың академигі Ебіней Арыстанұлы Бөкетов маған қалай ұстаздық етсе, әкемдей жанашыр болса, мен де өз шәкірттеріме солай қамқорлық жасадым деп айта аламын. Қазірде мемлекетімізде химия-металлургия саласында 40-тан астам ғылыми дәрежеге ие шәкірттерім еңбек етіп жүр. Оның ішінде бір ғылым докторы, бірнеше РҺD докторлары, қырықтан астам ғылым кандидаты бар.
– Ғылым да, өнер де – интеллектің жемісі. Осы екі арнаны қатар алып жүруіңіз сізге қиындық тудырмады ма?
– Жоқ, қиындық тудырмады. Қайта бір-бірін толықтырып, желеп-жебеп жүретін тәрізді. Өйткені жүрек жалғыз. Ол жұмбақ аралда адасқан жолаушыдай өлеусіреген жарыққа ұмтылып, өмір заңдылығының бір ұштығын тапқанда осы тәуекелді талабы адамзаттың бір игілігіне жарары хақ. Ал қиялыңа еркіңнен тыс әуен боп құйылатын музыка сазы тек сағыныштан тұрады. Бойыма осындай таланттың дәнін еккен туған жердің топырағына қарыздармын.
Әкем мен анамның тәрбиесіне рахметім шексіз. Ата-анамыз кішкентайымыздан көзімізді еңбекке ашты. Мен домбыра тартуды 6-7 жасымнан бастап үйрене бастадым. Ағам Пайзлахтың үйретуімен күй тартып жаттықтым. Кентау қаласындағы №2 мектеп-интернатында білім алуым болашағыма үлкен демеу болды. Сейдулла Бәйтереков екеуміз бір партада отырдық. Баян класында оқыдық. Музыка мектебінде оқып жүріп мен, Сейдулла, Досым Сүлеев үшеуміз бірнеше концертте оркестрде бірге өнер көрсеттік. Кейіннен Сейдулланың "Әлиясы" оны бүкіл елге паш етсе, Досым "Дос-Мұқасанда" жарқырады. Ал мен химия саласына біржолата бет бұрсам да өнерді жетімсіреткенім жоқ. Жүрегімнен шыққан туындыларым да аз емес. Мәселен, «Ұстазым» күйі аяулы аға Ебіней Бөкетовтың қазасына байланысты туды. Ал «Репрессия» күйінің шығу тарихы былай: 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін Қарағандыдағы Химия-металлургия ғылыми-зерттеу институтында аттестация өтіп, қазақтың белді ғалымдарын осы сынақта омақаса сүріндіру бағытында түрлі құйтырқылықтар орын алды. Нәтижесінде, бүкіл өмірін ұлт ғылымына бағыштаған талантты ғалымдар сынақтан өтпей қалып, қатты күйзеліске ұшыраған жағдайлар болды. Қайғыдан инфаркт алып, тіпті қаза болып кеткендері де болды. «Аттестация» (немесе «Репрессия») деп аталатын күйім осы кезеңде жарыққа шықты.
1991 жылы Түркістан қаласында Қожахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ашылу салтанатында «Яссауи толғауы» деп аталатын күйімді сахнада өзім орындадым. Одан соң «Тұран», «Түркістан», «Арыстан баб дәуірі» атты күйлерім дүниеге келді.
Бұдан бөлек «Өмір – өзен», «Гүл ару», «Түркістан жастарының вальсі», «Немерем» атты әндерім елдің аузында жүр.
– Жаныңыз қалаған кәсі­біңізден бүгін де қол үзбей келесіз. Жұмысты қалай ұйым­дастырасыз?
– Атақты ғалым Жорес Алферовтың айтқаны бар: «Күндіз-түні ақымақтар ғана жұмыс істейді». Қазірде министрліктерде, әкімдіктерде жұмыс уақытын шектегенде белгіленген уаықтта сапалы жұмысты талап ету деп түсінген жөн. Мойныңдағы міндетіңді тиянақты атқар, өз деңгейінде өз денсаулығыңды да күт. Әлжуаз адам елге тұлға болып жарыта ма?
– Бақытты отбасы иесімін деп айта аласыз ба? Мәңгілік махаббат деген ұғыммен келісесіз бе? Мұхтар Шахановтың «Махаббат деген – Эверестің шыңына шығу» деген сөзі бар. Сіз қалай бағамдар едіңіз?
