№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қарбыз нарыққа қашан шығады?

Қарбыз нарыққа қашан шығады?


Көктемнің бір күні – жылға азық. Осы қағиданы ұстанған диқандар дәнді жерге тастауға асық. Кейінгі жылдары жайылмалық шаруалар бақша дақылын нарыққа ерте шығарудың қамына кірісті. Ол үшін қарбызды көшеттеп отырғызудың жолын тапты.

Жайылмалық 11 шаруа қожалық қарбыз егуге маманданған. Жыл сайын экспортқа шығаратын өнім көлемін арттырып, науқандық жұмысты жандандыра түседі. Олар биыл 450 гектар қарбыз егуді жоспарлауда. Мән-жайдың анық-қанығын білу үшін ауыл әкімі Талғат Зейдалиевпен байланыстық.
– Межеміз айқын, жоспарды мамыр айының 1-3 аралығында орындаймыз. Әзірге 225 гектар бақша дақылдарының дәнін тастадық, оның ішінде қарбызға көбірек басымдық бердік. Бірақ биыл елдегі төтенше жағдайға байланысты қарбыз көлемін көбейткен жоқпыз, керісінше картоптың көлемін арттырдық. Осы күнге дейін 15 гектар картоп егіп үлгердік, – дейді әкім.
Ауылда еңбекке жарайтынның барлығы да алқаптан табылады. Таңның атысы, күннің батысы қарбызды егуден бастап, арамшөптен тазалау, суару, содан кейін шірітіп алмай жинап, сатқанға дейін тайлы-тұяғына дейін дамыл таппайды. Анығын айтқанда, көк-тем басталысымен баладан бастап, еңкейген қарияға дейін қарбыз науқанына үлесін қосып, ала-жаздайғы еңбектің сәтті аяқталуына тілекші болады. Шыққан күнмен таласа ауыл сыртындағы алқапқа асығатын елдің жаз бойғы еңбегі де, тіршілігі де осы. Жылдағыдай қарбыздың алғашқы өнімі 25 маусымнан басталады.
– Жылыжайларда көшетпен еккен қарбыз 25 маусым мен 1 шілде аралығында өнім бере бастайды. Ал пленка арқылы егілген дән шілденің 10-шы жұлдызына дейін толық шығады. Биыл ерте пісімге жоспар құрудамыз. Оған су жеткілікті, тыңайтқыштар уақытылы алынуда. Ал қарбыз сортына келетін болсақ, жылдағы америкалық түрін егеміз, – деді ауыл басшысы.
Шыны керек, бренд өнімнің дәмі ерекше, оны Елорда төріндегі тұрғындар мен көрші Ресей тұтынушылары да мойындағаны қашан. Өнімнің дәмді болуының да өзіндік құпиясы бар. Қарбыз егетін жер ауысып отырады. Яғни жылда жусандықты ашып, қорамен қоршалап, су жеткізіп, жерді өңдеп, дақыл дәні жерге тасталады. Ол жерге жусандық қайтадан шығуын күтеді. Бұған 10 жылдай уақыт кетеді. Бұл – өзгермейтін қағида. Себебі жусан жерді минералды қорек заттарымен байытып, тыңайтады. Екіншіден, қарбыз таудың өзенінен келетін таза судан нәр алады.
Осындай озық тәжірибемен бөлісу үшін былтыр жайылмалық диқандар ауылдағы және аудандағы қарбыз егуге ниетті жастарға семинар өткізген болатын. Нәтижесінде практикалық және теориялық түрде жүзеге асқан оқыту-семинары жемісін берді. 15 кәсіпкер 5,5 миллион теңге көлеміндегі грантты жеңіп алып, қарбыз дақылын жылыжайларда көшеттеп егу тәсілі бойынша кәсіпкерлікке бейімделіп, 42 адам шаруа қожалықтарында тұрақты жұмыспен қамтылды. Осыған аздап тоқтала кетейік.
Қарбыз дақылын өсіру және мол өнім алу жобасына қатысып, қайтарымсыз қаржыға қол жеткізген жайылмалықтардан бөлек аудан көлемінде 200-ге тарта жас оқып, өздері жоба дайындапты. Яғни оқыту-семинар тиімділігін көрсетті. Самат Оспанов грант жеңіп алғандардың қатарында.
– Былтыр 1 млн теңге жеңіп алып, Жайылманың шұрайлы жеріне қарбыз егіп, жақсы өнім ала алдым. Биылғы меже егіс көлемін көбейту, ең бастысы күтімі жақсы болса болды, еткен еңбек жерде қалмайды. Бір жағынан жұмыссыз жастардың санын азайтуға септігін тигізеді, – деді Самат кәсіпкер.
Жалпы алғанда әзірге жайылмалық дала еңбеккерлерінің қарекеті осылай өрбуде. Сәуірдегі сәтті тіршілік тамызға дейін толық өнім беріп, ел несібесін Жер-Анадан еселеп алуға ниетті.

Әли ТЕМІРБЕК
28 сәуір 2020 ж. 926 0