№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Дисплазия дерті дендеп барады

Дисплазия дерті дендеп барады


Қазір шыр етіп дүние есігін ашқан сәбилерге ортан жіліктің ұршық басы дисплазиясы деген диагноз көп қойылатын болды. Медицина дамыған сайын, сан алуан сырқат түрлері де көбейіп келеді. «Балам ауырғанша, өзім ауырайын» дейтін ата-ана бесіктен белі шықпаған баласын көтеріп, емханада кезек күтіп отырғандар аз емес. Бірі жөргектегі баласын құндақтап алса, енді бірі тәй-тәй басқан сәбиін жетектеп жүр. Басым көпшілігі дисплазия дертіне ем қабылдап жүргенін байқадық. Соңғы жылдары аталған ауру жаңа туған нәрестелер арасында көбейіп кетуіне не себеп? Оны қалай анықтауға болады? Қандай ем қолданылады? Жалпы дисплазия деген қандай ауру, ол неден пайда болады, оның алдын алу үшін не істеу керек?


Кез келген жаңа туған шақалақ 1 айдан соң дәрігерлік тексеруден өтуі тиіс. Кейбіріміз сол тексеруді елең қылмай 5-6 ай өткен соң немесе 1 жасында дәрігерге қаратамыз. Сон­дай немқұрайлылықтың салдарынан дәрігер балаларға «дисплазия» деген диагноз қойып жатады. Яғни, бұл туабітті жамбас ұршығының дамымауы немесе мүлдем болмауынан туын­дап жататын дерт десек болады. Аңдамаса, ана құрсағында жатқанда-ақ жабысатын бұл кеселдің ақыры сәбиді кемтар етуі әбден мүмкін. Бір аяқтың екінші аяқтан кемдігіне әкеліп соғады. Жамбастағы жіліктің ұршық басы дисплазиясы сәби жатырда жатқан кезінде сүйектерінің дұрыс дамымауынан пайда болады екен. Мұның себептерін мамандар түрлі етіп айтады.
Бұл дерт тұқымқуалаушылық, анасының жүкті кезінде түрлі сырқаттармен ауруы, бала маңындағы судың аздығы, экологиялық жағдай, анасының айналысқан кәсібінің зияндығы, болашақ ананың дұрыс тамақтанбауы сынды сан алуан себебі бар. Біздің ауданда да атаулы дертпен ауыратын балалар жетерлік. Жылдан жылға көбеймесе азаймағанын дәрігерлер алға тартады. Осы тұста аудандық емхана травмотологы Бағдат Бодықовпен тілдесіп, көкейдегі сауалға жауап алдық.
– Күніне тексерісімнен өткен он баланың алтауында осы сырқат кездеседі. Жалпы, ұршық бала жатырда жатқан кезден дами бастайды. Әр түрлі мультифакторлы ақаулардан жамбас ұршығының түзілуі кешігеді. Егер ол уақытылы емделмеген кезде, ол ұршық орнынан тайып кетеді. Содан соң ұршықтың туа біткен шығуы пайда болады.
