Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Еңбексүйгіш елден бақ кетпейді

Еңбексүйгіш елден бақ кетпейді


Жалындаған жастық кезеңдері тауды да тесіп, табысын тамшылатып, кеніш даңқын одаққа таратқан қажырлы замандастарымыздың қатары бұл ауылда сиреп қалған. Көбі қай бір жылдары кен өндірісі кенеттен тоқтап, тоқырауға ұшырағанда күнкөріс қамымен жер-жерге қоныс тепті. Елді қимай етекте қалғандардың бала-шағасы бүгінде тынысы қайта кемеріне келген кен орнының кетігіне жарап, ел тынысы қайта тіктелуде.

 Шалқия кентін бетке алып, ауыл халқының әлеуетімен танысуды мақсат еткен едік, елді мекенге кіреберістегі шағын құрылысқа еріксіз маңдай тіреуге тура келді.

Аумағы екі гектарға жуық алаңқайдың бір жағы қоршалған бау-бақшалық, ал екінші жағында шлакоблок құрылысына қажетті үлкенді-кішілі құрылғылар тұр. Жаңадан құйылып қатар түзеген шлакоблок материалдары ұқыптап, жиналып, көлікке артуға әзірленіп қойғаны байқалады. Ау, бұның егесі кім екен? Осында жалғыз жүрген жіңішке келген қара баладан соның жөнін сұрай кетейік деп бері бұрылып едік, елгезек жігітіміз елпілдеп амандасып, «егесі мына менмін» деді. «Ал, енді айта бер, мынанша істің көзін қалай қиыстырып жатырсың?» деген сауалымызға да іркілмеді. Рет-ретімен баяндап берді.

– Алғаш кәсібімді жұмыспен қамту орталығынан 583 мың теңге қаржы алып аяққа тұрғыздым. Алған қаржыма шлакоблок құятын қарапайым механикалық құрылғы сатып алдым. Қасымда екі-үш жігітпен қалған шаруаны қолдап атқарып, төрт-бес маусымды артқа тастадық. Әжептеуір қаражат жинап, осыдан екі жыл бұрын Қытай мемлекетінен шыққан автоматтандырылған техникаға қол жеткіздік. Құжаты бар, тасымалы бар, он бес миллионға бағаланды. Есесіне еңбек өнімділігіміз он-жиырма есе артты деуге болады. Су әкелу үшін артезиан қаздырдым, электр тогын келтірдік. Қалғаны бейнетіңе сыйынып, бел шешпей еңбек етуге ғана байланысты. Жан қинамау үшін оңай жол табудың әдісі әр жерде бар шығар, Қара теріңді алар қарапайым еңбектің басында оған орын жоқ екен. Өз еңбек тәжірибемде менің түйгенім осы, – дейді ол күліп.

– Жаныңдағы жігіттер де өзіңнің талабыңнан шығар еңбекқор азаматтар болды ғой.

– Ия, өзімнің достарым. Еңбегіне қарай ақысын төлеймін. Бір жерден нан тапқан адам бір үйдің баласындай болып кетеді екен. Жұмыс маусымы біткенде бір-бірімізден ажырауға кәдімгідей қиналамыз.

Бізге салса қазан айы бітісімен наурыз басталып кетсе де шаршамай жұмыс істеуге бармыз. Бірақ арада алты ай қыс жұмыс тоқтап қалады. Ендігі ойым, осы кезеңдері де әріптестерімізбен бірге айналысатын жұмыс көздігін ашу. Ауылда оның көзін табуға болады.

– Қандай кәсіп көзін ашар едің?

