№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Бала ТіЛі НЕгЕ ҚЫСҚАРДЫ?

Бала ТіЛі НЕгЕ ҚЫСҚАРДЫ?



Халқымыз өмірге келген нәрестенің әр қылығына сүйсініп, былдырлаған тіліне қарап «Бала тілі – бал» деген. «Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалар шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі», – деп жазған екен поляк революционері А.Янушкевич. Бірақ кейінгі жылдары сәбидің тілі кеш шығып, мектеп жасына жеткен бала сөйлей алмай, көпшіліктің уайымы күшейе түсті. Жалпы баланың кеш сөйлеуіне не себеп? Баласының бойынан кемшілік байқаған ата-ана не істеуі керек? Осы сауалдар төңірегінде ізденіп көрдік…
Аудандық емханада балалар дәрігері алдында кезектің көптігі таң қалдырды. Басым көпшілігі балаларының сөйлей алмайтынына шағымданып келіп отыр. – Менің ұлым бес жастан асты. Әлі толық сөйлей алмайды. Төрт жастан асқаннан кейін аудандағы жақсы логопед, дефектологтарды жағалап келеміз. Биыл мектепке баруы керек еді. Бірақ, тілі толық шықпаған бала сабақты қалай оқиды деп уайымдап, бере алмадық. Ол көп жағдайда бәрін ыммен түсіндіреді. Кейде жақсы сөйлегісі келеді. Бірақ, түсінбейсің. Енді тағы бір жыл логопедке баруға тура келіп тұр. Қандай маманға барсақ да барлығында кезек, аптасына екі рет ем алуға әрең орын тапты. Сөйтсем, бұл біздің отбасының басындағы жағдай ғана емес екен, – деді жас ана бізбен әңгімесінде. Мамандар айтқандай, мұның бәрі ұрпақ тәрбиесіне селқос қараудан туындап жатыр. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Әйткенмен бүгінгі сәби ана әлдиімен емес, отандық және шетелдік эстрада орындаушыларының хит әнімен ұйықтайды. Ойлаңызшы, даңғырдұңғыр, шақ-шұқ еткен әуеннен баланың ұйқысы қанық бола ма? Бәлкім, бүгінгі балалардың сөз көтере алмай, сәл нәрсеге бұртия кететіні осыдан болар. Жазушы Зейнеп Ахметова ұрпақ тәрбиесіне байланысты өте маңызды мәселелерді көтеріп жүр. – Бесік жыры – балаға берілетін алғашқы тәрбие. Бесік жыры арқылы баланың тілі ерте шығатынына бүгінде мән бермейміз. Бесік жырын тыңдап өскен баланың есте сақтау қабілеті жақсы жетілетініне көңіл аудармаймыз. Соның кесірінен қазақ ұлты шешендігінен, әншілігінен, ақындығынан, сабырлылығынан, парасаттылығынан ажырап барады. Бұл да – алаңдатарлық жай. Баланың тәрбиесін бір ережеге сала алмайсың. Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады дегендей, тәрбие ананың ақ сүтімен сіңеді. Ата-ананың тәрбиесі баланың бүкіл болмысына әсер етеді. Кейбір ата-аналар баласын ерекше үпілеп, айтқанын орындап, өсіреді. Мұндай баланың мінезі ата-ананы тек қаржы көзі ретінде танудан қалыптасады. Басына іс түскенде ол бала жол таппай, іс-қимыл жасай алмай қалады. Кей кезде балаға қаталдық керек. Бірақ қатыгездік емес. Оның арасы жер мен көктей. Бала қорыққанынан бағынады. Бірақ, іштей қарсылық өсе береді. Тек, ата-ана емес, қоғамға деген қатыгездігі өршиді. Сондықтан, ең бастысы ата-ана баламен дос болуы керек», – дейді қаламгер. Шыныңызды айтыңызшы, сіз балаңызбен әңгімелесесіз бе? Балаңыздың сұрағына толыққанды жауап бересіз бе? Әй, қайдам, бүгінгі ата-аналардың көбі сұраққа жауап бермек түгілі, сұрақты толық тыңдауға жүйкесі шыдамайды. Сосын бар жауапты телефоннан іздеп, ұлттық таным мен түсінікке сай келмейтін арзанқол дүниені зердесіне тоқиды. Бала кезімізде аналарымыз сәбиінің көзіне қарап отырып, бесік жырын айтатын. Ақ сүтін беріп отырып, жақсы тілектерін жаудыратын. Үлкендердің айтуынша, қарапайым ғана нәрсе болғанымен, бұның да өз сыры бар.
