Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Еңбектің еленгені – ерге бақыт

Еңбектің еленгені – ерге бақыт


Сәрсенбінің сәтінде Сыр елінің ардақты азаматы, бүкіл өнегелі өмірін туған жердің өркендеуіне арнаған өз саласының білікті маманы, бүгінде Жаңақорған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Исабекұлының 75 жасқа толуына арналған салтанатты шара аудан әкімдігінің мәжіліс залында кең ауқымда атап өтілді. Ел ағасына құрмет ретінде мерекелік жиынның тізгінін өзі қолға алған аудан әкімі Мажит Самитұлы алдымен мерейтой иесіне облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының құттықтауын жеткізді. Облыстың ең жоғары марапаты – Құрмет грамотасын табыс етті. Одан әрі өз атынан Құрмет грамотасымен марапаттап, ақсақалдың иығына шапан жауып, арнайы сый-құрметін көрсетті.


Мажит Самитұлы келесі кезекте Өмірсерік Исабекұлына арнайы Құттықтау хаттарын жолдаған ҚР Парламент Сенатының депутаттары Руслан Рүстемовтің, Наурызбай Байқадамов­тың, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетовтің Құттықтау хаттарын оқып берді. Ардақты азаматтың қуанышын бөліспекке арнайы келіп отырған қоғам қайраткерлері, еңбек майталмандары, облыстық мәслихат депутаттарының қатарында мінбеге көтеріліп, жүрекжарды лебіздерімен бөліскен Еламанов Бекмырза Қайыпұлы, Ибрагим Әбибуллаев, Қалқазбек Әжібеков, Әнуар Қалтаев, Бақыт Нұртазаев, Салхаддин Мырзабек­ұлы, Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев және облыс­тық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаевтар өз сөздерінде қым-қуыт қоғам өмірімен өзектесе өрілген өткен күн естеліктеріне де кезек беріп, кемел болмысымен ерекшеленген ел ағасының қадір-қасиеттеріне тоқталып өтуі бұл кісіге туған жұртының да құрметін еселей түскендей.
Құрметті ешкім сатып алмайды, бірақ осындай атаулы күні алқалаған ағайын алдында жүзің жарқын, көңілің тоқ, мерейіңді тасытқан тағдыр сыйына шынайы көз жеткізумен қатар артық-кеміңді електен өткізіп, арғы-бергіңе есеп бергендей ерекше күйді бастан кешеді екенсің. Титтейінен таудай талапқа ұмтылған мақсаткерлігімен өмір мәнін тапқан Өмірсерік Исабекұлының бұл жағынан келгенде өз-өзіне еш өкпесі жоқ екен.
Әкесі Исабек майдан даласынан жарымжан болып оралса да шаруадан қалмаған, атбегілік өнерімен айналасына беделін асырған жан еді. Кіндігінен өрген бес перзентіне де оқуды өсиет етті. Екі ұлының бірі - Өмірсерігі туған ауылы Төменарықтағы №53 А.Д.Романов атындағы орта мектебінде оқып білім алды. Әке үмітін ақтап, сабақты өте жақсы оқуға тырысқан өреннің әсіресе математикаға құштарлығы терең болыпты. Әкесі жарықтық «Білім-ғылымға ынтық болып, білмекке ұмтылудың өзі бір дәулет» деп отырады екен. Осы бір ауыз сөздің өзі жүрекке сәуле дарытып, сан сынақта қайратын жанып, қабілетін танып, ақыры жарыққа алып шығыпты. Соның дәлелі, мектепті бітіре сала 1967 жылы Алматы қаласындағы ауылшаруашылық институтына оқуға түсіп, оны ғалым-агроном-экономист мамандығы бойынша үздік бітіріп шығады. Жас маман 1972 жылы Қожакент ауылында экономист, одан әрі бас экономист болып қызмет атқарады.
