№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қарбыз қашан піседі?

Қарбыз қашан піседі?

Мамыр айы дала жұмысының нағыз қызған шағы. Иығынан кетпенін түсірмеген диқандар көктемгі жұмыстарын аяқтап, дән сеуіп, көшет отырғызуды бастап кетті. Әсіресе Сыр елінің брендіне айналған Жайылма қарбызының қарқыны жақсы. Жылдағы межені еңсеру үшін жайылмалық ағайын сәуір айынан бастап қарбыз егуді бастайды. Осындай қарбалас уақытта ауыл тұрғындарының жұмысын көру үшін аудан әкімі Сұлтан Мақашов арнайы елді мекенге ат басын бұрды.
Шыны керек, Жайылма қарбызы елдің әр өңірі мен көршілес Ресей тұрғындарына кеңінен танымал. Сапалы өнімге сұраныс қашанда жоғары. 211 отбасы, екі мыңға жуық тұрғыны бар жайылмалықтар бақша дақылын нарыққа ерте шығарудың қамына кірісті. Ол үшін қарбызды көшеттеп отырғызудың жолын тапты. Аудан басшысы Сұлтан Ысқақұлы шаруақожалықтары иелерімен пікірлесіп, жоспарларын тыңдады.
Ауылда 11 шаруа қожалық қарбыз егуге маманданған. Жыл сайын экспортқа шығаратын өнім көлемін арттырып, науқандық жұмысты жандандыра түседі. Олар биыл 450 гектар қарбыз егуді жоспарлап, іске кірісті. Алдымен ауыл әкімі Талғат Зейдалиев межені нақтылады.
– Межеміз айқын, жоспарды мамыр айының басында аяқтадық. Өзіңіз білетіндей бақша дақылдарының ішінен қарбызға басымдықты көбірек береміз. Бірақ биыл елдегі төтенше жағдайға байланысты қарбыз көлемін көбейткен жоқпыз, керісінше картоптың көлемін арттырдық. Яғни картоптың көлемі 20 гектарға жетті.
– Өнім қанша күнде дайын болады? – деді аудан әкімі.
– Жылыжайларда көшетпен еккен қарбыз 25 маусым мен 1 шілде аралығында өнім бере бастайды. Ал пленка арқылы егілген дән шілденің 10-шы жұлдызына дейін толық шығады. Биыл ерте пісімге жоспар құрудамыз. Оған су жеткілікті, тыңайтқыштар уақытылы алынуда. Жалпы қарбыз сортына келетін болсақ, биыл да жылдағы америкалық түрін ектік, – ауыл әкімі.
Ауылда еңбекке жарайтынның барлығы да алқаптан табылады. Таңның атысы, күннің батысы қарбызды егуден бастап, арамшөптен тазалау, суару, содан кейін шірітіп алмай жинап, сатқанға дейін тайлы-тұяғына дейін дамыл таппайды. Анығын айтқанда, көктем басталысымен баладан бастап, еңкейген қарияға дейін қарбыз науқанына үлесін қосып, ала-жаздайғы еңбектің сәтті аяқталуына тілекші болады. Шыққан күнмен таласа ауыл сыртындағы алқапқа асығатын елдің жаз бойғы еңбегі де, тіршілігі де осы. Жылдағыдай қарбыздың алғашқы өнімі 25 маусымнан басталады.
– Сұлтан Ысқақұлы әрбір отбасына  тиесілі 2 гектар жерден биылда жақсы өнімге қол жеткіземіз деп жоспар құрдық. Биылғы ауа-райының қолайсыздығы ауылдың шаруа адамдарына онша бір әсерін тигізген жоқ, ең бастысы Қарт Қаратаудан аққан судың көлемі жақсы. Бұл Жаратқанның бізге берген ризық-несібесі деп білеміз, – деді «Береке» шаруа қожалығының төрағасы Орынбасар Ибраимов.
Шыны керек, бренд өнімнің дәмі ерекше, оны Елорда төріндегі тұрғындар мен көрші Ресей тұтынушылары да мойындағаны қашан. Өнімнің дәмді болуының да өзіндік құпиясы бар. Қарбыз егетін жер ауысып отырады. Яғни жылда жусандықты ашып, қорамен қоршалап, су жеткізіп, жерді өңдеп, дақыл дәні жерге тасталады. Ол жерге жусандық қайтадан шығуын күтеді. Бұған 10 жылдай уақыт кетеді. Бұл – өзгермейтін қағида. Себебі жусан жерді минералды қорек заттарымен байытып, тыңайтады. Екіншіден, қарбыз таудың өзенінен келетін таза судан нәр алады.
Жалпы алғанда әзірге жайылмалық дала еңбеккерлерінің қарекеті осылай өрбуде. Сәуірдегі сәтті тіршілік тамызға дейін толық өнім беріп, ел несібесін Жер-Анадан еселеп алуға ниетті. Көктемнің бір күні – жылға азық. Осы қағиданы ұстанған диқандардың еңбегіне оң баға берген Сұлтан Мақашов дала еңбеккерлеріне табыс тіледі.
Әлібек ТЕМІРБЕК
19 мамыр 2020 ж. 1 048 0