«Педагог-шебер» несімен ерекшеленеді?
ХХІ ғасырда адами капиталға басымдық берген елдер озады. Осыны ескерген ел үкіметі дәстүрлі оқытуды кезең-кезеңімен жаңартылған оқу бағдарламасымен байытуға ұмтылуда. Бұл бойынша мұғалім креативті ойлап, өзінің оқу-әдістемелік құралын қалыптастырып, заманауи жаңалықтарды меңгеріп, ұлттық таным дағдыларымен ұштастырып, жасөспірімдерге сапалы білім беруі тиіс. Бағдарлама бойынша ең жоғары саты – «Педагог-шебер». Осы орайда ауданда аталмыш біліктілікті меңгерген ұстаздар бар. Біз олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталуды жөн көрдік.
Алдымен педагог шебердің кім екенін сараласақ. Педагог-шебер – оқытушылық және тәрбие жұмысымен айналысушы, оқу-тәрбие қызметінің технологиясын еркін меңгерген, бірнеше жыл бойы жоғары нәтижеге қол жеткізген тұлға. Демек, ол ұстаздық жолда ең жоғары дәрежедегі маман. Өз ісінің нағыз шебері екенінің айқын дәлелі.
Ауданда «Педагог – шебер» біліктілігін алған үш ұстаз бар. Соның бірі – Гүлнар Сабырханқызы. Ол саналы ғұмырының 30 жылға жуығын бала оқытуға арнап, өзінің еңбекке құштарлығымен дараланып келеді. Еңбек жолын №3 мектеп-интернаттан бастаған мұғалім бүгінде осы білім ошағында тәжірибесі толысқан білікті ұстаз. Әріптестеріне мұғалімдік өнердің қыр-сырын бөлісіп, үйретуден жалыққан емес.
– Бүгінгі білім беру саласының басты бағыты – білім мазмұнына жаңалық енгізудің тиімді әдісін іздестіру мен оларды жүзеге асыра алатын жаңашыл мұғалімдерді даярлау.
Яғни бәсекеге қабілеттілікті арттыру. Ұстаз оқушыға тек мәлімет берумен шектелмей, әрбір ақпараттың мәні мен маңызын түсіндіріп, жан-жақты білімділікке тәрбиелеу керек. Білім реформасына енген жаңашылдықты толық меңгеріп, оны ұрпақтың санасына сіңіруде біліктілігі мен білімін сарқып жұмсауы тиіс, – дейді білікті ұстаз.
Гүлнар Әлібекова ұстаз болу тынымсыз ізденісті талап ететін мамандық екенін әуел бастан түсініп, осы бағытта жұмысын тоқтатпай, ізденісін арттырды. Нәтижесінде ол «EDTECH-KZ» Халықаралық білім орталығының, «LEARNING GROUP» Қазақстандық ғылым білім беру орталығының, облыстық білім басқармасы басшысының арнайы «Алғыс хатына» ие болды. Қызылорда облысы білім басқармасының мемелекеттік тілді дамытуға арналған облыстық байқауда ІІ дәрежелі грант иегері атанды. Басты жетістігі – «9 сынып негізінде қазақ тілінің стилистикасын оқытудың әдіс-тәсілдері» атты авторлық кітабы қолданыста жүр. Аудандық тамыз мәслихатында Гүлнар Әлібекова білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін ҚР Білім және ғылым министрілігінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды.
Білім беру саласында нәтижелі жұмыс жасап, биік белестерді бағындырған ұстаздың бірі – Ләззат Жұмабекова. Ол №163 орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі. Сыр өңірінен республикалық аттестацияға қатысқан 17 мұғалімнің ең үздігі танылып, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің Құрметті қызметкері» атанды. «Шебер ұстаз» деңгейін еншілеген мұғалім жаңашылдығының арқасында шәкірттерге тәлімді тәрбие беріп, еңбегі еленіп құрметке бөленді. Үнемі ізденісте жүретін үлгілі ұстаз өзі еңбек етіп келе жатқан 27 жылдық тәжірибесінде бірнеше рет біліктілік арттыру курстарынан өтіп, елімізде білім мазмұнын жаңарту бойынша жүріп жатқан реформаның сәтті жүзеге асуына үлесін қосып, оқушылармен бірге мектеп мұғалімдерінің де кәсіби деңгейінің көтерілуіне ықпал етіп келеді. Ең алғаш болып ауданда «Оқу мен жазу арқылы сыни тұрғыдан ойлауды дамыту технологиясы», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» педагогикалық шеберлік орталығы мен Кембридж университетінің Білім беру факультеті әзірлеген бағдарлама бойынша біліктілік арттыру курстарының I(ілгері) деңгейін оқып бітірді. ҚР білім мазмұнын жаңарту шеңберінде «Қазақстан тарихы» және «Құқық негіздері» пәндері бойынша біліктілігін арттыру курсынан өтіп, аудан мақтанышына айналған ұстаз «Түркі әлемі: Түркістан жеріндегі құрылтай» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында «Түркілердің тоғыз тарау мәдениеті» атты мақаласы ғылыми жинаққа енді. Бұл жинаққа қазақ мұғалімдерінің үздік зерттеулері ғана енген. Осыдан-ақ, шығармашыл ұстаздың еңбегін бағамдауға болатындай.
