№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бұлар – Алтынсарин медалі иегерлері

Бұлар – Алтынсарин медалі иегерлері


Жақында қуанышты хабардың куәсі болдық. Аудан бойынша «Шебер мұғалімдер» Гүлнар Әлібекова мен Меруерт Мелденова ҚР Оқу ағарту министрлігінің шешімімен «Ыбырай Алтынсарин» медалімен марапатталыпты. Біз екі азаматты да арнайы құттықтап, жетістікке жету сыры жайында ой бөлістік.


Білімнің шырағын жаққан

Саналы ғұмырын ұстаздықтың ұлы жолына арнап, өзінің айшықты еңбегі­мен дараланған Гүлнар Әлібекованың тағылымға толы өмір жолы мұғалімдік мамандықтың қыры мен сырына енді ғана қанығып келе жатқан жас ұстаздар үшін өнеге.
Әңгіменің әлқиссасын әріден бастасақ. Ол ең алғаш 1995 жылы №3 мектеп-интернатқа жұмысқа орналасады. Бар мамандықтың өзіндік ауыртпалығы бар екені рас, бірақ соның ішінде мұғалім болу бәрінен қиын. Өйткені жауапкершілігі жоғары мамандық. Аз ғана уақыт ішінде тәжірибелі ұстазға айналып, шәкірттері мәртебесін үстем етті.

– Қазіргі білім беру саласындағы басты міндет – білім мазмұнына жаңалық енгізудің тиімді жаңа әдістерін іздестіру мен оларды жүзеге асыра алатын жаңашыл мұғалімдерді даярлау болып табылады. Бүгінгі ұстаз шәкіртіне мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығаруға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелейді. Елдің ертеңі үшін енгізіліп жатқан түрлі бағдарламаларды именбей игеріп, жатсынбай жас ұрпақтың санасына сіңіру де біздің міндеттіміз, – дейді білікті ұстаз бізбен әңгімесінде.

Еңбегі еленген ұлағатты ұстазды ұжымы да мақтан тұтады. Бұл жөнінде білім ордасының басшысы Ләззат Машбекқызы:
– Ұжымда өзінің қажырлы да, еселі еңбегімен, ізденімпаздығымен ерекшеленетін Гүлнар Сабырханқызы нағыз ұстаз атына лайықты жан. Білімнің кілті білікті ұстаздың қолында екені айқын. Сондықтан болашақтың жарқын болуына ықпал жасайтын Гүлнар секілді білікті педагогтер. Айта кететіні, сондай білікті мамандардың арқасында біздің ұжым үнемі үздіктер қатарында, – деді.
Шынында, бүгінгі ұстаздардың бой­ында ізденімпаздық қасиет болмаса замана ағымына ілесе алмайды. Осы тұста Гүлнар Әлібекованың ұзақ жылғы еңбегі әрдайым еленіп келеді. Мәселен, ол «EDTECH-KZ» Халықара­лық білім орталығының, «LEARNING GROUP» Қазақстандық ғылым білім беру орталығының, облыстық білім басқармасы басшысының арнайы алғыс хатына ие болған. QALAMGER.RZ танымдық порталының «Наурыз келді, жыл келді» атты шығармашылық байқауында оқушыларды қатыстырғаны үшін «Алғыс хатпен», Қызылорда облысының білім басқармасының мемелекеттік тілді дамытуға арналған облыстық байқауда ІІ дәрежелі грант иегері атанған. Оған қоса «9 сынып негізінде қазақ тілінің стилистикасын оқытудың әдіс-тәсілдері» атты авторлық кітабы қолданыста жүр. Бұдан бөлек облыстық, республикалық көлемдегі газет-журнал беттерінде де ғылыми ізденістері жарияланған.
Иә, «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтқандай, мұғалім мәртебесі қашанда биік. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел ертеңін кемел біліммен тәрбиелеп шығару-ерен еңбекті талап етеді. Бұл тұрғыда мақала кейіпкерінің көптеген шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық білім байқауларында топ жарып, ұстаз абыройын асқақтатты. Өзінің де шығармашылық жетістіктері бір төбе. Білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет» грамотасы табысталған. Ең жоғары марапат «Алтынсарин» медаліне ие болған ұстаз бұл марапатқа нағыз лайық жан.