Әдетте дені сау бала ай сайын жетіліп, дамып, көп нәрсені білуге талпынады. Өкініштісі, көп ата-аналар «Қазіргі балалар үш жасқа дейін сөйлемейді екен, төрт-бес жасқа келген соң сөйлейді ғой» деп алаңдамай, уақыт өткізіп алады. Бұл біздің ғана ойымыз емес, қоғамда талқыланып жатқан мәселе деуге болады. Жасы жетпісті еңсерген Әйткүл әжей де біздің сөзімізді қуаттай түсті. – Бүлдіршіндер сағаттап теледидардың алдынан шықпайды, ата-анасы болса, өз жұмысымен әуре болып жүреді. Тіпті, ата-әженің өзі немересін жанына алып, сөйлесудің орнына, әлгі телефонға кіріп кеткен ғой, шіркіндер! Сырттай қараған адамға өте күлкілі. Үлкендердің де қалыспай телефонға телміріп өзөзімен бір әлем болып отырғаны ерсі емес пе? Бұрынғы үлкендері қандай еді, немересін алдына алып, ғибратты әңгіме айтып, ұлттық қасиетті бойына сіңіруге мән беретін. Келіндердің қолынан да ұялы телефон түспейді. Олар баланы емізіп отырып та ұялы телефоннан көз алмайды. Мұны бала қабылдайды. Сосын ондай балаға телефонын көрме деп айтып көр. Ол бала көзін ашқаннан телефонға тәуелді болып өседі. Бұл әдеттің де сәбидің кеш сөйлеуіне кері әсері бар, – дейді Әйткүл әжей.
                                                            Мамандар не дейді?
Осы тұста бала тілінің кеш шығуына түрткі болатын тағы қандай жайттар бар. Бұл жайында аудандық емхананың бас балалар дәрігері Ұлжан Үрінбаевамен сұқбаттасқан едік: – Өзіңіз байқағандай, баласын ертіп келіп жатқан ата-аналарда есеп жоқ. Маған күніне 30-40 науқас келеді. Оны әр дәрігерге бағыттаймыз. Бала тілінің кеш шығуынан бөлек, мүлде сөйлемейтін балалар аз емес. Бұл сөйлеудің дамымауы деп аталады. Оның ішінде I, II, III деп үш кезеңге бөліп қарастырамыз. Дәрігер ретінде мені ойландыратын мәселе, осындай балаларды ерте анықтап, баламен жұмыс жасау керек. Егер бала 2 жасына дейін сөйлемесе немесе 2-3 сөйлемнің басын қоса алмай жатса тиісті мамандарға көрсетіп, жұмыс жасау керек. Әлбетте, қазіргі уақытта жүкті аналарда қаназдық жиі кездеседі, қала берді экология деп жатамыз. Жарайды, ана баласын аманесен босанып, жарық дүниеге алып келді. Бірақ, жас аналардың көпшілігі балаға толыққанды қарамайды. Жыласа, мазасызданса баланың қолына телефон беріп қояды, баламен сөйлеспейді, ортақ қарым-қатынас жоқ. Соның салдары­нан осындай жағдайға келіп отырмыз. Мұндай баланы невролог мамандарға көрсетіп, оңалту орталықтарына 6 жасқа дейін ғана емдей аламыз. Алты жастан асқанда бұл балалардың барлығы психиатрдың есебінде тұрады. Ал, бұл кезде бала жүйке аурулары ауруханасына жатып, қажетті ем алады. Бұл кезде атааналардың көпшілігі ауруханаға жатуына да қарсылық білдіреді. Аудан бойынша 530 мүгедек бала болса, сөйлеудің дамымауы бойынша 31 бала есепте тұрады. Бұл есепте тұратындары ғана, емханаға келмей жүргендері қаншама. Бұл жайбарақат қарайтын мәселе емес. Сонымен қатар бір кемшілігіміз, көпшілік аналар баланың аузына емізікті салып, құлағының тыныштығын ойлайды. Негізі емізікті мүлде қолдануға болмайды. Қолданған күннің өзінде, кемі бала алты айдан асқан соң түбегейлі бас тарту керек. Егер балаңыз емізікті көп еметін болса, баланың ауыз қуысының дәмі өзгеріп, дұрыс тамақтануына зиян келеді. Оны бала қолымен алады-салады, жерге түсіреді, қайтадан аузына салады. Содан кей баланың ішіне инфекция түседі. Емізікпен қатар балаға қосымша сұйық тамақтарды бөтелкемен беріп оған да бой үйретіп қояды. Мұның да зияны көп, – дейді педиатор. Бала тілінің кешеуілдеп шығуы тек ата-аналарды ғана алаңдатып қоймай, дәрігерлер мен арнайы логопед мамандардың назарын аударуда. Дегенмен ата-аналар баласының