Орман – байлығымыз, оны қорғау – ортақ міндет

Жасыл желекке қамқор болу, орманды алқаптар мен «Қызыл кітапқа» енген жан-жануарларды қорғау – табиғатты сақтаудың басты шарты. Осы ретте өңіріміздегі орман шаруашылығының жай-күйі, проблемалары мен жоспарлары туралы білу үшін аудандық «Орман және жануарлар дүниесін қорғау» мекемесі басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Абдусаметовпен сұхбаттасқан едік.
– Орман – табиғаттың тынысы дейміз. Жалпы, аудан көлемінде орман қоры қанша гектарды құрайды?
– Жалпы аудан шекарасына тиесілі орман қоры 791 557 га жерді құрайды. Оның ішінде орманды жерлер 691 639 га, ормансыз жерлер 98661 га. Орманмен қамтылған алқабы 692896 га. Мемлекеттік орман қоры жерлері бірнеше қорғаныштық санаттарға бөлінеді. Мысалы, өзен, көл, т.б. су айдындары қорғаныштық ормандар – 24 481 га болса, теміржолдар, автожолдар қорғаныштық ормандар – 1681 га. Ал, топырақ қорғаныштық алқаптағы ормандар – 765 395 га жерді қамтиды.
– Қазіргі таңда орманды қорғау және молайту бағытында қандай шаралар жүргізілуде?
– Биыл ормандарды күзету және қорғау бағытында бірқатар ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Қазіргі таңда мекемемізде 46 орман күтушісі мен 11 орман шебері қызмет атқаруда. Барлық орманшыларға тиісті жер учаскелері заңды түрде бекітіліп берілген. Бұл – орманды жүйелі қорғап, күтім жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қоса, аудан көлеміндегі шаруашылық аумақтар мен мемлекеттік орман алқаптарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән берілуде. Осы мақсатта арнайы іс-шаралар жоспары әзірленіп, жүйелі жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, 26 ауылдық округ пен елді мекенге орман өрттерінің алдын алу бағытында ескертпе хаттар таратылып, тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Әсіресе, тоғайлы, өртке бейім аумақтарды сақтап қалу басты назарда. Сонымен қатар, көгалдандыру мен жасыл желекті молайту бағытында да нақты шаралар қолға алынған. Бұл жұмыстар жыл сайын жоспарлы түрде жалғасып, табиғат байлығын сақтау ісіне өз септігін тигізіп келеді.
– Жаз айларында орман өртінің алдын алу үшін нақты қандай іс-шаралар қолға алынады?
– Қазіргі таңда орман және дала өрттерінің алдын алу мен оларды сөндіру бағытында арнайы дайындықтан өткен мамандар жұмылдырылып, қажетті техника мен құрал-жабдықтар толықтай қамтамасыз етілген. Мекемеде барлығы 10 өрт сөндіруші қызмет атқарады. Оның ішінде – 2 аға өрт сөндіруші, 6 өрт сөндіруші-жауынгер және 2 өрт көлігінің жүргізушісі бар. Барлық қызметкерлер арнайы қорғаныш киімдермен, өрт сөндіруге арналған құралдармен толық жабдықталған. Байланыс құралдары ретінде телефон және радиобайланыс жүйелері орнатылған. Сондай-ақ орман және дала өрттерін сөндіруге арналған техника паркі де сақадай сай. Мәселен, қазіргі таңда мекемеде «Урал» маркалы арнайы өрт сөндіру автокөлігі, ГАЗ-3308 өрт сөндіру автокөлігі, ЗИЛ-4333 көлігі, Lutong-24044 тракторы бар.
Сонымен қатар, өрт қаупі жоғары маусымда орман қоры жерінде арнайы жоспарға сәйкес қауіпсіздік белдеулерін құру мен күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде. Нақтырақ тоқталсақ, 114 шақырым минералды белдеу жаңадан жасалып, 228 шақырым минералды белдеу күтімнен өткізілуде. Өрт маусымында тосын жағдайлардың алдын алу үшін жанар-жағармайдың арнайы қоры жасақталған. Атап айтқанда, резервтік қорда 1,5 тонна дизель отыны, 1 тонна бензин қарастырылған. Бұл жұмыстардың барлығы орманды өрттен қорғау және жедел әрекет етуге бағытталған.
– Заңсыз аңшылық пен ағаш кесу фактілері жиі кездесе ме? Осындай жағдайда қандай шаралар қолданылады?
– 2025 жылы орман шаруашылығы мекемесі тарапынан заңсыз аңшылықпен күрес, браконьерлік әрекеттердің алдын алу бағытында бірқатар іс-шаралар атқарылды. Атап айтқанда, жыл бойына 33 рет рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, нәтижесінде 5 құқықбұзушылық дерегі анықталды. Анықталған құқықбұзушылық жағдай бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 382-бабының 1-бөлігіне (аң аулау қағидаларын бұзу) сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылып, тиісті шаралар қолданылды. Мысалы, жыл басында аң аулау ережесін бұзған 1 азамат анықталып, ҚР ӘҚБтК-нің 382-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, заңсыз олжаланған 1 дана қырғауыл өзінде қалдырылды. Ал, азаматқа 9830 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынып, табиғатқа келтірілген залал үшін 29460 теңге өндірілді. Жалпы алғанда, анықталған 5 жағдайдың біреуінде айыппұл мен залал сомасы өндіріліп, қалған төртеуінде олжалаған аң-құсы болмағандықтан ескерту берілді. Бұл жұмыстардың барлығы табиғат заңдылығын сақтау, аң-құстардың санын көбейту және браконьерлік әрекеттердің алдын алуға бағытталған.
