№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әбіш Кекілбаевтың шығармашылық лабораториясы

Әбіш Кекілбаевтың шығармашылық лабораториясы

Дереккөз: adyrna.kz
Шығармашылық лаборатория ұғымы «Қай жазушы қалай жазады? Оның жазу машығы қандай? Қабілет-қарымы қалай жұмсалады?» деген сауалдар төңірегінде ой өрбітуге жол ашады. Осы тұрғыдан алғанда, теңдесі жоқ суреткер Әбіш Кекілбайұлының адам айтқысыз мүмкіндіктері туралы әңгімелеуден жалықпауымыз керек.

Кішкене күнінен қолына түскен кітаптың бәрін оқып, білім жинаған, баршаға тән әуестікпен өлең жазған, Алшын Меңдәлиев сынды ардақты ақсақалдардың әңгімесін тыңдап, ел шежіресіне қаныққан, сөз білетін сұңғыласын былай қойғанда, қарапайым қазағына дейін қаламгерше толғайтын, абызы мен аңызы көп, кейде абайлап, кейде «адайлап» тұратын мұнаралы Маңғыстауда туып-өскен перзенттің жазушы болмауы мүмкін емес еді.
Бесінші класта оқып жүргенде «Екпінді» егін екпей ме?» деген сын мақаласы аудандық газетте жарық көріп, ол мақала автордың қатысуымен колхоз жиналысында талқылануы, соңында «Кекілбаев жолдастың сыны толық мойындалды» деген қаулы алынуы оның әлеуметтік белсенділігін оятады. Сегізінші класта оқып жүргенде Сәбит Абдуллаев деген досы екеуі бір жазушының әдеби ұрлығын әшкерелеп, «Лениншіл жас» газетіне мақала жазады. Бұл мақала кезінде зиялылар ортасын шулатқаны жұртшылыққа мәлім.
Мектептегі ұстаздарының аса талапшылдығынан кәмелеттік аттестатына әдебиет пәнінен «төрт» қойылған Әбекең КазГУ-дің бесінші курсында оқып жүргенде Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романын аударуға қатысқан. Оның алдында Мопассанның екі романын аударып тастаған еді. Бұлардың бәрі де кейінірек жарыққа шыққан.
Әбіш Кекілбаевтың осынау ғаламат қабілет-қарымының сыры неде? Ақселеу Сейдімбек бір сұхбатында былай деді: «Әбішке дейін прозашылар жер бетіндегі тіршілікке көлденеңінен қараған деп есептеймін. Ал ол болса, тұңғыш рет жерге тігінен көз салады. Шығармаларының желісінде белгілі бір заңдылық бар. Әбіш – планетаға ғарыш биігінен қараған қаламгер».
Нағыз ақынның өлеңдері жазылмайтыны, алтынға айналып, бірден құйылып түсетіні секілді Әбіш әлемі де адам таңғаларлық құбылыстарға толы. Ол ешқашан не жазамын деп саусақ сормайды. Оның да жазарының бәрі ақ қағаздың бетіне салғаннан төгіле жөнеледі. Жазушы үстелінен тұрған кезде әдеби жағына Әдебиет институты, тарихи жағына Тарих институты біраз ми қатыратын, тіні берік тұтас туындыны көресің.
Бір сұхбат үстінде оған «Қайраткер Әбіш Кекілбаевтың қаламгер Әбіш Кекілбаевқа тигізген пайдасы мен келтірген кедергісінің қайсысы басымдау?», – деген сұрақ қойдық. Ол кісінің жауабы былай болды. «Бұл сауалдың маған басқаша қойылғанын қалар едім. Мысалы, «Суреткер Әбіш Кекілбаев өзі өмір сүріп жатқан кезеңде қоғамдық қызметке, саяси қайраткерлікке ұмтылмай, күрделі заманның өміріне араласпай тұра алар ма еді?», – деп сұраса деймін. Ал ондай сұраққа мен: «Ол мүмкін емес», – деп жауап берер едім».