– Уақыт бір орында тұрмайды. Әлем дамып жатыр. Кез-келген сала маманы сол дамудан қалыспауы керек. Жаңашылдыққа бет бұрған ұстаз ғана өзін дамыта алады. Ол үшін «Оқушыға қандай білім беремін? Бүгінгі сабаққа қандай дайындықпен барамын? Баланың зейінін арттыру үшін не қажет?» Осы іспетті сұраққа күнде жауап таба білуің тиіс, – дейді ұстаз.
Айта кетейік, Ләззат Жолдасқызы бірнеше авторлық бағдарлама иесі. Оның «Тарих сабағында инновациялық технологиялар негізінде оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру», «Мәңгілік ел идеясын тарих сабағында оқытудың маңызы», «Жаңартылған білім беру аясында тарих пәнін оқытудың ерекшеліктері» атты авторлық бағдарлама әдістемелік-нұсқаулықтары жарық көрген.
Жаңашыл ұстаздың қатарында – Меруерт Мелденова да бар. Ол кенттегі №163 мкетептің география пәнінің мұғалімі. Үздіксіз орындалып жатқан әдістемелік жұмыстарының нәтижесінде еңбегі ескерілген ұстаз Білім және ғылым министрлігінің, Ыбырай Алтынсарин академиясының «Құрмет грамотасымен», «Алғыс хатымен» марапатталып, халықаралық жобаларда білімін шыңдап, «Педагог-шебер» мәртебесін алды. Білім берудің соңғы технологиясын меңгерген мұғалім карантин уақытында онлайн өткен «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы, Ғылым және білім министрлігі мен Ыбырай Алтынсарин академиясының бірлескен телесабағына тәуелсіз сарапшы ретінде қатысып, онлайн сабақтың сапалы өтуіне өз септігін тигізді.
– Қазіргі кезде біздің қоғамымыз дамудың жаңа кезеңіне көшті. Бұл кезең –ақпараттық кезең, яғни компьютерлік техника мен оған байланысты ақпараттық-коммуникативтік технологиялар педагогтер қызметінің барлық салаларынан көрініп, оның табиғи ортасынан өз орнын алып отыр. «Білім берудегі ақпараттық-коммуникативтік технологиялар» ұғымы «оқытудың жаңа инновациялық технологиялары», «қазіргі ақпараттық оқыту технологиялары», «компьютерлік оқыту технологиялары», «Смарт құрылғыларды белсенді түрде қолдану» тақырыптарымен тығыз байланысты. Сондықтан балаға білімді дербес үйретуіміз керек, – дейді Меруерт Жұмаділләқызы.
Жаңашылдықпен ізденімпаздықты айнымас жолдасына айналдырған Меруерт Мелденованың ағарту саласында жеткен жетістіктері мен алған алғыстары аз емес. Біз солардың негізгісін атап өтсек. ЮНЕСКО Клубы – «EDTECH-KZ» Халықаралық білім орталығының «Педагогикалық-полилог» педагогикалық-психологиялық оқыту курсына қатысып, аудан көлемінде оқушыларды ҰБТ-ға дайындау курстарын жүргізсе, «Географиялық атаулар сыры» атты авторлық бағдарламасы бар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «BILIM-ÓRKENIETI» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы» «Жылдың жүз үздік география пәні мұғалімі» жинағына еніп, төсбелгі тақты. Назарбаев зияткерлік мектебі Кембридж Университетімен бірлесіп әзірлеген «Деңгейлік бағдарламасы» бойынша І-деңгей курсынан өтіп сертификатталса, «Тәжірибедегі рефлексия» мектеп тренерлері курсынан өтіп сертификатталды.
P.S.: «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтқандай, мұғалім мәртебесі қашанда биік. Білім нәрін ұрпақ санасына сіңіріп, келешегімізді кемел біліммен тәрбиелеп шығару тынымсыз талпынысты талап ететіні хақ.
Айсұлу АЛДАНАЗАР