№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Ғажайып ғұмыр

   Жер бетіндегі жаратылыс атаулы адам игілігі үшін жаралған. Тек оның кілтін табу таза жүрекпен талап қылып, тауқыметтен қашпайтын тастүлектің маңдайына ғана бұйырған. Адамзат ақыл-ойын аңсап, аңқасы кепкен ғылым атаулы ақжүрек ұланына құшағын айқара ашып, ақиқат айдынында армансыз жүздіреді екен.

   Туған жеріміздің түлегі, сардаланың борпылдақ топырағын жалаңаяқ кешіп, киесін бойына сіңірген, қаршадайынан қара бейнетпен пісіп жетіліп, ғылым жолына түсіп, өмірдің жұмбақ сырына үңілген, жүрегі от, қиялы ұшқыр, қайраткер тұлға – Әбдуәлі Баешов ағамыздың есімін бүгінде әлем мойындаған десек жаңылмаймыз.
Ғалым – адамзатқа ортақ тұлға. Дегенмен туған топырағымыздан түлеп ұшқан төл перзентімізді меншіктеп, мерейіміз тасып, мақтанып жүретініміз жасырын емес. «Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы» атанған ағамызды жуырда облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев арнайы қабылдап, ақыл-кеңес алмасты. Алда бірлесіп атқарар міндеттермен бөлісті. Халық алдында қадірлеп, сый көрсетіп      «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атағын еншілетті. Осы орайда қадірлі ағамызды әңгімеге тартып, сұхбаттасып қалуды міндетіміз санадық
   – Кісіге қандай да бір қасиет қанмен берілсе керек, – дейді. Әбдуәлі аға әңгімесінде, – Әкем Баеш өте еңбекқор кісі болды. Ауылда үй салған алғашқы ұсталардың бірі болған. Үйді тұрғызу бір басқа, оның ішін бояп, сырлауда қажетті бояу, желім, цемент деген материалдардың құрамын өзінше ойластырып, қолдан жасап, жоқтан бар етуден жалықпаған кісі. Сексеуілді жағып, тасты балқытып әк алғанын көрдік. Сүйекті қайнатып, сабын жасайтын. Қарапайым түрде қиялдан туған бұл өнердің түбі химияға келіп тіреледі. Әкем менің оқымаған химик. Балалары – біз де осы химия саласы бойынша білім алып, соның жолына шыңдап түстік. Бауырларым Аблақ, Файзулла, Әкім, Мәулен, Саламат, Ибадат түрлі кәсіпті иелендік.
   Әбдуәли ағаның өміржолына тоқталсақ, ол былайша өріледі екен.
   Жаңақорған кентіндегі қыш мектепте бастауыш білім алған балғынды ата-анасы әрі қарай Кентаудағы озат балаларға арналған интернатқа орналастырады. Осы жерде талапты ұлан екінші қыры – музыка деген бейімділігімен танылыпты.
Музыкаға қабілеттілік нағашысы Әбсеметтен дарыған екен. Ол кісі Түркістан өңіріндегі белді музыканттардың бірі. Домбыра, дутар, скрипка, сырнай аспаптарын шебер меңгерген екен. Мектеп оқушылары арасында сыныптасы Сейдулла Бәйтереков, Досым Сүлеев үшеуі ерекше таңдаулы өнерлі оқушы болыпты. Сейдулла белгілі композитор, Ал Досым «Дос-Мұқасан» ансамблінің ақсұңқары болғанын білеміз. Ал Әбдуәли ағамыз... ғылым саласында жұлдыз болып жарқырап тұр. Міне өнер деп соққан жүректің қай салада орны оқшау, салмағы ауыр боларын осыдан-ақ бағамдауға болады.
Жас талап онжылдықтан соң Қазақ химия технологиялық институтын «Электро-химиялық процестер технологиясы» маман-дығы бойынша бітіреді. Еңбек жолын В.Куйбышев атындағы машина жасау заводында инженер-технолог болып бастайды. 1970 жылдан бастап Қарағанды қаласында Қазақ ССР Ғылым Академиясы «Химия металлургия институтында» инженер болып істейді. Жас ғалымның өміріне үлкен серпіліс, өрлеу әкелген Евней Букетовтың қарамағында қызмет еткен осы жылдар еді. Ғұлама ғалымның әрі әріптесі, әрі шәкірті бола жүріп ол өмірлік тағылымның мейіріне қанып, болашақ ұлттың қамын жеген қайраткер тұлға болып қалыптасты.