Дисплазия прогрессивті түрде үдей берсе, ұршықтың шығуына алып келеді. Біз баланы 1-3-6 айында және 1 жасқа толғанда, яғни, жасқа толғанша төрт рет тексеруден өткіземіз. Егер дисплазия болатын болса ата-аналар емді ертерек бастаса нәтижесі де соғұрлым жақсы болады. Алдымен баланы физиотерапия сәулемен емдеу тағайындалса, екінші массаж, үшінші парапинмен емдеуді ұсынамыз.
Егер балада дисплазия анықталса баланы бесікке бөлеуге, арбаға жүргізуге болмайды. Жасына толғанша аяғын жерге бастырмау қажет. Өйткені, баланың аяғына күш түседі. Жылына екі рет жүйелі ем алып, үш жасқа толғанша жалғастыру қажет, – дейді травмотолог.
Әйтсе де, балаңыздың болашағына алаңдап, безек қағып, уайымға берілудің қажеті жоқ дейді дәрігер. Өйткені дертті емдеу оңай. Тек дер кезінде анықтап, кешенді ем жүргізу қажет. Туа бітті дисплазияның ұршығы шығып кеткен және екінші дисплазия деген түрі бар. Дисплазия деген ол – ұршықтың басы кальций жетіспеушілігіне байланысты бос болып дамымай тұрады. Негізінде мұны емдеудің сан түрі бар. Мәселен, баланың аяғына шина кигіземіз немесе массаж қабылдайды. Бала перзентханада дүниеге келген сәтте балада дисплазия бар не жоқтығын неанатолог дәрігер анықтайды.
Дәрігердің сөзіне сүйенсек, бала дүниеге келгеннен бастап-ақ, бұл аурудың белгілерін байқауға болады. Ең бірінші жамбастағы және сандағы қатпарлардың ассенометриясы, екіншіден, ауырған буын жақтағы аяқ ұзындығының салыстырмалы түрде қысқалығын байқауға болады, үшіншіден, аяқты айналдырғанда сан мен жамбас сүйегінің жалғасқан жерінен сытырдың естілуі, төртінші белгісі аурудың ең асқынған кезі, бір аяқ екінші аяқтан қысқа болғандықтан, аяқты сілтіп басуынан аңғару қиын емес дейді. Ақпараттарға зер салсақ, дисплазияға ұл балалардан гөрі қыздар жиі шалдығады. Осы тұста айта кетейік, сәбидің екі аяғының арасы жөнді ашылмауынан, табандарының сыртқа қайырылып тұруынан, жамбас пен сан сүйектері сызықтарының бір біріне сәйкес келмеуінен атаулы дертті байқау қиын емес. Сонымен қатар дисплазияға шалдыққан сәби аяғының ұшымен тұратынын да естен шығармау керек. Біз осы орайда баласы туабітті жамбас буынының дисплазиясына шалдыққан кент тұрғыны тұрғыны Назым Асылбаевамен сөйлескен едік.