Щаруашылықтың тиімділігін арттырып, өнім өндіру көлемін интенсивтендіруде жаңаша технологияның маңызы зор. Бұл бағытта ол агрономия саласы бойынша алған теориялық білімін практикамен ұштастырып, облыста алғаш рет шаруашылықты арендалық тәртіпке көшіріп, бригадалық келісімшарт негізінде жүргізуді қолға алудың нәтижесінде мол өнімге негіз қалады.
Жас маманның істің көзін білетін біліктілігі ескеріліп, аудандық ауылшаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары қызметіне тағайындалуы табиғатынан еңбекқор азаматтың алдағы уақытта аудан агроөнеркәсібінің қос қанаты – егін мен мал шаруашылығының аяқтан тең тұруына табанды үлес қосуына жағдай туғызды.
Сексенінші жылдардан бастап ауданда шаруашылықты ұйымдастырудың арендалық тәртіпке негізделген іс-тәжірибесінің ендірілуі нәтижесінде Жаңақорған ауданы ауылшаруашылық өнімін өндіру көрсеткіштері бойынша облыста үнемі бірінші орыннан көрінгенін бүгінгі жиында сөз алған әріптестері өз естеліктерінде айтты.
Өмірсерік Исабекұлы 1990 жылы «Красная звезда» совхозының директорлығына тағайындалады. Бұл кезең кеңес өкіметінің іргесі сетінеп, шаруашылықтардың қожырай бастаған кезі болатын. Міне, осындау ауыр шақта бар қажыр-қайратын жұмсап, қолдағы барды ұқсатудың әдіс-амалын қарастырып, ауыл халқын тығырықтан аман алып шығуға тер төкті. Осындай еңбектері ескеріліп, 1992 жылы салалық министрліктің Алғыс хатымен, 1993 жылы Елбасы Н. Назарбаевтың Құрмет грамотасымен марапатталды.
1994 жылы Жаңақорған ауданы әкімі орынбасары әрі аудандық қаржы бөлімінің бастығы, 1995 жылы аудан әкімі бірінші орынбасары, 1997 жылдан 2014 жылға дейін он сегіз жыл аудандық қаржы бөлімінің басшысы қызметін атқарды. Зейнетке шыққан соң да аудан әкімінің кеңесшісі, аудандық қаржы бөлімінің сарапшы-аналитик маманы ретінде аудан әлеуеті мен экономикасының артуына өзіндік қолтаңбасын қалдырды.
Жары Құндыз Молдашқызы қазақ тілі әдебиеті пәнінің оқытушысы ретінде қырық жыл ұстаздық етіп, 2011 жылы зейнетке шықты.
Өмірсерік Тақырбасов аудандық қаржы бөлімін басқарған кезде ауыл шаруашылығы экономикасын жақсы білетін маман екендігімен танылды. Ол кезде жұмыс қазіргіден көп күрделі. Денсаулық сақтау бөлімі, ауылдық ауруханалар жергілікті жерден қаржыландырылады. Сондықтан ауылдық кеңестердің бюджетінің орындалуын үнемі бақылауда ұстаумен қатар айлық-жалақыдан қарыз болмас үшін салық мекемесін де қадағалап отыруға тура келетін. Ол саланы басқарған жылдары облыс көлемінде көш бастап қаржылық есептеу орталығын құру бастамасы қолға алынды. Бұл тәртіп жергілікті жерде қаржыны тиімді басқару жүйесін орнықтырды. Бюджеттің әрбір тиыны қандай мақсатта, қайда жұмсалатынының есебін бір орталықтан басқару темірдей тәртіпке жол ашты. Кейінгі кездері «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарсаның» кебімен өз білгендерінше амал-әрекет етіп, мемлекет қазынасын жеке мақсатқа пайдалануды көздеп жаңылыс басқандардың жаза арқалаған жағдайлары жанымызға батып жүргені жасырын емес. Өрелі байламымен осындай кемшліктердің алдын ала білген талабының арқасында Өмекеңдердің кезінде мемлекеттік басқару және қаржы саласында істі болып айып арқалаған жағдайлар кездеспегені осындай талаптың арқасы. Сондықтан бұл ағамызды ауыл шаруашылығын жаңғыртқан мердігер болумен қатар қаржы саласында әділет пен тәртіп орнатқан реформатор болды демеске әддіңіз жоқ. Бұл жөнінде сол кездері ауданды басқарған, бүгін осы салтанатты жиынға арнайы келіп отырған азаматтар дерек- дәйектермен егжей-тегжейлі әңгімелеп берді.
