№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тау беткейдегі ауылдар тынысы

Тау беткейдегі ауылдар тынысы

Аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлының ауылдарға есепті сапары тау беткейдегі ауылдармен түйінделді. Кеше алты ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып, тұрғындардың талап-тілегін тыңдап қайттық. Әрбір елді мекендегі кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Жарқынбекұлымен сол ауылдың депутаты арнайы барып, атқарылған жұмыстарын жүйеледі.

Аудан әкімі бастаған делегация алдымен Ақүйік ауылдық округіне барып, халықпен жүздесті. Бұл ауылда биыл жаңалық көп, көше жарығы ретке келеді, күретамыр көшенің ойдым жерлері жөнделеді. Одан бөлек, тындырымды тірліктер бар, ең бастысы, ауылға газ келді. Ауылдағы ағайын көгілдір отынның игілігін көруде. Биыл 9 ауылдың жарығы бойыншы құрылыс жұмысы басталса, келер жылға 10 ауыл кезекте тұр. Сол 10 ауылдың көшінде Бірлік бар, яғни, келер жылдың соңына дейін кентті қоспағанда аудан бойынша 20-ға жуық ауылдың жарығы толық жаңарады. Оның ішінде, бағана, сым және трансформатор да бар.
Әкімге ауыл тұрғындары тарапынан да сауалдар қойылды, мектептің күрделі жөндеу жұмысы ұстаздарды алаңдатады екен. Бірақ, бұл тірлік аудан әкімінің құзырында емес, дегенмен де құрылыс басталғалы басы-қасында жүрген аудан басшысы ауыл халқына ренжулі. Өйткені, құрылыс бітпей жатып, мердігер мекеменің мазасын ала бергендіктен құрылыс орта белден тоқтаған. Балалар ойын алаңқайын салуға уағдаласты, сол секілді соғыс ардагерлерінің аллеясын ретке келтіру бойынша жоспарлауды да күн тәртібіне қойды. Ауылда ұсақ-түйек мәселе көп, сондықтан ауыл әкіміне қатаң ескертіп, жұмыс жасау керектігін айтты.
Қыраш ауылы халқы сөз басын газ келгеніне алғыс айту лебізімен бастады. Әрине, берекелі ауылдағы жұртшылық әр іске шүкірмен қарап, елге керекті дүниелерді таразылап отырады. Бір өкініштісі, тозығы жеткен клуб үйін жаңадан салу жоспары кешеуілдейін деп тұр. Өйткені, тапсырма солай. Алдымен адамға қажетті ауыз су, жарық, жол және газдың мәселесін толық шешіп, содан соң қалған жұмыстарды жүйелеуді тапсырған еді. Одан бөлек, ауыл балаларына ойын алаңы салынады, кіре беріс қақпа қайта еңсе тіктейді. Бұл ауыл ғана емес, басқа да округтердің қақпасы қайта жаңғыратын болады.
Қосүйеңкіліктер интернет мәселесін айтып, ертерек шешіп беруді өтінді. Өйткені, оқушылардың интернетке кіруі, тест тапсыру, құжат дайындауы қиынға соғуда. Әрине, бұл ауданның құзырында емес, дегенмен аудан басшысы жауап­ты мекемелер айналысып жатқанын жеткізді. Жалпы интернет мәселесі тек елді мекендерде ғана емес, аудан орталығында да өте нашар. Бұған министрлік тікелей жауап беруі тиіс. Келесі кезекте жайылымдық жердің жыры талқыланды. Қос бірдей қалталы азаматтың аша тұяқтарын ауылдан алып кетпей отырғаны тұрғындардың ашу-ызасын туғызуда. Халықтың жан-айқайы өте жөн, өйткені, нәпақасын төрт-түліктен көріп отырған ағайынның аз ғана жерін бай-бағландар иеленіп алу дұрыс емес. Сөз соңында субсидия мәселесі көтерілді.
– Барлық мәселе кезең-кезеңімен шешіледі. Уақыт керек, мен бюджетте ақша жоқ демеймін, тек жоба-сметалық құжатын дайын күйде алып келсе болғаны. Ал, оған мемлекет қаржы бөлу керек болса, онда ол жылға созылып кетуі мүмкін. Сондықтан демеушілікпен құжат дайындаса, біз қаражатын бөлеміз. Көп те қаржы тұрмайды, сондықтан ауыл әкімдері мен депутаттар осы мәселесін ертерек қолға алу керек. Ал, субсидия туралы мәселеге жауап беру қиын емес. Біздер мал басына қайтарымсыз қаржыны алып аламыз, бірақ берген өніміміз жоқ. Әр істің қайтарымы болу керек, судың да сұрауы бар деген. Сондықтан, барлығына байыппен қараңыздар, – деді аудан әкімі М.Тілеуімбетов.

Одан кейін Манап ауылдық округіне жол жүрдік. Биылға жасалынатын жұмыстың бірі көше асфальті, одан кейін көпшілік 30 орындық интернат салуды сұрады. Аудан басшысы жеке кәсіпкер өз қаржысына салсын, біз сатып алайық деп ұсынды. Ал, бокстан бапкерге штаттық қызметті міндетті түрде тауып береміз деді. Талап ауылдық округі тұрғындары ауыз суды бірінші орынға қойды. Жауапты мекеме түске дейін 3 сағат, түстен кейін 3 сағат су беруге уәде берді. Ал, Жаманбай батыр ауылы биыл лотоктың игілігін көруге ниетті. Құрылыс жұмысы жүргізілуде, тек сапалы болса болғаны. Сондай-ақ, басқа да жұмыстардың жүйесі бар, жаяу жүргіншілер жолы мен көше жарығы реттелуде.

Міне, тау беткейдегі ауылдардағы жұмыс барысы осылай бағдарлануда. Негізгі тіршілігі төрт-түлікпен түрілген бұл ауылдарға жайылымдық жер мен аяқ су мәселесі көбірек қажет екені айтпаса да түсінікті. Жұмыс нәтижелі, тек сәл сабырлық танытып, әр істің сапалы жүзеге асуына бақылау жасасақ болғаны.

Әли ТЕМІРБЕК

20 мамыр 2023 ж. 218 0