№7 (8921) 27

27 қаңтар 2026 ж.

№6 (8920) 24

24 қаңтар 2026 ж.

№5 (8919) 21

21 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Дәрі ме, дәрумен бе? «БАД»-тың беймәлім қыры

Дәрі ме, дәрумен бе? «БАД»-тың беймәлім қыры


Қазіргі қоғамда денсаулыққа қатысты тақырыптардың маңызы күн өткен сайын артып келеді. Соңғы жылдары халық арасында «БАД» деп аталатын биологиялық белсенді қоспаларға деген қызығушылық ерекше. Бірі оны денсаулықты нығайтудың тиімді жолы деп қабылдаса, енді бірі пайдасынан зияны көп екенін айтып, үзілді-кесілді қарсы. Ал үшінші бір топ бұл қоспалардың адам ағзасына ешқандай әсері жоқ деп есептейді. Осындай қарама-қайшы пікірлердің қалыптасуы биологиялық белсенді қоспалар туралы нақты әрі ғылыми негізделген ақпараттың жеткіліксіздігін көрсетсе керек.


Бүгінде әлеуметтік желілер мен түрлі жарнама құралдарында «барлық ауруға ем», «ағзаны толық тазартады», «жасартады», «артық салмақтан арылтады» деген уәделермен ұсынылатын биологиялық белсенді қоспалар өте көп. Мұндай жарнамаларға сеніп, дәрігерге қаралмай-ақ «БАД» қабылдайтындар да аз емес. Осы орайда «БАД» деген не, оны не үшін ішеді, пайдасы мен зияны қандай, дәрігерлер не дейді?» деген сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Биологиялық қоспалар қалай пайда болды?

Биологиялық белсенді қоспалардың тарихы жаңа құбылыс емес. Алғаш рет ХХ ғасырдың ортасында дамыған елдерде тағам рационын байыту мақсатын­да витаминдер мен минералдар қосылған өнімдер қолданыла бастады. Уақыт өте келе бұл бағыт жеке индустрияға айналып, фармацевтика нарығында өзіндік орнын тапты.
Әлем бойынша фарминдустрия мен желілік маркетингтің қарқынды дамуы көптеген мемлекеттерде, соның ішінде Қазақстанда да «БАД»-тың кеңінен таралуына ықпал етті. Соңғы 20-25 жыл ішінде елімізде биологиялық белсенді қоспаларды тұрақты тұтынатын адамдар саны айтарлықтай артты. Бірі денсаулығын жақсарту үшін, енді бірі аурудың алдын алу мақсатында, ал үшіншісі салмақ тастау немесе иммунитетті көте­ру үшін ішеді. Алайда бұл қоспаларды тұтынудың артында бір ғана себеп жоқ. Мамандардың айтуын­ша, урбанизация, экологияның нашарлауы, дұрыс тамақтанбау, күйзеліс пен қозғалыстың азаюы адам ағзасында түрлі витаминдер мен микроэлементтердің тапшылығын тудырды. Ал адамдар бұл олқылықтың орнын тез әрі оңай жолмен толтыруды көздеп, биологиялық белсенді қоспаларға жүгінеді.

«БАД» – дәрі ме, әлде тағам ба?

Жалпы биологиялық белсенді қоспалар макро жә­не микроэлементтерден, витаминдерден, аминқыш­қ­ылдары мен майлы қышқылдардан, антиоксидант­тар­дан тұрады. Олар өсімдіктерден, жануарлардан неме­се минералдардан өндіріледі. Сыртқы пішіні дәрілік препараттарға ұқсас болғанымен, «БАД» дәрі-дәрмек қатарына жатпайды.
ҚР-ның «Дәрілік заттар туралы» заңында био­логиялық белсенді қоспаларға нақты анықтама беріл­ген. Онда «БАД» – фармакологиялық белсенділікке ие, бірақ дәрілік зат болып саналмайтын, аурудың алдын алу немесе ағзаның жалпы жағдайын жақсарту мақсатында қолданылатын өнім ретінде көрсетілген. Демек, «БАД» дәрі мен тағамның арасындағы аралық өнім деуге болады. Ол нақты ауруды емдеуге арналмағанымен, ағзаға әсер етеді. Сондықтан оны бей-берекет, бақылаусыз қабылдау денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін.

Халық неге «БАД»-қа әуес?