– Мәселен, қарамағымдағы мына аумақтың жартысы кезінде қоршалып, бау-бақша егілді. Өмір бойы шахтада еңбек еткен әкемнің кеніш жұмысы тоқтағанда тоқырап қалмай, осы жерді жекеге алып, жыңғылмен қоршап, ішіне бау-бақша еккен адал еңбегінің өтеуін өзімізге жарата білу де маңызды. Көлемді кәсіпті көптің күшімен меңгеруде бизнес-жоспар түзуге болатын секілді. Қазірдің өзінде жоңышқа егіп, жинап алуды жолға қойдық. Мына қатардағы ашық алаңға мал бордақылау комплексін салып, кешенді шаруаны жолға қоюға болады, – дейді ол.

Біраз жұмысты жолға қойғаны өз алдына келешегіне болымды жоспар құрып, иығына салмақты жауапкершілікті артып отырған жі¬гіттің әңгіме ауанынан дәу де болса бір үйдің тұңғышы-ау деп жорыдық. Өзінен сұрап көріп едік, тіпті олай емес. Жанұяда алты баланың ең кішкентайы екен. Бәрі жан-жаққа кеткен де, қарашаңырақта отырған өзі болып шықты. Тегінде алдыңғы туылғандар ол кезде өздері де жас, гүлдей жайнаған әке-шешемен бірдей ойнап-күліп, қалай өскенін білмей қаласың, үйдің осындай кенжетайлары қатарға қосылып, адам болам дегенше ата-анасы шіркін де бір жағына шығып, кәдімгідей қажыры қайтып, осылардың қолына қарап қалатыны рас. «Соңғы түйенің жүгі ауыр» дегенді қазақ тегін айтпаған. Біздің кейіпкеріміз – мына алдымызда тұрған Байғали Әбибуллаұлының салиқалы ой сабақтап, салмақты әңгіме айтып тұрғаны содан.

– Дұрыс. Жап-жақсы кәсіп жүргізіп жатыр екенсің. Кәсіптен түсетін табыс, шығыны бар, жұ¬мыс күшінің заңды мәртебесін бекіту, барлығын талапқа сай етуге мүмкіндігің қалай? Қандай жоспарларың бар? – деген сауа¬лы¬мызға жоғарыда берген жау¬абы көңілімізден шықты. Жерге қарап тұрған адам олай сөз саптай алмаса керек. Тағы да мәрттігі де басым ба деп қалдық. Оған себеп, «құрылыс материалын қаншаға саудалап жатырсың? Елдегі тұрмысы төмендерге жеңілдік болады ма?» деген сұрағымызға «Әрине, онсыз болмайды ғой, жөн-жоралғы жолымен қатар құрбының қажетіне атадым деп тегін беріп жіберетін де тұстарымыз бар. Осы кентте Ғазиз деген ағамыз тұрмысы төмен көп балалы отбасына өз жәрдемімен баспана соғып берді. Сол кісінің қапталында жүріп менің де көмегім тиіп, қамқор ниетке үлесімді қостым. Тіпті қара батпақтың үстінен үйіне барар жолына дейін тасын да төсеп бердік. Бұдан өзге, ауылдағы мешіт жанынан үлкен асхана тұр¬ғызуда ауыл жастары болып мате¬риалымызды өзіміз жеткізіп, жұмы¬лып қабырғасын тұрғыздық. Төбесін жабуға «ШалқияЦинк» мекемесі де¬меушілік етіп, құрылысы бітуге таяу. Осындай жақсы істерге ат қосқан сайын адам жаны жадырап, қуанып жүреді екенсің, – деп жауап берді ол шын пейілмен. Ә-ә, енді түсінікті, айналасы әлі қоршала қоймаған, ауыл шетіндегі жапанда күндіз-түні күзетсіз, қорусыз жағалай жайрап жатқан мына ен байлықтың суық қолдан аман жатуының сыры белгілі болды, егесінің зекеті түгел екен ғой. «Зекеті мол адамның дүниесін сұқ көзден Құдай өзі сақтап қояды» делінген хадисте.

Иә, әділетті қоғамның негізін қалайтын осындай жаны таза, еңбекқор жастарымыз көп болса екен. Біздің тілек осы.

Баян ҮСЕЙІНОВА
13 қараша 2022 ж. 945 0