1977 жылы «Электрорафинация кезінде мыс электродында жүріп жатқан процестерді зерттеу» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғайды. 1983 жылы «Фосфор саласындағы фосфорды анықтаудың Бөкетов-Баешов әдісі» атты зерттеу еңбектің авторы атанды. 1986 жылы «КСРО өнертапқышы» белгісімен марапатталды. 1987 жылы «Мыс ұнтағын алудың Баешов-Журынов әдісі» өнертабысы үшін авторлық куәлігін алды. 1991 жылы «Құрамында мыс, холькоген бар материалдарды жаңа электрохимиялық өңдеу әдістерінің ғылыми негіздерін жасау" тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады.
1991-96 жылдары Қ.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде экология факультетінің деканы, жалпы химия кафедрасының меңгерушісі болды. 1994 жылы профессор атағы беріледі.
Әбдуәлі Баешов электрохимия саласында 200-ден аса авторлық куәлік алған. Ол өзінің өмірлік жары Ажар Баешова және Қазақстан Республикасы ұлттық Ғылым Академиясының Академигі Мұрат Жұрыновпен бірге электрохимия саласы бойынша сіңірген зор еңбектері үшін Мемлекеттік Сыйлықтың лауреаты атанды. Қазақстандағы қолданбалы ғылымдар бағытындағы ғылыми жұмыс нәтижелері металлургия өндірісінде өмірге еніп, қолданыла бастады.
   Ол түсті металдар электрохимиясы саласында ғана емес су тазалаудың жаңа технологиясын жасаумен де айналысты. Өндірістік және табиғи тұздарды тазалау процестерін зерттеген «Су экологиясы» кітабы жарық көрді. Қазақ-түрік университеті Кентау бөлімшесінде 1991-2005 жылға дейін вице президент, директор қызметін атқарды.
   Экология саласында жазған оқулықтары күні бүгінге дейін шәкірттер игілігінде. Ол әсіресе химиялық экологияны дамытуға көп еңбек сіңірді. Оның шәкірттері Қазақстандағы химия-металлургия институттарында қызмет атқарады.
    Ол Қазақстанда бірінші рет «Қоршаған орта химиясы" (1998 жылы) және «Практикум по химий окружающей среды» (2000 ж) оқулығын жазды. 2003 жылы «Бейорганикалық химия практикумы» оқулығы жарық көрді.
   Ғалым қай жерде, қай қиырда жүрсе де атамекен тағдыры көңілінің бір түкпірінде тұратынын жасырмайды. Шалқия кенішінің өндірісін ғылыми тұрғыда зерделеумен қоса іргеміздегі күкірт қышқылын өндіретін зауыттан шығатын қалдықтардың ауаны ластамау жайы да көп алаңдататынын жасырмады. Арнайы технологиямен залалсыздандыру мәселесі, өндірістің қатты қалдығын да кәдеге асыруға болатынын жеткізді. Мәселен руданы байытқан кезде медицинаға қажетті зат таза күкірт алуға болады екен. Уранға бай өңірімізде кенді жер астынан бөліп алудың тың да ұтымды әдістері бар. Кеше облыс әкімімен арнайы кездесуінде аймақ басшысы ғалымның Арал экологиясы жөнінде пікірлеріне ден қойып, алдағы уақытта бірге жұмыс істеуге ұсынысын білдіріпті.
  Ғалым күні бүгінге дейін ғылымнан қол үзген жоқ. Қазірде Алматыдағы Д.Сокольский атындағы органикалық катализ және электрохимия» институтының «Электрохимиялық технологиялар" зерт­ханасын басқарып, Тәуелсіз ел ғылымының болашағына жетекшілік етіп келеді. Ол Оксфорд университеті Сократ номинациясы бойынша «Әлемдік ғылымға қосқан үлесі үшін» белгісімен марапатталған.
Иә, шегі жоқ жұмбақ жаратылыстың саңылауынан сыр түюде телегей-теңіз біліммен қатар сергек сезімталдық, ғылымға деген терең сүйіспеншілік қажет. Осы қасиет – қайнардан қуат алған қаһарман азаматты жетпістің екеуіне келді деуге қимайсыз. Жақсы адамның жүрегі қартаймайды. Елім, жерім деп соққан абзал азаматтың тұла бойынан ескен шабыт шалқарынан біз осыны ұқтық.

Баян ҮСЕЙІНОВА.

25 желтоқсан 2018 ж. 1 160 0