Жетістігім – ізденістің нәтижесі

– Мен кішкентайымнан журналист болсам деп армандайтынмын. Әкеміздің дүние жүзі картасын бөлме қабырғасына жағалай іліп қойып, қолы қалт еткенде әлемді шарлап білгенін әңгімелеуден жаны рахат табатын қасиеті маған да жұқты ма, бірте-бірте жер-жаһанды тануға деген құмарлығым артты. Орта мектептен соң Қызылорда қаласын­дағы Қорқыт Ата атындағы универси­тет­тің жаратылыстану факультетіне оқуға түстім, – дейді Меруерт бізбен әңгімесінде.
Дипломын алып келіп, аудан орталығындағы №125 орта мектебіне жұмысқа орналасқан жас маманның бөлекше әлеуеті жөнінде алғашқы кезде-ақ белгілі болып, жақсы кадр десе жанын беретін Зоя Өрғараева апайымыз оны өзі басқаратын №163 мектепке қоймай шақыртып алыпты. Сенімі алдамапты. Мектепте «Шебер мұғалім» санатын қорғап шыққан жалғыз өзі. Бес жыл сайын сараланатын бұл атақты биыл да растап шығу оңайға түспегені рас. Өйткені 2020 жылғы короновирус кезеңі мектеп өміріне сырқаулы таңбасын салып, небір сындарлы мақсаттың сағын сындырып кетті. Міне, осы кезеңдері де алған бетінен қайтпаған қажырлы маман талмай ізденіп, қашықтан оқытудың тиімді бағдарын түзіп шықты.
Жалпы, халықтың басына сын тудырған сол бір қиын күндер мұғалім біліктілігін таразыға салғаны, онлайн сабақты әркім өз деңгейінде меңгергені әмбеге аян. Ғалым-оқытушы өзінің сабағын жолға қою бір бөлек, еліміз бойынша телесабақтың өтілу барысына талдау жасап, қай жерде қандай қателік кетті, соны саралап беруге бар ділімен ден қойды. Республика көлемінде білімді мамандармен бірге тізе қосып жұмыс жасап бірізге жүйеленген телесабақ бағдарламасын жасап шықты. Авторлық жоба министріктің бекітуімен жалпы мектептерге жол тартты. Ол сонымен қатар ҰБТ сұрақтарын құрастыруға атсалысты. Оның республикалық пе­дагогтар басқосуында жасаған «Өзара әрекеттестікте білім алудағы жобалық тапсырмалар тиімділігі» деген ғылыми зерттеу тақырыбы үздік шығып, іс-тәжірибесі мектептерге таратылды. Нәтижесінде кәсіби сарапшы ретінде еңбегі орынды бағаланып, сол кездегі Оқу ағарту министрі Аймағанбетовтың қолынан Құрмет гармотаға ие болды.
Тәжірибелі ұстаз ғылыми еңбегінің мазмұнын мемлекеттік саясатқа орай­ластыра дамытуға күш салады. Сол бағытта Туризм географиясының ты­нысын ашуға талаптанып келеді. Әлемдік туризм тақырыбына ғылыми негіздеме жасап оқулық бағдарламасына ендіру үлкен еңбекті талап етеді. Әлемдік геоинформатика бірігіп кеткен қазіргі күні жаратылыс тану пәндерін оқытуды теориялық тұрғыда емес, жаңа тех­нологияның тиімді әдістерін қолдана отырып, географиялық деректер кеше­нінің экзель бағдарлама жүйесіндегі жиынтығын оқыту – өмір талабы. Кең көлемді ақпаратты интерактивті тақталар арқылы ғана әлемдік стандарт деңгейінде білім беруге болады. Бұл айналып келгенде интеллектуалды білімге негіз қалайды. Ол осы жолда ізденуден жалыққан емес.
Меруерттің «Қызылорда облысының географиясы және оны оқыту әдістері» деген кітабы да оның сан қырлы ізденістерінің жемісі.
Бүгінде өзі ұстаздық ететін аудан орталығындағы №163 орта мектебі қабатында Өскенбай Жұмаділла атын­дағы «Дарын» жеке мектебіне оқу ісінің меңгерушісі болып қосымшы жұмысқа тұрғанын айтты. Өйткені туған жердегі білім ошақтарының бірінен бірінің артық-кемі жоқ. Ұстаз жүрегі үшін онда тәрбиеленіп жатқан жас талаптың бәрі туған баоасынан кем емес. Мақсат – соларға орнықты білім беру. Өмірден өз орнын табу бір басқа, ортасын жарып шығатын дарынды оқушыны тәрбиелеу – ғалым-ұстаздың арманы осы.
Обалы не керек, жеке мектеп дегенімізбен білім сапасына көзқарас тұрғысынан келгенде құрылтайшының ойы озық, прогресшіл болуының бір ұтымды тұсы – оқу ошағының басшысы ешкімге жалтақтамай қолдағы қаржысын жаңашыл бағдарламаға бұра алады. Ізденімпаз ұстаз жеке мектептердің осы әлеуетін кәдеге асырсам дейді. Білімгерлердің оқу сауаттылығы, матема­тикалық сауаттылығы, жаратылыстану-ғылыми сауаттылығы, бірнеше пәндерден білімді бір ортаға кіріктіріп, білім жетістігін бақылауға мүмкіндік береді. Осы бағытқа арналған МОДО бағдарламасында осы мектептің 4-сынып оқушыларының ха­лықаралық деңгейде тізімге ілінуі осын­дай бастамашылдықтың нәтижесі болса керек.
Үлгілі ұстаз отбасында жары Ержан екеуі 5 перзентті тәрбиелеп жетілдірген ұл-қыздарының барлығы жақсы оқыған, грант иегерлері.

Баян ҮСЕЙІНОВА,
Мақпал МАРҚАБАЙ
12 қараша 2024 ж. 119 0