№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Тазалық айлығынан кент тазара ма?

Тазалық айлығынан кент тазара ма?

Көктем туа тазалық айлығы жарияланады. Бұл науқан өткен жылы наурыз-қыркүйек айларында үздіксіз жүргізіліп, әр мекеменің қызметкерлері өздеріне тиісті аумақты ретке келтіруге күш салды. Қарқынды науқаннан соң, кент неге таза қалпында қалмады? Неге көше жағалай қоқыс көп? Осыны халықтың назарына салып, әлеуметтік мәдениетті қалыптастыруға үн қосқымыз келеді.

Жапония елінде сенбілік деген ұғым жоқ екен. Себебі олар әр күн сайын тазалық жүргізеді. Өзі отырған жерін, көшесін, ауласын, мекемесінің тазалығын сақтау оның ең бірінші міндеті. Лауазымды қызметке жоғарылау кезінде де ең бірінші оның біліміне тазалығы сай болуын қадағалайды екен. Яғни, өзі таза адамның ісі таза болады деп санайды. Біз неге осыны өзіміздің өмірімізде үлгі етпеске?
Кентте жыл сайын тазалық шарасына 64 мекемеден мыңға жуық адам қатысады. Олар кенттің кіреберісінен бастап, барлық аумақта тазалық ісін қолға алады. Сөйте тұра, кенттің тазалығы сын көтермейді. «Баяғы жартас, бір жартас». Бұл туралы ел ағасы Жасұзақ Аманбаев: «Жыл сайын тазалық жұмысы атқарылғанымен, кентте тазалық тұрақтанар емес. Темір жол бойына жағалай, қоқыс төгіп кету де тыйылмай тұр. Бұл халықтың тазалыққа немқұрайлы қарайтынын көрсетеді. Жер ластанса, ауа былғанады. Ауа құрамының өзгеруі адам денсаулығына зиян. Қауіпті індет те тазалық сақталмаған жерде күшейетінін ескерген жөн-ақ», – дейді.
Тазалық сенбіліктерін тарқата айтсақ, «Батыс Европа-Батыс Қытай» жолындағы көпірден «Sinоoil» жанармай бекетіне дейінгі аумақ тазалығын аудандағы мекемелер 200 метрден тазалауды мойынына алған. Жолдан қоршауға дейінгі аралық қалдықтардан тазартылып, қоршау ішінің шөбі шабылып, көше жарығының бағаналары мен билборттың тұғырын сырлады. Бұған №163, №110, №125, №51, №56, №169 мектептің техникалық қызметкерлері атсалысты. Сондай-ақ аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің, «Болашақ», «Алпамыс», «Балғын», «Ақбота» балабақшасының, Жаңақорған кенті әкімі аппаратының, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің, аудандық мемлекеттік сатып-алу бө­лі­мінің, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің, жұмыспен қамту орталығының, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің қызметкерлері сенбілікке белсене қатысады.
Сенбілікке көше комитеттері белсенді қа­тысуы маңызды. Үнемі тазалық жаршысы болып, елді ұйымшылдыққа үндейтін Т.Тотаев көшесінің белсендісі Асан Нақышпанов: «Біздің көше жыл сайын «Ең таза көше» марапатын алып келеді. Оған тұрғындардың биік саналылығы мен қоғам алдындағы жауапкершілігі себеп. Көпшіліктің ауызбіршілігі арқасында көшенің екі жағына тал егіп, гүлдендіріп, оны баптауды күнделікті іске айналдырдық», – дейді.
Тағы бір жағымсыз көрініс, тазаланған аймақ келесі сенбілікке дейін қоқысқа толып,еңбекті еш ететіні бар. Бұған халықтың мәдениетінің әлсіздігі басты себеп екені даусыз. Күнделікті өмірде көшеге қоқыс төгу, қап-қаппен тұрмыстық қалдықтарды жол бойына үйіп қою белең алды. Қаңғыбас ит пен мысыққа қорек болған қоқыстан көше бойы қайтадан ластанады. Тіпті, көшеге өлексе қалдықтарын тастайтындар жағамызды ұстатты.
А.Аюпов көшесінің көше комитеті төрағасы Үмбет Әбибуллаев: «Әрбір азамат өз отбасында тазылықты қалыптастырып, оны ұрпаққа насихаттап, өзі үлгі болуы тиіс. Кейінгі ұрпаққа тазалықтың адам өміріндегі мәнін, қоршаған ортаны аялауды үйретсек, кенттің келбеті ажарлана түсері анық», – дейді.
Тазалыққа аса мән берілмеуінің бір себебі, көше комитеттерінің белсенділігі төмендігінде. Кентте 170-тен аса көше болғанымен, 132-сі ғана ресми тіркелген. Осы көшеде 80-ге жуық көше комитеттері нақтыланса, қалғанында енді сайланбақ.
«Тазалық ластамайтын жерде сақталады». Мұны ұдайы айтып жүрсек те, тұрғындар арасында өз аумағындағы тазалықты сақтауға мән бермейтіндер көп. Күл-қоқысты ретсіз тастап, қоршаған ортаны ластау фактілері де жиі тіркеледі. Осыдан қалай арыламыз? Бұл жөнінде «Нұр-Шах» тазалық мекемесінің басшысы Нұрлан Садуақасов:
– Көпшілік арасында «тазалықты тек тазалық мекемесінің қызметшісі жүргізеді» деген жаңсақ пікір бар. Күнделікті тазалық графигімізді жер-жерге іліп, әлеуметтік желіде жарияласақ та көп тұрғын қоқысын көшеге беймезгіл уақытта шығарып, оны ит жыртып төгіп, жартысы желмен ұшып, келеңсіз жайтқа әкеліп соғуда. Сондықтан әрбір тұрғын өз көшесінде тазалық күнін біліп сол уақытта қоқысты шығарса, кенттің тазалығы қа-лыптасар еді, – дейді.
Бір сөзбен айтсақ, кенттің келбеті – халықтың бет-бейнесі. Ар-ожданы биік елдің іргесі кең, жүзі жарық. Мұны қанша айтсақ та, тазалыққа көңіл бөлер тірі жан жоқтай. Меніңше, әлеуметтік мәдениетті әркім өз отбасында қалыптастыра алса, кенттің тазалығы дұрыс қалпына келер еді.

Мақпал МАРҚАБАЙ
02 наурыз 2021 ж. 1 082 0