№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Ауыл мұғалімі


«Ұстаздық барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие, білім алмайтын жан жоқ. Демек білікті ұстаз болу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Бұл мамандықты таңдаған адам шын жүрегімен беріліп, жауапкершілікпен жұмыс жасаса мамандық атаулының биік шыңына шығары хақ. Сондай жандар қатарында Ж.Қыдыров атындағы №54 мектеп мұғалімі Мысырша Байжанова да бар.


«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» депті ағартушы Ыбырай Алтынсарин. Демек білікті, білімді ұстаз мектептің абыройын асырып, шәкірттерге сапалы білім береді.
Кейіпкеріміз Мысырша Сұлтанқызы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алады. Еңбек жолын Сырдария ауданы, Шіркейлі ауылындағы Ә.Жәмішев атындағы №129 орта мектепте мұғалім болып бастайды. Өмірлік серігін Бесарық ауылынан кездестіріп, 1987 жылдан бері Ж.Қыдыров атындағы №54 жалпы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен жастарға білім беріп келеді.
– Басшы да, қосшы да, ғалым да, ақын да ұстаз алдын көріп, білім алады, өмірді таниды. Сондықтан ұстаздық жолды таңдағаныма еш өкінбеймін. Оқушыға білім беріп қана қоймай жаңашылдыққа баулып, креативті көзқарасын шыңдай білуіміз тиіс. Сонда ғана жастар бәсекеге қабілетті болады, – дейді ұстаз.
– Мысырша Сұлтанқызы белсенді, білікті, тәжірибелі ұстаз. Оқушыларға сапалы білім беріп, азамат ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Өзгелерден артықшылығы ізденімпаз, еңбекқорлығында, – дейді мектеп директоры Нұралхан Түктібаев.
«Ұстаздан шәкірт озар» демекші, оқушылары қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен талай мәрелерде топ жарып жүр. ҰБТ-ға дайындау барысында да уақытпен санаспай, нәтижесінде жоғарғы көрсеткіштерге жетіп келеді. 2009 жылдан бері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен модульдік оқыту технологиясын қолдануда аудандық семинарлар мен әдістемелік қызмет күндерінде тәжірибе алмасуды да дағдыға айналдырған.
Ұстаз ретінде де жеткен жетістіктері аз емес. Еліміздің жас жеткіншектерін оқытып, тәрбиелеу жолында сіңірген еңбегі және білім саласын дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасымен», Білім беру саласында жастар тәрбиесі мен кемел келешегіне ықпал етіп, сапалы білім, саналы тәрбиелеудегі зор еңбегі мен халықтың рухани байлығын арттыру, тәуелсіз мемлекетімізді өркендетуге қосқан үлесі үшін Республикалық МАRTEBE.KZ білім сайтының «Құрмет грамотасымен», «Балалар интеллектуалдық клубы» жобасының «Алғыс хатымен», Облыстық білім басқармасы «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының «Құрмет грамотасымен», 2009 және 2019 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
Білікті маманның тәрбиелеген шәкірттері биік белестерді бағындырып көптеген жетістіктерге жеткен. Ұрпақ тәрбиесіндегі тынымсыз еңбегі оның абыройын асырып келеді. Содан болар, Мысырша апайдың ерекше атап өтер шәкірттерінің бірі – 2017 жылғы мектеп түлегі Салтанат Мағжан. Ол қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 39 балл жинап, жалпы ҰБТ қорытындысы бойынша ауданда ең жоғары көрсеткішті көрсетті. Жоғары саналатын 125 ұпайды жинап аудан әкімінің қабылдауында болып «Алғыс хат» иеленді. Қазірде ол Әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университетінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша білім алуда.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» – деген еді. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – нағыз ұстаздың қолынан келетін шаруа. Сондай биіктен көрініп жүрген кейіпкеріміздің болмыс-бітімі, қабілет-қарымы жас ұстаздарға үлгі-өнеге екені анық...

Лаура БИБАСАРОВА
17 қыркүйек 2019 ж. 1 733 0