Өмірсерік Исабекұлы 2018 жылдан бастап аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде үлкен жауапкершілікпен қызмет атқарып, ұйым жұмысын жандандырып, ел ішіндегі бірлік пен ынтымақтың тереңдеуіне зор үлесін қосып келеді. Ауданда өтіп жатқан қандай бір шаралардың басы-қасында түрлі сала ардагерлерімен бірге өзі жүріп, халықтың рухани тынысынан бір сәтте тыс қалып көрген емес. Жас толқын қашанда үлкеннің ақыл-өсиетін, бағыт-бағдарын, жөн-жобасын қажет етіп тұратыны - өмірдің заңдылығы. Осындайда Өмірсерік аға сынды жаны жайдары, жатты да жатсынбайтын, жас демей, кәрі демей, білгенімен бөлісіп, айналасына жақсылық шарапатын төгіп жүретін жандардың бар екені көңілге сүйеніш.
Салтанатты кеште облыстық ардагерлер кеңесі төрағасы Серік Әбішұлының әріптес-замандасының кеудесіне «Қызылорда облысының Құрметті ардагері» төсбелгісін тағуы осындай еңбектің өтеуін танытса керек.
Жаңақорған аудандық ардагерлер кеңесі жанында 2018 жылдан бері «Ардагерлер мерейі» газеті тұрақты шығып келеді. Газет жұмысын үйлестіріп, онда ардагерлер өмірінің шежіресін түзуді мақсат еткен ұйым жетекшісінің бұл да бір жарқын талабы.
Иә, әрбір талапты істің шарты бар. Білгеніңді берік ұстап, біліміңді арттырып, оны үнемі өзгемен бөліскен сайын оның сауабы арта түседі. Ал осы дағдының әманда салтанат құруы терең ақыл мен мінездің кеңдігіне байланысты екен. Осы қағиданы берік ұстайтын ел ағасы соңғы кездері ұлы Абайдан арна тартқан ұлылықтың дәнінен қуат алып қана қоймай, тіпті оны көңіліне таяныш етуді дағды қылғанын айтып қалды. Абайдың 27 – қарасөзінде: «Ғылым мен ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын. Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең мінездің беріктігі бұзылады. Қылам дегеніңде қыларлық, тұрам дегеніңде тұрарлық мінезге азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігің, қайратың бар болсын. Бұл беріктік бір ақыл, ар үшін болсын» деген өсиетін өзіне нақ бір бағдаршам сынды есептейтінін айтты.
Осы күні жетпіс бес жасын дүркіретіп тойлаудан гөрі аманат жүгін сүйегінен өткізген, өзін осы дәрежеге жеткізген ата-анасын еске алып ас беруді ұйғарған ел ағасы дүйім жұртқа ақ дастарханын жаюды ниет етіпті. Өзі де он баланы өсіріп-жетілдіріп, немере сүйген ақсақал деңгейіне жеткен ағаның перзенттік парызын әлі де ұлық тұтқан пейілі көңіліне қанат бітіргендей, көп-көп жеңілдеп, жаны жасарып қалғандай сезінді өзін. Ақиқатында ата-анаға құрмет қылғанға қуаныш көп.

Баян ҮСЕЙІНОВА
24 тамыз 2025 ж. 1 150 0