– Өзіңізге белгілі, тұрғындар арасында қырғауыл, қоян, кептер сынды аң-құстардың еті емдік мақсатта сұранысқа ие. Осы жануарларды аулауға рұқсат бар ма?
– Рұқсат бар. Бірақ белгілі бір уақыттарда ғана. Біз аң-құс атуға рұқсат берілетін уақытты алдын ала хабарлаймыз. Бірақ аң аулау үшін арнайы аңшы құжаты, сонымен қатар міндетті түрде қаруының құжаты болуы шарт. Одан кейін аң атуға арнайы жолдама алады. Сондай-ақ аң аулау аумағының иесінен рұқсат қағазы болуы міндетті. Егер аң аулауға шыққан азаматтың осы құжаттары болмаса оған әкімшілік айыппұл салынады. Ал, олжасы болмаса ескерту беріледі.
– Біздің ауданда «Қызыл кітапқа» енген, ерекше қорғауды қажет ететін аң-құс түрлері кездесе ме?
– Әрине кездеседі. Құм беткейде сүтқоректіге жататын қарақұйрық бар. Сонымен қатар құмда келес деген бауырмен жорғалаушы кездеседі. Оның түрі кесірткеге ұқсайды. Бірақ өте үлкен болып келеді. Ең кішісінің өзі 1 метрден асады. Ол адамға да, малға да қауіп төндіреді. Өте улы болып келеді. Сонымен қатар тоғайда дуадақ пен елікті кездестіруге болады. Бұлардың барлығы ерекше қорғауды қажет ететін жануарлар тобына жатады.
– Орман қара ағаш егумен сақталады. Бұл бағытта қандай жұмыстар бар?
– Жасыл желекті көбейту орман шаруашылығының басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта жыл сайын көктем және күз мезгілдерінде ағаш отырғызу бойынша дәстүрлі экологиялық акциялар ұйымдастырылады. Акциялар аясында тұрғындар, мектеп оқушылары, еріктілер мен мемлекеттік қызметкерлердің қатысуымен ағаш отырғызу шаралары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мәселен, осы жылдың көктемінде аудан көлеміне мыңға жуық көшет отырғызылса, қалаға 1200 түп көшет жібердік. Оның ішінде сәндік, жеміс ағаштары мен жергілікті жерге бейімделген ағаш түрлері бар. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, әр ауылдық округте арнайы жасыл аймақтар қалыптастыру жоспарланған. Мұндай акциялар тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғатқа деген сүйіспеншілікті арттыруға оң әсер етеді. Бұл шаралар келер ұрпаққа көрікті қоршаған орта қалдыру жолындағы маңызды қадам.
– Орман шаруашылығы саласында қандай өзекті мәселелер бар?
– Біздің орман алқаптарымыз негізінен тоғайлы аймақтарға жатады. Атап айтқанда, жиде, шеңгел, жыңғыл, тораңғыл, сәмбі тал мен сексеуіл секілді талдар басым. Соның ішінде республикалық деңгейде ерекше маңызға ие сексеуіл ормандары дәл біздің өңірде орналасқан. Бұл бір жағынан табиғи байлығымыз, екінші жағынан үлкен жауапкершілік жүктейтін экожүйе. Қазіргі таңда сексеуілдің жай-күйі бізді қатты алаңдатып отыр. Соңғы жылдары сексеуілді кесуге заң жүзінде тыйым салынғаны белгілі. Бұл дұрыс шешім. Сонымен қатар орман ішіндегі қураған, шіріген ағаштардың үлесі артып келеді. Егер бұл ағаштар уақытылы жойылмаса, кеселді жайлар біртіндеп сау ағаштарға тарап, сексеуілдің жаппай жойылуына алып келуі мүмкін. Осы экологиялық қауіптің алдын алу мақсатында қазіргі таңда министрлікке қураған, бүлінген ағаштарды санитарлық кесуге рұқсат беру жөнінде ұсыныс жолдадық. Бұл мәселе жуырда Қызылорда қаласында өткен «Орман форумында» да арнайы көтерілді. Қазіргі уақытта ресми жауапты күтіп отырмыз. Егер рұқсат берілсе, сол жұмыстарға дереу кірісеміз. Себебі бұл тек бүгінгі күннің емес, келешектің табиғи қорын сақтап қалу жолындағы аса маңызды әрі өзекті мәселе болып отыр. Өйткені орман – ұлттық байлық, ал оны қорғау – ортақ міндет.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Айсұлу Алданазар