Әбіш Кекілбаевтың аса ауқымды дүниені қиналмай тез жазып шығатыны туралы да көп айтылады. Ерте барып, кеш қайтатын қызметі осыған мәжбүрлеген тәрізді. Шығармашылық лабораториясымен жақын танысу мақсатымен Әбіш ағаның үйіндегі жұмыс бөлмесін де көрдік, кітапханасымен де таныстық, жазу жазып отырған сәтіне де куә болдық. Қобыраған көп қағаздар, сапырылысқан бумалар байқала қоймайды. Қай жерде де ұқыптылықтың ізі аңғарылады. Демек, туындыға пайдаланатын деректерін миында қорытады, есінде ұстайды, алғашқы нұсқасын басында пісіреді, яғни ойша жазады. Жазушының: «Мағлұматтарды жадымда ұзақ сақтайтыным да, кітаптарға көп жүгінетінім де рас. Кітапханам анау айтқандай бай емес. Бірақ өзім білетін қаламдастарымның қай-қайсысының кітапханасынан да қораш деп ойламаймын», – деген сөзі осы пікірімізге нақты дәлел болмақ.
Чарльз Диккенс пен Эрнест Хемунгуэй түрегеп тұрып, Джеймс Джойс пен Дүкенбай Досжанов жатып алып жазған деген тұрғыдан келсек, біздің кейіпкеріміз дәстүрлі жолмен үстелде отырып-ақ қазақ әдебиетінің классигіне айналды.
Әбіш Кекілбаевтың арнайы жұмыс кестесі болған жоқ. Ол күніге бес жүз сөз жазатын Хемингуэй, таңғы сағат төртте тұрып, алты сағат сілтейтін Харуки Мураками, таңертең үш сағат, кешке үш сағат жазған Жан Поль Сартр секілді белгілі бір режімге дағдыланбады. Эдгар По сияқты жазу үстелінде ештеңе жазбай, екі-үш сағат ақ қағазға телміріп, шабыт күтіп отыру әдетінде болған жоқ. Александр Дюма (әкесі) тәрізді квадрат пішіндес қағаз болмаса, қаламы жүрмей, жазуын дереу доғаратын, Владимир Набоков секілді арнайы  жәшікте тұратын шағын карточкаларға жазатын шектен тыс кірпияздығы да бола қоймаған сияқты. Желдің ұйтқығанына қарамастан есікті ашып тастап, парақты кірпішпен бастырып қойып, қалам сілтейтін Марк Твенге, көпке дейін жеке кабинеті, тіпті арнайы жазу үстелі де болмаған Агата Кристиге қарағанда Әбіш ағамның жағдайы жақсырақ еді. Өйткені, аяулы анасы Айсәуле мен жан жары Клараның арқасында бабы мен бағы бір-бірінен кем түскен жоқ.
Жиырмасыншы ғасырдың ең өнімді жазушысы, 86 жылдық ғұмырында 425 кітап жазған, күні-түні тапжылмай бір отырғанда  80 парақтан қайыратын Жорж Сименондай жанкешті болмаса да, шығармалары жиырма томды құрайтын Әбіш Кекілбаев – қазақтың ең өндіре қалам тербеген жазушыларының бірі. Ол өзінің бұлжымас жоспарына сәйкес, күніге 4 бет жазатын Шыңғыс Айтматовқа қарағанда әлдеқайда өнімдірек жұмыс істеді.