тілінің кеш шығуын біле тұра, мамандар көмегіне жүгінуге құлықсыз. Осындай немқұрайлылықтан бала тілінің дамуы тежеледі, – дейді арнайы логопед маман Ақжібек Жүсіпбекова. – Шыны керек, бала тілінің кеш шығуы, сақаулануы өте көп кездеседі. Мұның бірнеше себебі бар. Құрсақта жатқанда анасының түрлі ауруларға ұшырауы, көп уақыт бойы емізік емген баланың таңдайының дұрыс қалыптаспауы, қатты шошынудан тұтығу пайда болуы секілді себептерді айта беруге болады. Ең бастысы, баланың тілінің ерте шығуына ата-ана тәрбиесінің үлкен мәні бар. Бала 1 жаста 10-15 сөзді айта алатын қабілетке ие болуы қажет. Ал бізде бүлдіршін 3-4 жастан асып кетсе де тілі шықпағанына мән бермей, «ер баланың тілі кеш шығады» немесе «еркелік қой» деп мән бермейді. Бұл дұрыс емес. 2 жаста 200- дей сөзді айтып, 3 жастан асқан кезінде еркін әңгімелесетін шамада болуы тиіс. Тағы бір мәселе – бүгінгінің балалары ет жемейді, сүйек мүжімейді. Сүйек мүжудің тілдің шығуына үлкен септігі бар. Бұл кезде ауыз қуысының бұлшық еттері ширап, баланың артикуляциясы жаттығады, – дейді логопед. Жалпы, бала денсаулығы дұрыс болсын десек, үйде жағымды атмосфера қалыптастыруымыз керек. Баланың жағдайы көбінесе үйдегілердің қалыптасқан қарым-қатынасына байланысты. Үлкендер бір-біріне қамқор болып, дұрыс қарым-қатынас түзсе, баламен жиі әңгімелессе, тілі де тез шығады. Ал үнемі айқай-шу, бір-бірін кінәлау, ұрыс болатын ортада бала мінезі «құрдымға» кетті дей беріңіз. Көп ата-ана бала үлкендердің қарым-қатынасын түсінбейді деп ойлайды. Бұл дұрыс емес. Балалар өкпеөкініштің бәрін сезеді, түйсінеді. Егер ата-аналардың қарым-қатынасы нашар болса, үйде ұрыс-жанжал тыйылмаса, бала мұны тез қабылдап алады, – дейді психолог маман Аида Айнақожаева. – Соңғы уақыттары мектеп жасына жеткен баланың сөйлемеуі немесе кішкентай бүлдіршіндердің тұтығып, кекештенуі жиі кездесетін болды. Меніңше, қоғамда бесік жырын айтатын аналар азайып бара жатыр. Бауыржан Момышұлы: «Құлағына анасының əлди əні сіңбеген баланың көкірегі керең болып қалады ма деп қорқамын…» деген екен. Бәлкім, рухани дәстүріміздің әлсізденіп бара жату себебі де осы ма дейсің.
Бүгінде бесіктегі сәбиді ұйықтату үшін, ойнату үшін ұялы телефонды нәрестенің басына қойып даңғыраған шетел музыкасын қосып қояды. Ол әлі дамымаған сәбидің психологиясына қалай әсер етеді? Оны ойлап жатқан атаана кем. Бесік жыры – ананың балаға деген үлкен махаббатының жырмен өрілген көрінісі. Баланы тербетіп отырып айтылатын осынау керемет жырдың тәрбиелік, тағылымдық мағынасы зор. Әдемі әуеннің астарында жас баланың дені сау, адал, өнерлі, еңбексүйгіш, еліне қорған болатын азамат болып ер жетсе екен деген ізгі тілек бар. Ананың жырмен жеткізген ізгі тілегін тыңдаған бала шебер болуға да, шешен болуға да ұмтылып өседі. Бала мен ана арасында омырау сүті арқылы байланыс орнағандай, бесік жыры дəл солай ана мен баланы байланыстырады. Бесікте жатқаннан сəби анасының əуезді əні арқылы тəрбиені құлаққа сіңіреді. Əуезді əн астарында ізгі тілек, баласына деген сенім, ниет ана үнімен балаға жетеді. Өкінішке орай, көбіміз бесік жырында үлкен тəрбие жатқанына мəн бермейміз. Оның орнына мəн-мағынасы жоқ əн тыңдауға құмар. Соның салдарынан бүлдіршіндер зардап шегуде. Бала – біздің болашағамыз. Әрбір ата-ана өмірге әкелген сәбиіне жауапкершілікпен қарап, мейірім танытса мұндай келеңсіздіктер орын алмас еді, – дейді психолог маман.

                                                                                                                                                     Әсел РЗАЕВА
08 қазан 2023 ж. 152 0