№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Айналаңды таза ұста

Айналаңды таза ұста

Бүгінгідей жаһандану заманында атмосфераны ластап, тазалығына сына түсіретін технологияның түрі көп. Осы ретте, қоршаған ортаның көзін ашуға қолдан келер көмегіміз айналаны таза ұстап, табиғатты күтіп, көктем айларында көркейту,
көгалдандыру жұмыстарына белсене атсалысу дер едік.

Тазалық саулық – кепілі. Осыны ескерген мемлекет басшысы республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын өткізуді тапсырған еді. Бес аптаға белгіленген акцияның нақты бағыт-бағдарына келсек, «Таза өлке» апталығында тұрғындар мен
қоғам белсенділері, мекеме қызметкерлері өз аумағын артық қоқыстан арылтса, «Киелі мекен» қамқорлық апталығында тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыруға атсалысты. «Жасыл аймақ» апталығында көшет отырғызып, ағаш түптері әктелсе,
«Өнегелі ұрпақ» апталығы еңбек ардагерлері мен қарттардың тұрғын үйлері айналасын тазалауға, абаттандыруға арналады. Акцияның соңғы аптасының «Мөлдір бұлақ» аталу себебі, туған жер тұрғындары өзендер мен көлдерді қоқыстардан тазартып, ортақ меншігімізге жабыла қамқор болуға тиіс. Аталмыш акцияны Жаңақорған жұртшылығы қызу қолдап, тазалық жұмыстары мен абаттандыру жұмыстарына әр сенбіде белсене атсалысып келеді.
Айта кетейік, «Бірге Таза Қазақстан» акциясы алғаш рет 2019 жылы басталған еді. Осы уақытқа дейін акцияға ел бойынша 650 мыңнан аса тұрғын қатысып, соңғы 3 жылда 400 мың тоннадан аса қалдық жиналып, қайта өңдеуге жөнелтілген. Іс-шара аясында 2 млн. жуық ағаш отырғызылған.
Аудан тазалығына кім жауапты?

Өткен айда облыс және аудан әкімдігінің қолдауымен ауданда «Жаңақорған қызмет» КММ мекемесінің лентасы қиылған еді. 68 адамды жұмыспен қамтитын мекеме кент тазалығы мен көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жүргізуге кірісті.
– Қоршаған ортаны таза ұстау – негізгі міндет. Мекеменің ашылуына да түрткі болған осы. Біздің қызметке кент тазалығы, көшелердің түнгі жарықтануы, кенттің балансына кіретін қолданыстағы мекемелердің күтімі, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары кіреді. Алдағы уақытта осы бағыт бойынша жұмыс жасайтын боламыз. Жалпы, тазалықты сақтау баршамызға ортақ.
Бірігіп күш жұмсасақ айналаны таза ұстар едік, – дейді
«Жаңақорған қызмет» мекемесінің басшысы Қайрат Нәлібаев. Қай кезде болмасын кенттің келбеті тазалығымен
көрікті. Тұрғылықты мекенді айнадай таза ұстау – баршамызға ортақ іс. Жауапкершілікті бір мекеменің басына ілу орынсыз.
Себебі, 5000-нан аса тұрғын үйі бар кент көшелерін бір ғана мекеменің мойнына іліп, қол қусырып отыруға болмайды. Сол себепті әрбір тұрғын айналасына құрметпен қарап, ауласын мұнтаздай таза ұстауға міндетті.
Айналасын ластағандар жауапқа тартыла ма? Қайрат Әбенұлының айтуынша, алдағы уақытта тазалықты сақтамаған тұрғындарға айыппұл салынады. Мәселен, мекеме қызметкерлері көше бойларын тазалап, қоқысты арнайы қапқа салып жинайды. Оны
артынан жүк көлігі тиеп алып кетеді. Тазаланған көше көркін бұзып, үйден шыққан қоқысын көшеге тастайтын тұрғындар айыппұл арқалайды. Аталмыш мекеме көше бойының тазалығына жауап береді. Үйіңіздің ауласын
таза ұстап, қоқысты шығарғыңыз келсе арнайы «Нұршах» жеке кәсіпкерлігімен келісім-шартқа отырып, ай сайынғы қызметақысын төлеуіңіз керек.
– Қазіргі уақытта үй басына ай сайынғы төлейтін тариф 1000 теңге. Айына төрт рет аптаның сейсенбі күндері қоқысты жинап алып кетеміз. Сонда бір реттік жұмыс ақысы 250 теңге. Негізі, біздің қызметтің ақысы тұрғындардың қалтасына ауырлық салмайды деп ойлаймын. Бірақ тұрғындар соны түсінбейді. Айналасын таза ұстауға құлықсыз. Қазіргі уақытта кент бойынша екі-ақ көше бізбен келісімге отырған. Сосын,
Ы.Алтынсарин көшесінің бойындағы көп қабатты үйдің біреуімен ғана жұмыс жасаймыз. Осыдан-ақ тұрғындардың тазалық сақтаудағы мәдениетінің деңгейін аңғаруға болады, - дейді «Нұршах» мекемесінің басшысы Нұрлан Сәдуақасов.
Оның сөзінше, осыған дейін әр үйден адам басына төленетін ақы бар-жоғы 65 теңге болған. Осыны да қиынсынып, тиынын төлеуге қиналатындардың кесірінен келісім бұзылған. Бірақ сол көшеде уақытылы қоқысын жинап, ақысын да жүйелі төлеп отырған
үй иелерінің жазығы не? Алдағы уақытта кемінде әр көшеден 10-15 үй қоқыс шығаруға келісім-шарт жасасқан жағдайда ғана арнайы көлік аталмыш көшені аралап өтетін болады. Демек өзіңіз ғана емес, қоңсыларыңыздың да тазалық мекемесімен келісімге
отыруына мүдделілік танытқаныңыз маңызды. Кәсіпкердің сөзінің жаны бар. Осы уақытқа дейін кент көшелерінің қоқысын тегін тазалаған мекеме енді тек келісімге отырған көшелердің ғана қоқысын алып кетеді. Осы ретте, көше комитеттерінің де атсалысқаныабзал. Әр көшенің тұрғындарына тазалықты насихаттап, сенбіліктер ұйымдастырып, үйден шыққан қоқысты таситын мекемемен келісімге отырудың маңыздылығын жеткізсе, айналамыз ажарлана түсер еді. Айта кетейік, алдағы уақытта тазалық қызметімен
келісімге отырмай, үйіңіздің қоқысын жолдың бойына шығарсаңыз айыппұл арқалайсыз. Сонымен қоса, үй жануарларын да қараусыз қалдырсаңыз, арнайы қораға қамалатын болады. Ауладан шығарып бетімен
қоя берген қолдағы малыңыз қамаққа алынса, еш ренжімеңіз, айыппұл төлейсіз.
Қай-қайсымыз да қоршаған ортаға құрметпен қарап, көгалдандыру арқылы артымыздан ерген ұрпаққа жасыл өлке сыйлайтынымызды естен шығармағанымыз абзал. Қазақта «Атадан мал қалғанша – тал қалсын» деген тәмсіл бар. Бүгін еккен талымыз, ертеңгі саялар бағымыз. Ол ұрпақ игілігіне қалар үлкен мұрамыз.

Айсұлу Алданазар
30 маусым 2024 ж. 526 0