– Эверестің шыңына ақындар ғана шығады. Мен жердің бетінде жүрген пендемін. Мен үшін махаббат күйдім-сүйдім деген жалаң сезімнен ада ұлы күш. Бір-біріне жүрегін ұсынған жандарға ғашық болу аз, сол аяулы сезімді ақырына дейін сақтай білу үшін бір-бірін терең түсіне білуі, жан қалауымен санасуы, арман-мақсатын ортақ арнаға бұрып, бір-біріне сүйеніш бола білуі қажет дер едім. Бұл тұрғыда жолым болған адаммын. Өмірлік серігім Ажар Әбілтаевамен бір салада жұмыс атқардым. Отбасында ғана емес, қызметте де бір арбаны сүйреп, атқарған бейнетіміздің жемісін бірге көріп келеміз. Екеуміз Мемлекеттік сыйлықты да бірге еншілеп, еңбегіміз жанды. Бүгінде немерелеріміздің қызығына кенеліп отырған жағдайымыз бар.
– Сіз үшін өмірдің мәні неде?
– Кешірімде. Жер бетінде қанша сана иесі бар болса, сонша мүдде бар. Көзқарастың көптігінен қоғамда қарама-қайшылық та болып жатады. Осының барлығында тепе-теңдікті сақтап, планетамызды ізгіліктің бесігіне айналдыратын бір айқын жол – түсіністік пен татулық. Оның түп негізі – кешірімде. Ел-жер, ағайын арасында, көрші-қолаң, дос-жаран, тіпті отбасында да онсыз бірлік болмайды.
– Ақпараттар ағымының желдей жаулап алуы саналарды тітіретіп тұрғанын да жасыруға болмайды. Көбінің астарында неше түрлі жымысқы саясат тұнып тұр. Қоғамды бұдан қалай арашалап ала аламыз? Кімге сенуге болады?
– Әркім өз ерік-жігеріне сенуі керек. Әлеуметтік аз қамтылған топқа мемлекет қамқорлығын ешқашан тоқтатқан емес. Әр отбасы аяғынан нық тұрып алғанша оған арқа сүйеуі мүмкін. Бірақ ешкім де біреуге масыл болып, біреудің есебінен күн көруге құштар емес. Шама-шарқынша тірлік жасап, ешкімге тәуелді болмай, өз арбаңды өзің сүйрегеннің қуанышы бәрінен маңызды. Бұдан да ауыр күндерді бастан өткіздік. Қайыр сұрау қанымызда болмаған.
– Қазір қандай жұмыспен шұғылданып жатырсыз?
– Кітап жазып бітірдім. Онда өз өмір жолым ғана емес ғылымдағы ұстазым, әріптестерімнің жетістіктері туралы баяндалады.
– Жақын уақытта бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылатынымызға сенім артасыз ба?
– Ғалым ретінде айнымас аксиоманы айтар болсам, бүкіл жетістіктің кілті – ғылымда. Ғылымсыз даму жоқ. Қанша күстаналасақ та, кешегі кеңестік кезең осы құндылықты терең бағалай білді. Одақтың Ғылым Академиясын басқарып отырған тұлға Брежневтен екі есе артық жалақы алды. Ал орталықтардағы ғылыми-зерттеу институты директорларының жалақысы обкомның бірінші хатшыларынан көп еді. Алаңсыз ғылыммен айналысуға мол мүмкіндік болды. Күнкөріс қамын күйттеп кеткен ғалым көңілдегідей жұмыс жасай алмайды. Тәуелсіз мемлекетімізде осы мәселе тиянақты шешімін тапса – ең басты тілегім осы.
– Ел бағына жаратылған өзіңіз сынды дарын иелерін жаһанға ортақ деп жатамыз. Тағдырыңызға ризасыз ба?
– Ризамын. Адамның барлығы атақты болу мүмкін емес. Бірақ әрбір күніміз үшін тәубе дейік. Мемлекетімізде өмір сүріп жатқан сан ұлтты біріктірген бүгінгі «Алғыс айту» күнінің маңызы да айрықша. Адам баласының бір-біріне адал тілекте жүруінің астарында мәңгілік бақытты өмірдің өшпес өнегесі тұнып тұр. Жаратқан бізді осы тыныштығымыздан айырмасын.
– Сұхбатыңызға рахмет.

Әңгімелескен Баян ҮСЕЙІНОВА.

03 наурыз 2019 ж. 1 374 0