№3 (8917) 13

13 қаңтар 2026 ж.

№2 (8916) 10

10 қаңтар 2026 ж.

№1 (8915) 6

06 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Аграрлы сала – экономиканың өзегі

Аграрлы сала – экономиканың өзегі


«Енді басқа бағыттардағы жұмысты күшейту қажет. Ең алдымен, мал шаруашылығын дамыту керек. 2035 жылға қарай әлемде мал етін тұтыну көлемі 233 миллион тоннаға дейін өседі. Соған сәйкес, оның импорты 27 миллион тоннаға дейін артады. Қазақстанның, сыртқа, әсіресе Азия елдеріне ет шығаратын ірі экспорттаушыға айналатын мүмкіндігі бар...»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Түркістан» газетіне берген сұхбатынан


Елдің басты экономикалық драйверінің бірі – ауыл шаруашылығының оның ішінде агроөнеркәсіптік кешеннің дамуы екені даусыз. Өйткені, өнеркәсіптік индустрияны қаншалықты дамытқанмен, аграрлық сала экономиканың негізгі қозғаушы күші болып қала бермек. Мемлекет басшысы айтқандай былтыр астық өндіруде рекордтық өнім жинаған Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің дамуында да соңғы он жылда болмаған көрсеткіштерге қол жеткізгенін атап өткен жөн.
Қазір дамыған елдердің басым көбінің экономикасында мұнай мен өндірістен кейін ауылшаруашылығы саласы негізгі күшке ие. Тіпті кейбірінің әлеуеті осы салаға тәуелді. Қытай, Үндістан, Израиль, Ирак сынды алпауыт мемлекеттерде егін саласы өте қатты дамыған. Ет пен сүт бағытындағы Аустралияның да экспорты әлемдік нарықта көш ілгері. Біздің елдің де бұл саланы дамытуға әлеуеті жетеді. Бір жағынан климаттық жағдай оң әсерін берсе, екінші жағынан бұл шаруашылық біздің қанға сіңген қасиет деуге келеді. Үшінші жағынан Үкімет те аз қолдау білідіріп жатқан жоқ. Мәселен, шаруаларға 2024 жылы 580 миллиард теңге, былтыр 1 триллион теңге жеңілдетілген несие берілді. Бұл – өте қомақты қаржы. Алайда, Президент соңғы он жылда шаруаларға көрсетілген қолдаудың көлемі 10 есе артқанымен оның тиімділігіне күмәнмен қарады. Өйткені, 2015-2024 жылдары ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 2,5 еседен астам өскен.
Биыл да бұл салаға берілетін субсидия, жеңілдетілген несие мен қайтарымсыз қаржылардың көлемі артпаса кемімейді. Тек аяқ судың ғана мәселесі сауал турдыруы мүмкін. Бұл енді жаһандық талқылауға ұласқан үлкен түйіткіл болды. Қалай айтсақ та, бұл саланың дамуына барлық мүмкіндіктер қарастырылуда. Тек шикізат немесе ет бағытында ғана емес, енді өнім өндіру ісі қайта түлей бастады. Мал шаруасына дем берген қожалықтар енді сүт пен еттен түрлі тағамдарды дайындап, шағын кәсіпке айналдыруға бағыт алды. Біздің ауданда да сүт бағытында ірі жоба жүзеге асудың сәл алдында тұр. Инвесторлардың қаржы құюымен биыл іргетасы қаланатын жобаның мақсаты ірі қара малының сүт бағыты болмақ. Енді қысқаша аудандағы ахуалға тоқтала кетсек. Жалпы бізде 400-ден аса шаруашылық осы саладан нәпақа тауып отыр.
Жалпы Сыр өңіріндегі төрт түліктің үштен бірі біздің ауданға тиесілі екені белгілі. Әсіресе, уақ малдың басы өзгелерден екі есе көп десек болады.
– Жаңақорған ауданы бойынша 2025-2026 жылдың қысына түсетін ауыл шаруашылығы жануарларына 185,8 мың тонна шөп дайындау жоспар бекітіліп 186 мың тонна шөп дайындалып, 100,1 пайызға орындалды. 37,5 мың тонна жем жинау жоспар­дың 38 мың тоннасы дайындалып 101,3 пайызға жеттік. Сонымен қатар 37,6 мың тонна сабанның 38,3 мың тоннасы дайындалып, жоспар 101,9 пайызға толық орындалады. Биылғы жылы да межелі жоспарымыз бар, ең бастысы, тұтынушыларымыз бар. Көр­ші аудандарға, оның ішінде, оңтүстік өңірлерге экспорт жасап, өзіміздің сұранысымызды арттыдық, – деді ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев.
Енді егін шаруашылығындағы тех­никаға тоқталсақ. «Ағымдағы жылдың күзгі дала жұмыстарына 182 дана трактор, 38 дана комбайн, 28 дана жатка, 21 дана жүк көлігі, 37 дана тіркемелері қатыстырылуда. Бүгінгі күнге егін жинау науқаны бойынша шаруашылықтар тарапынан мәселе туындаған жоқ. 2025 жылғы күзгі егін жинау жұмыстары үшін қажетті 1 131 тонна арзандатылған дизель отыны­на тапсырыс берілді. Бүгінгі таңда операторларға күзгі егін жинау науқаны үшін жеткізілген 920 тоннаның 915,6 тоннасы шаруашылық құрылымдарына таратылып 99,5 пайызға орындалды» деді бөлім басшысы.
Жалпы бізде ұсақ шаруашы­лықтардың тізімі көп. Олар бірігіп, кооператив құруы тиіс екені жиі ескертіледі. Бұл жөнінде Президент те айтқан болатын.
– Дамыған елдердегі кооперация жақсы қырынан көрінді. Тіпті, ірі корпорация деңгейіне жеткен бірлес­тіктер бар. Қазақстанның барлық ауылында табысты кооперация құруға негіз болатын алғышарттар жеткілікті. Шаруалар жазда малын бағып, сүт, ет, тері, жүн жинап, оны өңдеу үшін күш біріктіре алады. Солай етуге тиіс те. Күнкөрістен өсіп-өркендеуге бастайтын жол – осы. Кооперацияны бірлік пен жасампаздық идеологиясы деп те қарастырған дұрыс. Бірақ, кооперация өзінен өзі пайда бола салмайды. Ел ішінде егжей-тегжейлі түсіндіру және ұйымдастыру жұмыстарын қолға алу қажет. Алайда, бірлестік құру ісін науқанға айналдырып, жұртқа қысым көрсетуге, оларды мәжбүрлеуге жол берілмейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қысқаша айтқанда, экономиканың өзегіне айналған ауыл шаруашылығы саласына биыл да үлкен мүмкіндіктер қарастырылуда. Тек соны дұрыс, тиімді пайдалана алсақ болғаны. Сонда ғана ішкі нарықты реттеп, бір жүйеге түсіруге және экспорт көлемін кеңейтуге болады.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
13 қаңтар 2026 ж. 63 0