Сауалнама жүргізген мамандардың айтуынша, адамдардың биологиялық белсенді қоспаларға жүгінуінің бірнеше себебі бар. Біріншіден, уақыт тапшылығы. Көпшілік дұрыс әрі құнарлы тамақтану­ға көңіл бөле бермейді. Екіншіден, жарнаманың ықпалы. Әлеуметтік желілерде блогерлер мен желілік маркетинг өкілдері «БАД»-ты барынша мақтап, оны «денсаулықтың кілті» ретінде көрсетеді. Үшінші­ден, дәрігерге қаралуға құлықсыздық. Кей адамдар ауруының себебін анықтаудың орнына, дайын шешім іздейді.
Сонымен қатар қоғамда «табиғи өнім – зиянсыз» деген қате түсінік қалыптасқан. Көпшілік шөптен жасалған қоспалар ағзаға зиян келтірмейді деп ойлайды. Алайда мамандар мұның да жаңсақ пікір екенін айтады.

Дәрігерлер не дейді?

Осы мәселе төңірегінде аудандық емхананың бірнеше білікті дәрігерімен тілдесіп, олардың пікірін тыңдадық. Ақхалаттылардың барлығы дерлік био­логиялық белсенді қоспаларды дәрігердің рұқсатынсыз қабылдауға болмайтынын алға тартты.
– «БАД»-қа қатысты көтеріп отырған тақырып өте өзекті. Қазір тұрғындар арасында түрлі ком­паниялардың биологиялық белсенді қоспаларын ішетіндер де, оны жарнамалайтындар да көп. Кей адамдар таныстарының «басымның ауырғаны қойды», «жарам жазылды» деген сөздеріне сеніп, соны алып ішеді. Алайда әр адамның ағзасы әртүрлі. Бір адамға пайдалы болған зат екінші адамға зиян келтіруі мүмкін. «БАД» дәрі болмаса да, оның ағзаға кері әсер ету қаупі бар. Сондықтан алдымен тексеруден өтіп, қан талдауын тапсырып, қандай дәрумен жетіспейтінін анықтап алған жөн, – дейді аудандық көпбейінді орталық ауруханасының жалпы тәжірибелік дәрігері Нарқыз Айдарқызы.
Дәрігердің айтуынша, ағзаға қажетті макро және микроэлементтер тағам арқылы жеткілікті мөлшерде түспеген жағдайда ғана, дәрігердің кеңесімен тағайындалған биологиялық белсенді қоспалар көмекші құрал ретінде қолданылуы мүмкін.
Жалпы тәжірибелік дәрігер Гүлжазира Суханованың айтуынша, биологиялық белсенді қоспаларды бақылаусыз қабылдау ауыр салдарға әкелуі мүмкін.
– Кейбір белсенді қоспалардың құрамында антибиотиктер, гормондар немесе ауыр металл тұздары кездеседі. Әсіресе созылмалы ауруы бар адамдар үшін бұл өте қауіпті. Мысалы, құрамында өт айдайтын шөптері бар қоспалар өттегі тасты қозғап жіберуі мүмкін. Ал құрамында кәріс женьшені бар «БАД»-ты қан қысымы жоғары адамдарға мүлде қолдануға болмайды. Сондықтан «табиғи» деген сөзге алданып қалмау керек, – дейді дәрігер.
Айта кетейік, мамандар биологиялық белсенді қоспаларды сатып алмас бұрын оның ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы уәкілетті органдарда тіркелген-тіркелмегенін тексеруге кеңес береді. Себебі тіркеуден өтпеген өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бере алмайды.

Дұрыс тамақтану – басты фактор

Мамандар соңғы 20-30 жылда семіздік, жүрек-қан тамыр аурулары, қант диабеті, аллергия мен қатерлі ісіктің көбеюін ең алдымен дұрыс тамақтанбаумен байланыстырады. Қазіргі адамның күнделікті ас мәзірі ағзаға қажетті барлық нутриенттерді толық қамтамасыз ете алмай отыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәліметіне сүйенсек, бір адамның күнделікті рационында жеміс-жидек пен көкөніс мөлшері кемінде 400 грамм болуы тиіс. Бұл көрсеткіш орындалмаған жағдайда ағзада витаминдер мен минералдардың тапшылығы туындайды. Ал Гарвард университеті ғалымдары ұсынған «Салауатты тәрелке» қағидасына сәйкес, күнделікті ас мәзірінің жартысы көкөністер мен жемістерден тұруы қажет. Алайда қазіргі қоғамда бұл талапты сақтайтындар аз.
Қорыта айтқанда, биологиялық белсенді қоспалар – дәрі емес, тек қосымша құрал. Ол дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салтының орнын алмастыра алмайды. Денсаулықты нығайтудың ең тиімді жолы – теңгерімді тамақтану, қозғалыс, зиянды әдеттерден бас тарту және уақытылы медициналық тексеруден өту. Ал «БАД» тек нақты көрсеткіш бойынша, дәрігердің кеңесімен ғана қабылдануы тиіс. Әйтпесе бабымды келтіремін деп жүріп, бақытсыздыққа тап болуыңыз әбден мүмкін.

Айсұлу Алданазар
27 қаңтар 2026 ж. 72 0