№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бесік жыры неге тасада қалып барады?

Бесік жыры неге тасада қалып барады?


Құндақтағы сәбиін бесікке салып, бесік жырын айтып ұйықтатып отырған ананы көргенде ет жүрегің елжіреп, әдемі бір күй кешетінің сөзсіз. Бесік жыры ананың балаға деген теңдессіз махаббатының жырмен өрілген көрінісі десе де болады. Баланы тербетіп отырып айтылатын осынау керемет жырдың тәрбиелік, тағылымдық мағынасы зор.


Әдемі әуеннің астарында жас бала дені сау, адал, өнерлі, еңбексүйгіш, еліне қорған болатын азамат болып ержетсе екен деген ізгі тілек бар. Қарап отырсақ, дүниеге келген сәбиін бесікке бөлеп, әлдилеп тербету – барша әйел затының арманы. Даналыққа тұнып тұрған бесік жырында ананың перзентіне деген шексіз махаббаты, ізгі ойы, арман-тілегі жатыр. Бесік жырын тыңдап өскен баланың есте сақтау қабілеті жақсы жетіліп, тілі де ерте шығады. Алайда, соңғы уақыттары бесік жырын айтатын аналар азайып бара жатыр.
Бауыржан Момышұлы: «Құлағына анасының əлди əні сіңбеген баланың көкірегі керең болып қалады ма деп қорқамын…» деген. Иа, рухани дәстүріміздің әлсіреп бара жатқаны да осы. Көпке топырақ шашудан аулақпын, көненің көзін көрген ақ жаулықты әжелеріміз бен абзал аналарымыз болмаса, қазіргілердің көбі оған аса бас қатырмайтын секілді.
Айтуға ұят әрине, қазіргі уақытта бесіктегі сәбиді ұйықтату үшін, ойнату үшін ұялы телефонды нәрестенің басына қойып даңғыраған шетел музыкаларын қосатындар баршылық. Ол әлі дамымаған сәбидің психологиясына қалай әсер етеді? Оны ойлап жатқан ата-ана кемде-кем. Бала түгілі ересектер ұялы телефонның бесіктегі балаға қандай зиян келтіретінін ойлансақ қайтеді.
Бұл өмірден тіпті де хабары жоқ сәбидің өмірге деген құштарлығын, айналасына деген сүйіспеншілігін қалыптастыратын ана жүрегінен шыққан бесік жыры – ананың балаға деген үлкен махаббатының жырмен өрілген көрінісі.
Баланы тербетіп отырып айтылатын осынау керемет жырдың тәрбиелік, тағылымдық мағынасы зор. Ананың жырмен жеткізген ізгі тілегін тыңдаған бала шебер болуға да, шешен болуға да ұмтылып өсері анық. Бала мен ана арасында омырау сүті арқылы байланыс орнағандай, бесік жыры ана мен баланы байланыстырады. Бесікте жатқан сəби анасының əуезді əні арқылы тəрбиені құлаққа сіңіреді. Əуезді əн астарында ізгі тілек, баласына деген сенім, ниет ана дауысымен балаға жетеді.
Бауыржан Момышұлы атамыз тағы бір сөзінде: «Менің үш қорқынышым бар. Біріншісі бесік жырын айта алмайтын келіндердің көбеюінен, екіншісі – немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын əжелердің көбеюінен, үшіншісі – салт-дəстүрін сыйламайтын ұрпақтың көбеюінен қорқамын» деген. Өкінішке орай, қазіргі таңда бесік жырын айту үрдісі қалып бара жатыр. Көп аналар бесік жырында үлкен тəрбие жатқанына мəн бермейді. Оның орнына мəн-мағынасы жоқ əн тыңдауға құмар.

Әсел РЗАЕВА
17 қыркүйек 2024 ж. 278 0