Кекілбаевтың шығармашылық лабораториясындағы ерекше тоқталатын тұс – оның «Күй» повесі арқылы «мәңгүрт» ұғымын енгізуі. Бұл – оның суреткер ретіндегі ұлы жаңалығы. Арада он екі жыл өткен соң бұл терминді Шыңғыс Айтматов «Боранды бекетінде» қолданғаны баршаға мәлім. Бір заманда мәскеулік әдебиет сыншылары бұл ұқсастық жөнінде едәуір шу көтерген. Басқа біреу болса, аттандап, айқай салар еді. Ал кеңдігі мен кемелдігі бірдей Кекілбаев мұны бір мәселеге әр қырынан келу деп қарайды. «Мен шексіз кекшілдік шексіз қатігездікке, ал шексіз қатігездік рухани мәңгүрттікке ұрындыратынын сөз етсем, Шыңғыс Айтматов рухани мәңгүрттіктің қайтадан шексіз қатігездікті тірілтетінін егжей-тегжейледі», – деп түсіндіреді мұны. Сегізінші класында плагиатты әшкерелеген ол мәңгүрт мәселесіне плагиат деп қарамайды. Ағайындықты ардақтап, достықты дәріптегендікі шығар.
Қарымды қаламгер шығарманы ұзақ толғатып барып, жазуға отыратынын, шабытпен кірісіп, қашан бітіргенше бас көтермейтінін айтады. Жазушы Кекілбаев шығарманы ықыласпен бастағанымен аяқтағанда қатты құлазиды. Өйткені, кейіпкерлердің ортасын өз ортасынан артық бағалайды. Олармен қимай қоштасады. Қаламгердің өзі: «Түні бойы басқа бір заманда дәурен кешіп, таңертең көшеге шыққанда, қапелімде қайда келе жатқаныңды білмей, абдырап қалатын кездерің болады. Суреткердің ең үлкен бақыты да – бірнеше ғасырда қатарынан бірнеше кісі боп өмір сүре алатындығында ғой», – деп тебіренеді. «Жазушы деген емізулі баласы бар ана сияқты», «Алысқа жайылып кеткен, қалаған өрісіне барып, бауыры сыздап қайтқан аруана секілді», –  деп өзгеше ой қорытады. «Мен сарылып жазғанды емес, сағынып жазғанды ұнатамын», – деп қаламгерлік кредосын жариялайды.
Ал бір қаламгер әріптесіміздің: «Сіздің кейіпкерлеріңіз – Шыңғысхан, Ақсақ Темір, Әбілқайыр, Абылайлар ұнамды кейіпкерлер ме, әлде ұнамсыз кейіпкерлер ме?», –  деген тосын сұрағына орай: «Екеуі де емес. Тарихи кейіпкерлер. Шын әдебиетте ұнамды, ұнамсыз кейіпкер деген болмайды», – деп толғапты.
Үнемі ұлттың сөзін айтып, «Қазақтың таңдайы» атанған оған Алла тағала талайғы тарих сыятын ғаламат есте сақтау қабілетін берген. Бүгінгінің ең ауқымды электронды деректер қоймасы – хард деп аталады. Әбекеңнің алтын басы мен кең маңдайы, қатпары қалың миы мен жаңылмас жады осы хардтың міндетін атқарған секілді көрінеді бізге. Бірақ бүгінгі хардтардан гөрі баяғы қарттардың сіңірген қазынасы құндырақ екенін бәріміз де білеміз.
Мәскеулік әйгілі әдебиет зерттеушісі Зоя Кедрина «Үнемі жаңаны іздеп табатын суреткер», – деп бағалаған, венгер аудармашысы Эржебет Катона «Латын Америкасында туса, әлемдік оқырманға мәлім болар еді», – деп сүйсінген,  неміс қаламгері Ральф Шрайдер «Мен одан Томас Маннмен көп ұқсастық көремін», – деп сипаттаған Әбіш Кекілбаевтың шығармашылық әлемі – түпсіз тұңғиық, қастерлі құндылық.
Қазір Ұлы Абайдың «Кешегі өткен ер Әбіш, Елден бір асқан ерек-ті» деген жоқтау өлеңін қалың қазақ бүгінгі Әбішке де арнап айта бастады. Бәлкім, Мәңгілік ғұмыр деген осы шығар...
 

Бауыржан Омарұлы

29 қыркүйек 2024 ж. 100 0