– Үлкен қызымның жасы 22-де, кішкентайында дәрігерге көрсетіп, тексеруден өткізген емеспін. Сол үшін әлі күнге дейін өкінемін. Қызым үш жасқа дейін жүрмеді. Баста еркелік деп ойладық. Отырған қалыпты алға-артқа жылжитын. Сөйтсем, қызымның жүруге дәрмені келмей жатыр екен, қабырғаны жағалайтын болды. Сол кезде бір аяғының екінші аяғынан қысқа екенін аңғардық. Дереу дәрігерге апарып едім, қызымның ұршығы дұрыс дамымай қалғанын және уақыт өткізіп алғанымды айтты. Соған қарамастан, дәрігерлер жауапкершілікті сезініп, қызымды жан-жақты тексеруден өткізіп, ем жасай бастады. Аяғына бірнеше мәрте шина кигізіп, гипс те салды. Бір жыл гипспен жүріп, әбден азаптанды. Қазір қызым бой жетті. Өкінішке қарай, аяғын ақсаңдап басады. Қыз емес пе, намыстанады, үйден шыққысы келмейді. Осыдан кейін балаларым болсын, немерелерім болсын туғаннан кейін араға бір ай салып толықтай дәрігерлерге көрсетіп аламын. Бір жыл бұрын немереме де дисплазия деген диагноз қойды. Дереу массаж алып бастадық. Бір жасқа келгенше 7 курс массаж алдық. Қазір шүкір, жүгіріп ойнап жүр. Осының бәрі ата-ананың сауатсыздығынан екен ғой, – дейді.
Жалпы, бұл аурумен ауырған сәбиді әр 3 ай сайын дәрігерге көрсеткен дұрыс. Ал 4 айдан кейін жамбасы мен санын рентгенге түсіруге болады. Егер сырқатты дер кезінде анықтап, ем қолданбаса, бала ертеңгі күні әбіржиді. 4-5 жасында аяғы талады, буынға тұз жиналып, үнемі шаршағыш келеді. Мұндайда массаждың пайдасы өте көп екенін мамандар алға тартады. Балалар массажисті Нұргүл Исмаилова мен сөйлесіп, біраз мағлұмат алған едік.
– Қазіргі кезде жас нәрестелер арасында ұршық басының толық жетілмеуі кеңінен тарады. Оның бірнеше себебі бар. Мәселен, аналық жасуша дұрыс дамып жетілмейді және ұрықтың жамбаспен төмен орналасып дамуы немесе ұрықтың ірі болуынан туындап жатады. Бұл жағдайда іштегі нәрестеге жатырдың тарлығынан, ондағы судың аздығына байланысты механикалық қысым көреді. Ол қабынуға алып келеді. Сонымен қатар жүктілік кезінде әйелде гармондардың бұзылуы, жас аналардың гинекологиялық аурулары, жатыр миомасы және баланың жатыр ішілік қимылын қиындатуы мүмкін. Дисплазия салмағы 2 немесе 2,5 кг болып туған нәрестелерде де байқалады. Сол себепті де, болашақ аналар бойына бала біткеннен денсаулығына жауапкершілікпен қарап, дәрумендерге бай тағамдармен қуаттануы керек.
Негізі ұршық басының жетілмеуін дәрігер-ортопед көріп, анықтайды. Есіңізде болсын, баланы 6 айға дейін рентгенге түсіруге мүлде болмайды, узи-ге түсіреді. Содан кейін ғана дәрігер ем тағайындайды. Дисплазияның бірінші емі – массаж. Сырқаттың ауыр немесе жеңілдігіне қарай массаждың түрі мен қанша уақыт қабылдайтынын белгілейді. Соған қарай маған көп ата-аналар келіп, ем алып жатады. Осы тұста айта кетейін, массаждың негізгі қызметі аяқ бұлшық еттерінің жоғарғы тонусын босату және буындардағы қан айналымын арттыру. Массаждың бір курсы он күн болса, дисплазияда 3 курстан 10 курс аралығында жалғасуы мүмкін. Оны баланың жағдайы­на қарап тағайындайды. Маған күніге 10-12 ата-ана баласын әкеледі. Егер ем жүйелі түрде жасалса, атаулы дерттен құлан таза айығып кетеді. Осы уақытқа дейін алдыма келген балалардың барлығы да жақсы болып кетуде. Тағы бір жайт, бұрын баланы бесіктен алған соң әжелер сылап-сипап, аяқ-қолын тартып, жазып отыратын. Қазір ілуде біреу болмаса баланың қол-аяғын тартқылап отырғандарды өте сирек кезіктіреміз, – дейді.
Байқағанымыздай, ертеңгі күні сәбиі дисплазия болмас үшін әрбір болашақ ана аяғы ауыр кезінде құнары мол тағамдарды пайдаланғаны дұрыс болар еді. Ас пен судың құрамында иод пен темір көп болуы керек. Сонда ғана дүниеге келетін баланың денсаулығы жақсы болмақ.
Осы жерде мына бір мәселені еске салғанның артықтығы бола қоймас. Ертеректе апа-әжелеріміз немере-шөберелерін арқасына салып арқалайтын. Ал қазір ондайды сирек көретін болдық. Көненің көзін көрген апаларымыздың айтуынша, баланы арқалау өте пайдалы екен. Ондайда баланың екі аяғының арасы жақсы ашылатын көрінеді. Нәтижесінде ата-анасы арқалап өсірген балалар дисплазиядан аулақ болатынын уақыт өзі көрсетеді емес пе?

Әсел РЗАЕВА
09 қаңтар 2024 ж. 254 0