№41 (8855) 3

02 маусым 2025 ж.

№40 (8854) 31

31 мамыр 2025 ж.

№39 (8853) 27

27 мамыр 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
» » Санасы ояу ұлт – табиғатты аялайтын ұлт

Санасы ояу ұлт – табиғатты аялайтын ұлт


Тазалық тақырыбы - қай қоғамда да өзекті. Бiрақ тазалықты сақтау қағидасы әрқилы. Нақ бүгінгі күндері орта тазалығын сақтау мемлекеттен қаржыландыратын мекемелер мен ұжымдар жауапкершілігіне жүктеліп отыр десек жаңылыспаймыз.


Адам мен табиғат – егіз ұғым. Табиғат – адамзаттың алтын бесігі, өмір сүру ортасы, ал адам – сол ортаның иесі әрі жауапты мүшесі. Бірақ сол жауапкершілікті сезінбеген, санасы төмен қоғам қоршаған ортаға қауіп төндіреді. Санасы лас қоғам – табиғатты да ластайды. Бұл – жай ғана тіркес емес, шынайы өмірде кездесіп жатқан жайттар. Нағыз тазалық – адамның ішкі мәдениетінен, ой-санасынан басталады. Егер адамның дүниетанымы, тәрбиесі, санасы биік болса, ол ешқашан қоқысты бейберекет тастамайды, суды ысырап етпейді, ағашты себепсіз кеспейді. Керісінше, айналасын таза ұстап, табиғатқа жанашырлықпен қарайды.
Жапония елінде сенбілік деген ұғым жоқ. Көшені күн сайын тазалап отырады екен. Өзі отырған жерін, көшесін, ауласын, мекемесінің тазалығын сақтау оның ең бірінші міндеті. Лауазымды қызметке жоғарылау кезінде де ең бірінші оның біліміне тазалығы сай болуын қадағалайды екен. Яғни, өзі таза адамның ісі таза болады деп санайды. Осы қағиданы неге өмірімізге үлгі етпеске? Апта сайын әдеттегідей сенбілікке шығамыз. Әр сенбілікке шыққан сайын көңіл құлазып қайтады. Қолымызға қап алып, көше бойын тазалап келе жатқанда аула сыртына ақтарылған тамақ қалдықтарын, сүйек-саяқты көргенде жаның түршігедi. Бiз кiм болып барамыз? Кенттің санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар аз емес. Көктемде ала жаздай қоқыспен алысып, күзде қайта ластанған кейіпке енетініміз рас. Оның міндеті мен ауыртпалығын тазалық мекемесі мен жауапты қызметкерлерге ысырып тастау қисынға келмейді. Әрине олардың бұл тікелей міндеті шығар, бірақ әрбір тұрғын туған өлкеге жанашырлық танытуы тиіс емес пе? Еш болмаса үй сырты мен аула тазалығына мән берсек, мүмкін болса көшеге де көз тастап қою нағыз азаматтық іс болар еді. Бұл сөзімізді кент әкімі Жасұлан Бейсенбеков те қуаттай түсті:
– Кенттің тазалығын ұдайы қадағалап, тиісті жерлерге жауапты адамдарды белгілеп, тұрғындарды бір кісідей тазалықты сақтауға шақырып келеміз. Кент бойынша барлығы 182 көше бар, онын ішінде күнделікті кестеге сайкес 8 көше күнде тазаланады. Атап айтқанда, Шалкия трассасы, Тәуелсіздік, Хорасан ата, Амангелді Иманов, Алтынсарин, Мұсаханов, Көкенов және Кұрманғазы көшелеріне күнделікті тазалық жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек кент орталығындағы басқа көшелерге кестеге сәйкес акылы қоғамдық негізде жұмыс жасайтын 62 кызметкер, 3 қоқыс жинайтын арнайы техника тазалық жұмыстарына шығады. «Жанақорған қызмет» мекемесі кызметкерлері таңғы 8-ден бастап күнделікті кестеге сай өз жұмыстарын жүргізеді. Өздеріңіз де білесіздер, кент келбеті көркейіп, көшелер кеңейтіліп, орташа жөндеуден өтіп, жарықтануда. Кент тазалығы бірдің емес, көптің ортақ міндеті, – дейді ол.
Кентте жыл сайын тазалық шарасына 64 мекемеден мыңға жуық адам қатысады. Олар кенттің кіреберісінен бастап барлық аумақта тазалық ісін қолға алады. Сөйте тұра, кенттің тазалығы сын көтермейді.
Әлбетте, көше бойында қоқыс жәшіктері орнатылған.Бірақ, қоқыс жәшігі қойылса, ізбе-із сындырып немесе өз аулаларына қойып алатындар да кездеседі. Содан болар, тазаланған аймақ келесі сенбілікке дейін қоқысқа толып, еңбекті еш етеді. Бұған басты себеп халықтың мәдениетінің әлсіздігі. Күнделікті өмірде көшеге қоқыс төгу, қап-қап тұрмыстық қалдықтарды жол бойына үйіп қою белең алды. Бәлкім, тазалыққа мән берілмеуінің бір себебі, көше комитеттерінің белсенділігі төмендігінде болар.
Сана тазармай, дала да тазармайды. Бұл сөз ұдайы айтылып жүрсе де, тұрғындар арасында тазалыққа бетбұрыс байқалмайды. Күл-қоқысты ретсіз тастап, қоршаған ортаны ластау фактілері де жиі тіркеледі. Осыдан қалай арыламыз? Бұл жөнінде «Нұр-Шах» тазалық мекемесінің басшысы Нұрлан Садуақасов:
– Шыны керек, кентте тазалық мәселесі күрделі болып тұр. Осы уақытқа дейін өзiмiзге тиесілі тұрғындармен жүйелі жұмыс жасап жатырмыз. Осы ретте айта кетейін, тұрғындар арасында "тазалықты тек тазалық мекемесiнің қызметшiсi жүргізеді" деген пікір қалыптасқан. Әрбір тұрғын өз көшесінде тазалық күнін біліп сол уақытта қоқысты шығарса, кенттің тазалығы қалыптасар еді, – дейді.
Кенттің келбеті – біздің бет-бейнеміз емес пе? Бұл жөнінде, газетіміздің әрбір нөмірінде жазылып, әлеуметтік желілерде талай мәрте қызу талқыланып жүр. Бірақ, тазалыққа мән беріп жатқанның қарасы аз.
Біз кент тұрғындарының тазалыққа байланысты пікірін білдік. Саяжай аумағының тұрғыны Әлия Ибраева:
– Рас, қай көшеге барсаң да үйіліп жатқан бөтелке, баклашка қалдықтары мен ақтарылып жатқан бала жөргектерін көремін. Жел тұрса ұшып, есігіміздің алдына келеді. Кейде таңертең аулаға шығып қалсаң малдың басы, сирағы сынды заттар шашылып жатады. Қарапайым халыққа айтар едім, жауапты мекемелерден бөлек әрбір үй тұрғыны өздерінің ауласын таза ұстаса, айналасын жиып-теріп отырса, мұндай олқылықтар болмас еді. Мысалы, өзім үйімнің айналасын күнде жинап отырамын. Есігімнің алды тап-таза болып тұрса, маған да жақсы ғой.
Ал, Қадыр Тағаев көшесінің тұрғыны Әбусейіт Ермекбаев:
– Жауапты мекемелер таң атысымен қоқыстарды жинап, үйіміздің алдынан алып кетіп жатыр. Соның өзінде кей көшелерде қоқыстан аяқ алып жүре алмайсың. Орталық көшелерде айнала мұнтаздай тап-таза, шамы жарқырап, әдемі ғимараттар көбейіп келе жатыр. Шеткі көшелер осы жағына келгенде уяттылау. Менің бiр көршім бар. Жас отбасылар кішкентайларының жөргегiн көшеге лақтырады. Оны ит тартқылап, алба-жұлбасын шығарып, желбіреп жатқаны. Еш болмаса, өз үйінен шыққан қоқысқа әркім өзі егелік жасауы керек қой, – дейді.
Жөн-ақ. Тағы бір тұрғын Сәуле Нұрланқызының да өз айтары бар.
– Көше тазалығы туралы айтқанда жол бойындағы арық-тардың ластығы тiлге оралады. Адамнан ұят кеткен заман болды. Тапа-тал түсте қолындағы қоқысын лақтырып, көшені ластап кете баратындар көп. Айналасынан ұялмайды. Бәлкім көшелерге қоқыс тастайтын жәшіктерді көбірек орнатса, қарапайым жұртшылық соған үйренетін шығар, – дейді.
Айта кетейік, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу кәсіпорыны қағаз өнімдері, әйнек сынықтары, бөтелкелер, пластик өнімдер мен ағаш, темір сынықтарын қабылдайды. Керек десеңіз, тамақ қалдықтарының өзінен биогаз өндіретін мемлекеттер де бар. Мәселен, Францияда қоқысты өртейтін кешенді зауыттар қоқысты қайта өңдеу арқылы 30 пайыз аллюминий, 50 пайыз әйнек, 50 пайыз газет қағазын өндіреді екен. Ал, көршілес Қытай елінде бір ғана Шанхай қаласының өзінде мыңдаған қоқыс қабылдау орындарында 2,5 миллионнан астам жұмысшы еңбек етеді. Әлемнің озық елдерінде қоқысты өртеуге қатаң тыйым салынған. Өйткені, тұрмыс қалдықтарынан түрлі улы газдар бөлініп ауаны ластайды.
Яғни, табиғатты ластап жатқан – өзіміз. Бұл тек техникалық немесе өндірістік мәселе емес, ең алдымен рухани дағдарыс. Санасы қалыптаспаған адам тазалықты ұқпайды, ұқпаған соң – құрметтемейді. Мысалы, кейбір дамыған елдерде бала жастан бастап табиғатты аялау, қоқысты сұрыптау, суды үнемдеу секілді экологиялық мәдениетке баулиды. Ол елдерде тазалық – өмір салтына айналған.
Сыртқы орта – адамның ішкі әлемінің көрінісі. Егер қоғам рухани жағынан дамыса, тазалық та, тәртіп те соның артынан келеді. Сондықтан табиғатты сақтау үшін алдымен адамның ойлау жүйесін, тәрбиесін, санасын өзгерту керек. Мектептен бастап экологияны ғана емес, экологиялық мәдениетті, тұлғалық жауапкершілікті қалыптастыру – уақыт талабы.
Сананы түземей, даланы түзете алмаймыз. Әр адам өзінен бастап, өзінің ісіне, сөзіне, қоршаған ортаға деген қарым-қатынасына есеп берсе – үлкен өзгеріс сол жерден басталады. Қоғамның санасы оянған күні табиғат та аман қалады, жер де тазарады, ел де кемелденеді. «Таза табиғат – халық байлығы» деп жатады. Олай болса, қолда бар байлығымызды бағалап, әр адам өз ауласынан бастап тазалыққа жауапкершілікпен қараса нұр үстіне нұр.

Әсел РЗАЕВА
31 мамыр 2025 ж. 103 0