№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Еңбексүйгіш елден бақ кетпейді

Еңбексүйгіш елден бақ кетпейді


Шалқия кенішін бетке алып, ауыл халқының әлеуетімен танысуды мұрат тұттық. Ауыл әкімі Ғалымжан Ерахынов болса «Біздерде мынадай бар, мынадай бар» дегендей, кенттегі көзге түсер, көңілден шығар жақсы істің басы-қасында жүрген еңбек адамдарымен арнайы жолықтырды.


Бір байқағанымыз, жалындаған жастық кезеңдері тауды да тесіп, табысын тамшылатып, кеніш даңқын одаққа таратқан қажырлы замандастарымыздың қатары бұл ауылда сиреп қалған. Көбі қай бір жылдары кен өндірісі кенеттен тоқтап, тоқырауға ұшырағанда күнкөріс қамымен жер-жерге қоныс тепкен. Елді қимай етекте қалғандардың бала-шағасы бүгінде тынысы қайта кемеріне келген кен орнының кетігіне жарап, ел тынысы қайта тіктелуде.
Шалқияның бүгінгі әлеуетімен таныс­тыруды мақсат еткен ауыл әкімі бізді елді мекенге кіреберістегі шағын құрылыс алаңына алып келді. Аумағы екі гектарға жуық алаңқайдың бір жағы қоршал­ған бау-бақшалық, ал екінші жағында шлакоблок құрылысына қажетті үлкенді-кішілі құрылғылар тұр. Жаңадан құйылып қатар түзеген шлакоблок материалда­ры ұқыптап, жиналып, көлікке артуға әзірленіп қойғаны байқалады. Кәсіпке бұрынырықта пайдаланылған қарапайым, тозған техника пайдаланудан қалып шетке ысырылып қалыпты да алаң­қайдың ортасын еңсерген соңғы үлгідегі станок тоқтамай жұмыс жасап тұр. Жанымызға келген отыздың о жақ, бұ жағындағы азамат осы өндіріс орнының ұйымдастырушысы екен. Тұрақты жұмыс істеп келе жатқанына оншақты жыл болып қалыпты. Елгезек жігіттің есімін Байғали деп таныстырды әкім.
«Ал, енді айта бер, мынанша істің көзін қалай қиыстырып жатырсың?» деген сауалымызға да іркілмеген кәсіпкер жұмысын рет-ретімен баяндап берді.
– Алғаш кәсібімді жұмыспен қамту орталығынан 583 мың теңге қаржы алып аяққа тұрғыздым. Алған қаржыма шлакоблок құятын қарапайым механи­калық құрылғы сатып алдым. Қасымда екі-үш жігітпен қалған шаруаны қолдап атқарып, төрт-бес маусымды артқа тас­тадық. Әжептеуір қаражат жинап, осыдан бес жыл бұрын Қытай мемлекетінен шыққан автоматтандырылған техникаға қол жеткіздік. Құжаты бар, тасымалы бар, он бес миллионға бағаланды. Есесіне еңбек өнімділігіміз он-жиырма есе артты деуге болады. Су әкелу үшін артезиан қаздырдым, электр тогын келтірдік. Қалғаны бейнетіңе сыйынып, бел шешпей еңбек етуге ғана байланысты. Жан қинамау үшін оңай жол табудың әдісі әр жерде бар шығар, қара теріңді алар қарапайым еңбектің басында оған орын жоқ екен. Өз еңбек тәжірибемде менің түйгенім осы, – дейді ол күліп.
– Жаныңдағы жігіттер де өзіңнің талабыңнан шығар еңбекқор аза­маттар болды ғой.
– Ия, мұндайда мүдде бірлігі бәрін шешеді.
Мына жұмыс жасап жатқан орны­мызды өз атына заңдастырып, кәсіп ашуды мақсат тұтқан әкем болатын. Бір қапталында алма бағын қондыруға әрекет жасап, бір гектар аумақты жыңғыл қорамен қоршалап, төрт сква­жина қазды. Шахта жабылғанға дейін кеніште жұмыс істеген әкем зейнет жасына жетіп те үлгермеді, өмірден озып кетті. Осы бастаған ісін жалғауды мұрат тұтып қарекетімізді жалғастыра бердік. Әкемнің алма бағына қазір ағам Нұрғазы егелік етеді. Ал мен осы кәсіпті аяқтан нық қоюға тырыстым. Жанымда әкемнің замандасы Жомарт ағам көмекші. Істің көзін білетін жандарды жұмыспен қамтып отырмын, – деді ол.
