Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ТАУ ЕТЕГІНДЕГІ ТОЙ

ТАУ ЕТЕГІНДЕГІ ТОЙ


Қаратаудың етегіне қоныс тепкен Шалқия тұрғындары жылда Әз-Наурызды ауданда алғашқы болып мерекелейді. Қазақ халқы қашанда қайбір істі жақсылыққа жорыған ғой. Иә, бір кездері жайқалған Шалқия кенті қаншама уақыттан бері енді қайта еңсесін тіктеп, жаңғыра түскендей. Ауыл әлеуеті артып, халық саны өсіп келеді.
Кеншілер кентіндегі халықтық мереке спорттық шаралармен ерекшеленді. Яғни, құрыш білекті жігіттер гір тасын көтеріп жарысса, енді бірі қол күрестен кім мықтыны анықтады. Сондай-ақ, шағын футболдан үздіктер сараланып, жеңімпаздар «ШалқияЦинк ЛТД» АҚ марапатын алды. Алтыбақан құрылып, жігіттер мен қыздар Қаратаудың жұпар ауасында көңіл көтерсе, ақ жаулықты әжелер мен ауыл қариялары бір-бірімен көрісіп, «Жыл басы құтты болсын, ит жылы ырысты, мерекелі де берекелі болсын!» – деп тілек білдіріп жатты.
Көңілдері жадыраңқы кент тұрғындарын аудан әкімі Ғалым Әміреев құттықтап, қуанышымен бөлісті.
– Ежелден түркі тектес халықтар асыға күтетін Әз-Наурыз құт-берекесін ала келсін! Қазақ халқының бабадан қалған бұл дәстүрі, бүгінге аманат, келешекке мұра болып қала бермек. Кеңес дәуірі кезінде де біздер үшін ұлы мейрам болған Наурыз тойы тарихымызға тереңнен бойлап, қазақпен бірге жасап келеді. Халықтың бірлігі мен татулығының арқасында әр жыл сайын тәуелсіз еліміздің тұғыры биіктеп, еңсесі көтеріліп, өркендеу жолында. Сыр елі, оның ішінде Шалқия кентінің де ажары мен келбеті осындай игі дәстүрлермен астасып, асқақтай түсуде. Сондықтан Ұлыстың ұлы күні, жаңа жыл жаңа табыстар, жарқын жемістермен қуанта берсін, – деп аудан басшысы ыстық лебізін білдірді.
Одан әрі кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәулебек Қалыбаев пен «ШалқияЦинк ЛТД» басқарма төрағасының кеңесшісі Нажмадин Мұсабаев тілегін жеткізді.
– Шалқия қайта өркендеу жолында адымдап келеді. Бүгінде зауытта тер төгіп жатқан жұмысшылардың жетпіс пайызға жуығы жаңақорғандықтар. Оның ішінде Шалқияның үлесі басым. Алла нәсіп етсе 2020 жылға қарсы «Шалқия Цинк» толықтай іске қосылады, – деген Нажмадин Түркпенұлы жағымды жаңалығымен қуантты.
Ізгі тілектен кейін зауытта қажырлы еңбек еткен қызметкерлер марапатталды. Ән мен биден шашу шашылып, қонақтар қаз-қатар тігілген киіз үйлерді аралап наурыз дәмінен ауыз тиді. Айта кететіні, Жаңақорған ауданын ұзақ жылдар басқарған Н.Мұсабаевқа ауданның «Құрметті азаматы» атағын аудан әкімі табыстады.

Бесарықтағы думан
Наурыз – жер бетіндегі тіршілік атаулыны ұйқысынан оятып, жақсылық пен құт берекенің көзін ашып, күн мен түн теңелген күн. Елді бірлікке, ынтымаққа, достыққа ұмтылдырған күн. Бесарықта өткен тойда ауыл ауызбіршілігі мен азаматтарының достығының, қарияларының дархан көңілінің кеңдігінен есте қаларлықтай әсер қалдырды.
Халықтық тойға аудан әкімі Ғалым Әміреев ауыл тұрғындарын Әз-Наурызбен құттықтауға арнайы барды. Аудан басшысы ауыл тұрғындарын Ұлыс күнімен құттықтап, ізгі ниетін білдірді. Ауыл ақсақалы Мұратбек Әбілхайыров пен ауыл ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрғанбек Жайынбаев та сахна төріне шығып, ауылдастарына жылы лебізін жеткізді. Олар мейрам исі қазақ баласының асыға күтер ұлттық мейрамы екенін айтып, айтулы мерекені бесарықтық ағайындар ерекше мерекелеп, халықтық деңгейге жеткізгенін мақтанышпен сөзге қосты.
«Азаматына қарап ауылын таны» демекші, биыл 1970 жылы туылған азаматтардың ұйытқы болуымен наурыз тойы ерекше өрбіді. Осындай игі істердің арқасында бірқатар азаматтар аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. «Дәстүрдің озығы бар» демей ме халық даналығында. Ғасырлар керуенінен жеткен сондай қастерлі дәстүрдің бірі – тұсау кесер салты. Сондай дәстүрдің көрінісін Бесарықта көрдік. Аудан әкімі мен ауыл ақсақалы қос бүлдіршіннің тұсауын кесті. Сержан мен Гүлдананың шаңырағында Ұлыс күні өмірге келген Раяна мен Саяна есімді қыздың болашағына батасын берді.
Тойда ұлттық ойындар ойналды. Ал, сахнаның төрінен ауыл өнерпаздары ән-күй мен биден шашу шашты. Киелі Түркістан қаласынан келген өнер ұжымы да өз өнерлерімен көпті тәнті етті. Түйіндей айтқанда, біз барған қос ауылдағы дүбірдің керемет өтуі ауылдағы ағайынның ауызбіршілігінің берік екенін аңғартты.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
27 наурыз 2018 ж. 1 211 0