» » Орман – табиғат байлығы

Орман – табиғат байлығы

Табиғат байлығын талан-таражға түсірмеу әрбір тұрғынның азаматтық парызы. Десе де жыл басынан бері жүргізілген рейд бойынша 30-дан аса заң бұзушылық орын алған. Осы және өзге де мәселелер бойынша «Жаңақорған орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ ағымдағы жылы атқарылған жұмыстары мен алдағы межесі туралы брифинг өткізген болатын.
Жаңақорғанда жалпы орман қоры 791 557 гектарды құрайды. Мемлекеттік орман қоры жерлері қорғаныштық бірнеше санаттарға бөлінеді. Оның ішінде ең ауқымдысы топырақ қорғаныштық алқаптағы ормандар. Оның көлемі – 765 395 га.
– Штаттық кестеге сәйкес мекемеде 76 адам жұмыс атқарады. «Ордакент» уақытша тұқымбағында 8 түрлі жеміс және саялы ағаш көшеттері бар. Ағымдағы жылы 1 га жер дайындалып, 208 дана алма ағашының көшеті отырғызылды. Мектеп бөлімі 0,5 га, сеппе бөлімі 0,3 га жері дайындалып, жиде, терек, тал, үйеңкі, катальпа, қарағаш, акация, сексеуіл тұқымдары себілді. Қазіргі таңға тұқымбақ бөлімінде 265,15  мың дана ағаш көшеті бар, – деді мекеме басшысы Ниязхан Мұханов.
Аудан көлемінде орман қоры жерінде орман өрттерінің аса қауіпті кезеңінде өртке қарсы іс-шаралары бекітіліп, өртке қарсы ерікті топ жасақтары жасақталған. Ауылдық округтер мен елді мекендерге орман өрттерін алдын алу мақсатында ескерту хаттар, үгіт насихат плакат­тары, аншлагтар орнатылған. Аудан көлемінде орман қоры жерінде орман өрттерінің аса қауіпті кезеңінде өртке қарсы жаңадан 114 шақырым минералды белдеулердің және ескі 228 шақырым минералды белдеуді күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде.
2020 жылы орман өрті бойынша 2 жағдай тіркелген. Өрт сөндірушілер мен қызметкерлердің дер кезінде өртті ауыздықтапты. Десе де орман өртінен келер қауіп көп, шығыны да едәуір салмақ түсіреді. Осыны ескерген жөн, табиғат таражға салуға емес, аялауға жаратылған емес пе?
– Мекемеде 33 орманшы, 8 орман шеберлері, 2 орманшылық басшысының орынбасары және 2 орманшылық басшысы қызмет атқарады. 2020 жылы
15 рейд ұйымдастырылып, 30 заң бұзушылық фактілері анықталды. Жалпы аудан көлемінде орман ресурстарын босату және орман өнімдерін пайдаланудан жергілікті бюджетке барлығы 682,9 мың теңге қаржы түсірілді, – деді мекеме басшысы.
Енді көлдерге тоқталсақ. Аудан бойынша жалпы 26 көл бар. Бұл көлдерді табиғат пайдаланушыларға беру үшін ауылшаруашылығы қызмет­керлерімен бірлесіп жұмыстар атқа­рылуда екен. 2020 жылы 8 айға 20 табиғат пайдаланушыға 14 750 келі балық аулауға квотасы алынып, 13 127 келі игерілген.
Мекеме бойынша 2020 жылдың соңына дейін атқарылатын жұмыс­тарымен бөлісті. Орман көлемін арттыруға байланысты орман қоры жеріне 400 гектар жерге орманды табиғи жолмен жәрдемдесуге ықпал ету шараларын жүзеге асы­руды көздейді. 548,2 мың га жерге патологиялық зерттеу жұмыстарымен қоса 80 дана шұңқыр қазу жұмыстарын жүргізу, мекеменің "Ордакент" уақытша тұқымбағына күзгі жоспар бойынша 1,5 га жерге сексеуіл ағашының тұқымын себу жұмыстарын ұйымдастыру.
Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі іс-шараларды іске асыру ең негізгі басымдық. Био­техникалық іс-шаралар жұмыс­тарын жүргізу, орман қоры жерінде және Резервте тұрған аңшылық алқаптар және балық шаруашылығы маңызы бар су айдындарын қорғауды ұйымдастыру және бақылауға алу, мекемеге ақылы қызметтерінен  түсетін қаражат көздерін қарастыру. Ағымдағы жылы өтетін орман орналастыру жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізуді көздейді.

Жасұлан СЕЙДЕМЕТОВ
18 қазан 2020 ж. 1 479 0