» » Массаж – дәрі-дәрмектің табиғи баламасы

Массаж – дәрі-дәрмектің табиғи баламасы


Бүгінде ата-аналар арасында бала массажына деген сұраныс өте жоғары. Өйткені, сылап-сипау – баланың денсаулығына, дамуына және жалпы әл-ауқатына оң әсер ететін әдістің бірі. Массаждың нәрестелер мен кішкентай балалар үшін пайдасы мен маңыздылығы көп. Ол балаға тек физикалық емес, психоэмоционалдық жағынан да пайдасын тигізеді.


Алдымен массаждың баланың физикалық да­муына тигізетін пайдасына тоқталсақ. Бала мас­сажы бұлшық еттерді босаңсытып, қан айналымын жақсартады. Ол сәбидің денесінің өсуіне және жетілуіне ықпал етіп, ас қорыту жүйесінің жұмысын жақсартады. Массаждың тыныс алу жүйесіне де пайдасы зор. Ол өкпені кеңейтіп, тыныс алу процесін жеңілдетеді. Бала массажының арқасында өскіннің сүйектері дұрыс қалыптасып, бұлшық еттердің дамуы да жақсарады.
– Балаларға массаж екі жағдайда жасалады. Бі­ріншісі, сауықтыру мақсатында денсаулығында қан­дай да бір ақауы бар балаларға арнайы техникамен жасалады. Екіншісі, алдын алу, яғни профилактикалық мақсатта, дені сау балаларға жасалады. Алдымен дені сау балалардың массажына тоқталсам, бұл кез-келген жағдайда жүйке жүйесіне әсер ететін дәрі-дәрмектерге тамаша балама. Ол баланың орталық жүйке жүйесіне, қан тамырына, теріге, бұлшықеттерге, буындарға, зат алмасуға үлкен әсер етеді, – дейді массажист, аудандық емхананың аймақтық мейірбикесі Айжан Назарова.
– Алғашқыда балаға массаждың пайдасы туралы онша түсінбеген едім. Балам мазасыздау болғаы да рас. Кейіннен танысымнан массаж жасайтын кісіні тауып, екінші балама Айжан Балтабекқызынан 3 курс массаж алдым. Әсері тамаша, балам ерте отырып ерте жүрді. Тілі де уақытында шықты. Осыдан массаждың сәбидің дамуында тигізер пайдасының мол екенін түсіндім, –дейді аудан тұрғыны Назерке Асқарова.
Иә, массаждың әсері нерв жүйесінің дамуына, иммундық жүйесінің нығайуы мен эмоциялық дамуына оң әсерін тигізеді. Мәселен, массаждың психоэмоционалды әсері зор. Нәрестендің нерв жүйесі даму үстінде болғандықтан, олар тыныштықты, жылылықты және қамқорлықты сезінуі маңызды. Массаж барысында олардың миына тыныштандыратын сигналдар түсіп, бала стресстен арылып, тыныш ұйықтайды. Ал, жүйелі түрде жасалған массаж иммундық жүйені нығайтып, сәбидің қан айналымын жақсартып, ағзаға пайдалы элементтердің тасы­малдануын жылдамдатады. Нәтижесінде, ағзадағы токсиндерді шығуы жақсарып, өскіннің иммунитетін нығайтып, бала ағзасы түрлі вирустарға қарсы тұра алады.
– Массаж баланың қан айналымын реттеп, бойын ширақ ұстауына, қол-аяғының ұзаруына, мойнының созылуына да әсері етеді. Массаж алған баланың иммундық жүйесі көтеріліп, асқа деген тәбеті ашылады. Баланың басына жасалған массаж есте сақтау қабілетін арттырып, миының дұрыс жұмыс істеуіне септігін тигізеді. Балаларда жиі кездесетін іш қатуға да массаждың көмегі зор. Егер сәбиге массажды өз анасы жасаса, екі есе пайдалы. Өйткені массаж ана мен баланың эмоционалды байланысын күшейтеді, – дейді Айжан Балтабекқызы.
Маманның айтуынша, массаждың түрі мен әдісі көп. Нәрестелер мен кішкентай балаларға арналған массаж жеңіл және нәзік болуы керек. Оларды орындау кезінде тек арнайы массаж майлары немесе кремдерін қолдану керек, себебі балалардың терісі өте сезімтал. Сонымен қатар, бала массажын тек тәжірибелі маманның орындағаны дұрыс. Жаңа туған нәрестеге арналған массаж босаңсытушы сипатта болса, ал баланың өсуі мен дамуына байланысты массаж техникасы күрделене түсуі мүмкін. Бала массажының бірнеше түрі бар, олардың әрқайсысы баланың жасына, денсаулығына және қажеттілігіне байланысты қолданылады. Олар жалпы босаңсытушы массаж, тері астындағы массаж, арқа және мойын массажы, аяқ және қол массажы, рефлексотерапия, антиколик, жаңа туған нәрестеге арналған массаж болып бірнеше түрге бөлінеді. Мысалы, рефлексотерапияда арнайы нүктелерге әсер ету арқылы денедегі әр түрлі мүшелер мен жүйелердің жұмысын жақсартуға болады. Бұл массаж түрі баланың жүйке және иммундық жүйесін нығайтуға әсер етеді. Ол көбінесе баланың қол және аяқтарындағы белгілі бір аймақтарға бағытталған арнайы қозғалыстармен жасалады. Ал, антиколик массажы нәрестелерде жиі кездесетін ішек коликтерін жеңілдету үшін қолданылады. Ол ішек-қарын жүйесінің жұмысын жақсартуға және газдардың шығуына көмектеседі. Әдетте бұл массажды ішті саусақпен жеңіл сипап, домалақ қозғалыстармен орындау керек.
– Жалпы, бала туғаннан бастап 7 жасқа дейін массаж жасатуға болады. Тек балада массаж жасауға деген дәрігер тағайындаған кері әсері болмаса болғаны. Негізі балаға массажды кішкентай кезінде жасағанның пайдасы зор. Сәл есі кірген соң бала қарсылық жасап, массаждың дұрыс жасалауына кедергі келтіруі мүмкін. Ана баласына күнделікті сылап-сипау массажын өзі жасаса да болады. Сонда баланың түрлі нүктелеріне әсер етіп, оның миының қалыптасуына, тыныштануына, ағзасының иммундық жүйесінің нығайыуна әсер етеді. Қазір аналардың барлығы массаждың пайдасын түсінеді. Түрлі дәрі-дәрмек бергенше баласына массаж алғанды қолдайтын аналар қатары көп. Бір сөзбен айтқанда, массаждың балаға берер пайдасы болмаса зияны жоқ, – дейді маман.
Маманнан бала массажының түрлері баланың денсаулығын жақсартуға, оның физикалық және психоэмоционалды дамуына көмек көрсетуге бағытталатынын білдік. Мұндай күтім баланың жайлылығын арттырып, өскіннің айналаға тез үйренісуіне, ағзасының дұрыс қалыптасуына ықпал ететіні анық. Дегенмен, массажды бет-алды емес, маманның кеңесімен және қажеттіліктеріне сәйкес таңдап жасау ұсынылады.

Айсұлу АЛДАНАЗАР
25 қаңтар 2025 ж. 132 0