Қызу жұмыс жасап жатқан техно­логияның өндіріс процесі көз алдымыз­дан өтіп жатыр. Әне, алдымен бункерге құйылған құм, қиыршық тас, цементке су қосылып бетон араластырғышта бабына келгеннен кейін автоматты қозғалғыш­пен сыртқа престеліп шығарылады екен. Пескоблоктың сапалылығы да сол себепті болса керек.
Бұл ойымызды тірілткен ауыл бас­шысы:
– Байғалидың өніміне сұраныс көп. Оның себебі – сапалылығында. Аудан орталығынан соғылған 50 үй құрылысына материалға осы жерге тапсырыс берді. Тіпті келесі жылға тапсырыс алып отырған жағдайлары бар. Цехтің өзінде 2 КамАЗ автокөлігі бар, пескоблокты тиеп өздері жеткізіп береді, – деді. Күніне 1000 дана құрылыс материалы тиеліп, 1000 дана жаңадан құйылып отыр екен. Жеткізу құнымен бір данасы 170 теңгеден екенін де білдік.
Байғали жанұяда алты баланың ең кенжесі екен. Ағасы екеуі ауылда қалып, аналары Алмагүлдің көз алдында әке аманатын жалғастырып отырған жайы бар. «Отызында орда бұзбаған қырқында қамал алмайды» дегендей, бозым жасынан болатын тірлікке белді буып кірісіп, ірі істерге нартәуекел ет­кен және соның нәтижесіне қол ар­тып отырған еңбеккеш азамат Байғали Әбибуллаұлының байыпты мақсат түйіп жеткен жетістігі сүйсіндірді.
– Дұрыс. Жап-жақсы кәсіп жүргізіп жатыр екенсің. Кәсіптен түсетін табыс, шығыны бар, жұмыс күшінің заңды мәртебесін бекіту, барлығын талапқа сай етуге мүмкіндігің қалай? Қандай жоспарларың бар? – деген сауалымызға жауап ретінде алдағы мақсатымен де бөлісті. Берген жауабы көңілімізден шықты. Жерге қарап тұрған адам олай сөз саптай алмаса керек. Тағы да мәрттігі де басым ба деп қалдық. Оған себеп «Қайырымдылық шараларына қалай қарайсың? Елдегі тұрмысы төмен­дерге жеңілдік болады ма?» деген сұрағымызға «Әрине, онсыз болмайды ғой, жөн-жоралғы жолымен қатар дос-құрбының қажетіне атадым деп тегін беріп жіберетін де тұстарымыз бар. Ауыл жастары болып бас біріктіріп, елдегі тұрмысы төмен жалғызілікті жандарға қолұшымызды созып отыруға тырысамыз. Жоқ-жұқаға жеке көлігіммен отын-суын түсіріп беріп, қарасып отыруды өзіме бір міндет санаймын, – деп жауап берді ол шын пейілмен.
Ә-ә, енді түсінікті, айналасы әлі қоршала қоймаған, ауыл шетіндегі жа­панда күндіз-түні күзетсіз, қорусыз жа­ғалай жайрап жатқан мына ен байлық­тың суық қолдан аман жатуының сыры белгілі болды, егесінің зекеті түгел екен ғой. «Зекеті мол адамның дүниесін сұқ көзден Құдай өзі сақтап қояды» делінген хадисте.
Ауыл жастарын жұмыспен қамтумен қатар есік алдында шаштараз ашуды қолға алыпты. Жақын күндері сұлулық салонын осы мамандыққа бейімделген келіншегі Динаранаың иелігіне тапсырмақ. Ол кезде Шалқияның тұрғындары шашатараз үшін аудан орталығына сабылмайтын болады.
Иә, әділетті қоғамның негізін қалай­тын осындай жаны таза, еңбекқор жастарымыз көп болсын.

Баян ҮСЕЙІНОВА
17 қыркүйек 2024 ж. 241 0