Бүгінгі оқырман – ертеңгі қаһарман

Атаулы шараның негізгі мақсаты – жасөрендер арасында кітап оқуды насихаттау, рухани және мәдени құндылықтарды дәріптеу, оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру. Яғни, балалардың оқу мәдениетін қалыптастыру, кітап сүйгіш оқырмандардың бірегей сұхбат алаңын жасауды негіз етіп алыпты.
Шараға ауданымыздағы мектеп кітапханашылары мен кітапхана оқырмандары, ата-аналар, оның ішінде кітапхананың тұрықты оқырманы Зөре Адасқанова немересімен, Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының Жаңақорған ауданы бойынша мемлекеттік тіл оқытушысы Айгүл Тулепбергенова қатысты. Шараға қатысушылар көкейде қордаланған сұрақтарын ортаға салып, пікір алмасты. Атап айтсақ, кітап оқуға қызығушылық неге азайды, жастардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыру үшін не істеу керек, кітап пен ғаламтордың қайсысы пайдалы, кітапты ғаламтор алмастыра ала ма деген сұрақтарды талқылап, өз ойларын ортаға салып, баланың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға арналған әдіс-тәсілдерімен бөлісті.
Шара соңында, №51 М.Қаратаев атындағы мектептің оқушысы Іңкәр Омар «Кітапханам» деген өлең оқыса, Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының Жаңақорған ауданы бойынша мемлекеттік тіл оқытушысы Айгүл Тулепбергенова қызықты ойындар ойнатып, кітапханашы Жанат Тулешова кітап оқудың жеті пайдасы жөнінде әңгімелесе, тұрақты оқырман З.Адасқанова кітапханашыларға алғысын білдіріп, шараны қорытындылады.
Әсел РЗАЕВА