№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Жайылма қарбызы шетел асты

Жайылма қарбызы шетел асты

Сыр өңірінің брендіне айналған Жайылма қарбызының алғашқы легі экспортқа шықты. Көшті қарбызды ерте көктемде көшеттеп отырғызған шаруалар бастап, елдің әр өңірі мен көршілес Ресей нарығына өнімдерін жөнелтті. Таудың мөлдір суынан нәр алып, жусанды далада пісіп-жетілген қарбыздарды, облыс тұрғындары ғана емес ресейліктер де асыға күтетіні рас.

Мән-жайды білу үшін егіс даласына жол жүрдік. Жайылманың шұрайлы жері қауын мен қарбыз егуге өте қолайлы, тау суын қанып ішетін өнімнің дәмі де, шығымы да жақсы болары ақиқат. Биыл су тапшылығын сезінбеу үшін керіз жүйесін іске қосқан ауыл халқы егіндігіне аяқ суды уақтылы жеткізе алды.
– Биылғы меже мен жоспар ойдағыдай орындалуда. Шүкір, алғашқы өнім пісіп, нарыққа шықты. Үй жағдайындағы жылыжайға қолдан отырғызу әдісімен көшеттеп егілген қарбызы шілде айының 1-не Ресейдің Саратов облысына экспортталды. Ауыл бойынша 21 гектар көшеттеліп егілді. Елорда мен Көкшетау және өзге де өңірлерге жол тартты. «Жиделі», «Өтеш» және «Дихан баба» шаруалары биыл көшеттеп егіп, экспортқа келісі 97 теңгеден пұлдады. Әзірге 21 гектардан тиесілі өнім алып, межені толық игере алдық, – деді ауыл әкімі Әліби Саттаров.
– Жалпы қарбыз қай науқанда жаппай піседі?
– Бұйырса пленка арқылы егілген дән шілденің 15-ші жұлдызына дейін толық шығады. Биыл ерте пісімге жоспар құрудамыз. Оған су жеткілікті, тыңайтқыштар уақытылы алынуда. Жалпы қарбыз сортына келетін болсақ, биыл да жылдағы америкалық түрін ектік. Келесі апта соңында қарбыз жаппай ел нарығына жол тартады, – деді ауыл әкімі.
Биылғы жылы ауылдық округтер бойынша жалпы 1900 гектарға бақша дақылдары егілді. Оның ішінде, 550 гектары жайылмалық диқандарға тиесілі. 528 гектар қарбыз, 22 гектар қауын дәнін тастапты. «Өтеш», «Жиделі», «Сенім», «Береке.И.О», «Бектас», «Шоқмазар», «Асхат», «Мырзатай», «Аршын», «Дихан баба» және «Қансейт» шаруа қожалығы бақша дақылдарын егумен айналысады.
– Еңбек жерде қалмайды, биыл да жемісті жыл болды. Үш шаруашылық көшеттеп отырғызып, қарбызды жөнелттік. Саратов облысының өзіне 32 тоннадан аса өнім жібере алдық. Шыны керек, біздің өнімге сұраныс өте жоғары. Одан бөлек, Елорда төріне, Қостанай, Көкшетауға да сатуға мүмкіндік болды. Ерте көктемдегі тынымсыз тірлік еңбекті ақтады, – деді «Дихан баба» шаруа қожалығының төрағасы Нұрлыбек Мырзабеков.
Иә, Жайылма қарбызы елдің түкпір-түкпіріндегі нарықты жаулауға қауқарлы. Тіпті көрші өңірдің диқандары ірі мегаполистерге өз өнімдерін «Жайылманың қарбызы» деп сататынын жиі естиміз. Мұның сыры – ауылдағы ағайынның «бір ауыл – бір кәсіп» қағидатына сүйеніп, қарбыз кластерін дамытуға ниет танытып отырғанынан. Ауылда еңбекке жарамдының барлығы егін алқабынан табылады. Таңның атысы, күннің батысы қарбызды егуден бастап, арамшөптен тазалау, суару, күтіп-баптауға мән береді.
Аудан орталығында пұлданып жатқан қарбыз дәмді шығар, бірақ жайылмалық өнімнің дәмі бөлек, бағасы да қолжетімді. Өнімнің дәмді болуының да өзіндік құпиясы бар. Қарбыз егетін жер ауысып отырады. Яғни жылда жусандықты ашып, қорамен қоршалап, су жеткізіп, жерді өңдеп, дақыл дәні жерге тасталады. Ол жерге жусандық қайтадан шығуын күтеді. Бұған 10 жылдай уақыт кетеді. Бұл – өзгермейтін қағида. Себебі жусан жерді минералды қорек заттарымен байытып, тыңайтады. Екіншіден, қарбыз таудың өзенінен келетін таза судан нәр алады.
Биыл жауын-шашын мен қардың аз түсуі Сыр беткейдегі диқандарға ғана емес, тау беткейдегі малшы қауыммен бірге егіншілерге де оңай тимегені анық. Қоймалардағы аз жиналған судың салдарынан көкөніс, бақша дақылдарының көлемі азайып кету қаупі туындаған болатын. Бұл әсіресе тіршілігін егін шаруасымен түзеп келе жатқан елді мекендерге, әсіресе Жайылма ауылының тұрғындарының уайымын қалыңдатты. Бірақ бұл тығырықтан шығудың жолын білетін ауыл еңбеккерлері дәстүрлі ізді қайта жалғап, керіз жүйесін уақыт оздырмай іске қосып, нәтижесінде жақсы өнімге қол жеткізе бастады. Бақша дақылдарынан бөлек, мал азығына да көбірек көңіл бөлуді ниет етіпті. Өйткені, екі мыңға жуық тұрғыны бар жайылмалықтар мал шаруасын дөңгелетіп, нәпақасын төрт түліктен тауып отыр.
Жалпы алғанда әзірге жайылмалық дала еңбеккерлерінің қарекеті осылай өрбуде. Сәуірдегі сәтті тіршілік тамызға дейін толық өнім береді, ырысты арттырып ауылдағы ағайын несібесін Жер-Анадан еселеп алуға ниетті. Көктемнің бір күні – жылға азық. Осы қағиданы ұстанған диқандардың қажырлы қызметі көңіл қуантады. Ең бастысы, адал еңбектің өтеуі бар, бұл шаруаларды ширатып, үлкен дем беретіні анық.
Әли ТЕМІРБЕК
10 шілде 2021 ж. 2 293 0