№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ынтымағы жарасқан ауыл тынысы

Ынтымағы жарасқан ауыл тынысы


Ауыл – қашан да қазақтың алтын бесігі, ұлттың тозбас темірқазығы. Егер ауыл ахуалы жақсарып, әлеуметтік жайы тұрғындар үшін қолайлы болса, демек жақсылықтың нышаны, берекенің бастауы деуге әбден болады. Біздің бұл жолғы сапарымыз аудан орталығынан 30 шақырымда таудың етегінде қоныс тепкен Қыраш ауылында жалғасты. Бұрынғыдай емес, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолдан бұрылғаннан кейін де асфальтталған тегіс жолмен жүйткіп отырып, жасыл желекке малынған ауыл ішіне кіріп бардық. Ауылға кіргенімізде инфрақұрылым, оның ішінде кіреберіс үлкен көшеге жөндеу жүргізілгенін көрдік. Одан бөлек жүргізіліп жатқан жұмыс та аз емес екен. Қыраш ауылының әкімі Бақытжан Әжібеков қарсы алып, ауылдың тыныс-тіршілігімен таныстыра бастады.


Әуелгі сөзімізді ауылға кіреберіс жолдың былтыр жөнделгенін естідік. Барлығы төрт шақырым болатын аудандық маңыздағы жол 35 жыл бұрын салынған, 1988 жылдан бері жөнделмепті. Осыдан екі жыл бұрын аудан бюджетінен қаржы бөлініп, былтыр күздің басында ғана асфальт төселгенін тілге тиек етті. Расында, қара жолдың кеңейіп, толығымен тегістелгенін бізде бірден аңғардық. Қарт Қаратаудың етегін бойлай қоныстанған ауылдың тынымсыз тірлігі де көрер көзге нағыз ауыл ажарын айшықтап тұрғандай. Қыраштағы екінші жаңалықтың жөні бөлек. Бұл – тұтас ауыл халқының қуанышы десек те болады. Қыраш ауылы асыға күткен көгілдір отынына қол жеткізді. Былтыр құрылысы басталған табиғи газ қос ауыл тұрғындарының пайдалануына берілді. Ауыл тұрғындарының қуанышы жүздерінен байқалып тұр.
Ауыл әкімі Бақытжан Әжібековтен атқарылған жұмыстарын жүйелеп алдық. Біз басымдық беретін сала ауылдың әлеуметі мен экономикасы болғандықтан сол бағытта сөз саптадық.
– Биыл ауыл асыға күткен көгілдір отынға да қол жеткіздік. Бұл ғаламат жоба деуге болады, былтыр құрылысы басталған табиғи газдың міне енді игілігін көріп жатырмыз. Елді мекенде 5 көше бар. Көшелердің жалпы ұзындығы 9,6 шақырым. Тәуелсіздік көшесіне 2010 жылы, Желтоқсан көшесіне 2017 жылы асфальтталған. Қалған Бейбітшілік, Қаратау, Жаңауыл көшелеріне қиыршық тас төселген. Биылғы жылы осы көшелерді жөндеуден өткізіп, асфальттауға ұсындық. Бізде біраз уақыт көшенің жөндеу жұмыстары тоқтап тұрды. Өйткені, газ кіретін болғандықтан көшелер қазылып, құбырлар жүргізілгендіктен көшелер жөндеу көрмеген еді. Енді газ толық кіргеннен кейін көшелерді асфальттауға кірісіп жатырмыз. Көшені жарықтандыруға да құжатын түгендеп өткіздік. Жақын арада шешімін табады деп отырмыз. Халыққа ең қажетті ауыз су тау беткейіндегі «Қайнар» бұлақтан су құбыры арқылы елді мекен іргесінде орналасқан 250 тонналық 2 су сақтау сыйымдылыққа жинақталып, барлық тұрғын үйлерге құбыр арқылы су босатылады. Әрбір үйге су есептегіш орнатылған. Елді мекенде ауыз су, аяқ су мәселесі толықтай шешілген, – дейді ауыл әкімі.
Осы тұста айта кетейік, ауыл әкімі әкімдік ғимарат алдында ағып жатқан суды көрсетіп, дәмін де таттық. Расында, таудың саф ауасы мен мөлдір таза суы ауыл халқының мақтанышы десе де болатындай.
Қыраш ауылында 134 отбасы, 1000-ға тарта тұрғын тіршілік етеді. Оның 66 зейнеткер, 25 мүмкіндігі шектеулі жандар болса, 2 ардагері, 50 «Алтын, күміс, Алқа» иегерлері бар. Жалпы жер көлемі 47916 гектарды құрайды. Негізгі күнкөріс көзі мал шаруашылығы. Ауылда 511 жылқы, 1127 мүйізді ірі қара, 18046 қой, 123 түйе бар. Ал, 22 шаруақожалық, 23 жеке кәсіпкер бар. Осы тұста айта кетейік, ауыл жастарының ауызбіршілігі мен ынтымақтастығының арқасында жастарға спорт кешені салынуда. Бұл спорт алаңына да арнайы барып, көзімізбен көріп, құрылысын бағамдап қайттық. Ой түйіп, түсінгеніміз қазыналы Қаратаудың етегін мекен еткен Қыраштың келбеті мен келешегі көңіл қуантарлықтай. Ел ақсақалдары мен азаматтары өзінен кейінгі буынға тәлімін аямай келеді. Тағы бір қуанарлық жаңалық, бұл ауылда кейінгі жылдары бала туу көрсеткіші артқан. Ауыл әкімінің айтуынша, мұны мектептегі бастауыш сыныптардан байқауға болады. Бұрын әр сыныпта 10-15 оқушы болса, бүгінде мектеп табалдырығын аттайтын бала саны 25-ке жеткен. Бұл да ауыл халқының әлеуметтік жағдайының жақсарғанын айғақтайтын бір көрсеткіш. Шағын ғана ауылда фельдшерлік акушерлік пункт (ФАП) бар. Мекемеде 3 медициналық мен 2 техникалық қызметкер жұмыс жасайды. Медициналық қызметкерлер елді мекен тұрғындарына дәрігерлік қызмет көрсетсе, «Жас-Ұзақ» жеке бала бақшасы еліміздің ертеңі өсіп келе жатқан жас ұрпақты тәрбиелеуде аянбай еңбек етіп, 25 бүлдіршінді тәрбиелеуде.
Осы тұста ауыл әкімінен кәсіп ашып, ырзық табуға ниеттілер жайында да сұраған едік.
– Ауылда шағын және орта кәсіп­керлердің санын арттыру, олардың шаруашылығын әрі қарай дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында жұ­мыс жүйелі жүруде. Жалпы, ауылда 30 кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Биылғы жылы 2 кәсіпкер мемлекеттік грант алып, өзі істерін бастады. Оның бірі кондитер өнімдерін пісіріп, ауыл халқына ұсынса, екіншісі мал бордақылауды қолға алды. Сондай-ақ, ауылда үлкен наубайқана көпшілікті ас атасы нанмен қамтамассыз етіп, екі үлкен дүкен ел игілігіне қыз­мет етуде. Жыл соңына дейін тағы кә­сіп бастауға ниетті азаматтарымыз­дың жұмыстары қолдау табады деген ниеттеміз. Осы тұста айта кетейін, ауылымызда бастау алған «Қаратау фудс» кәсіпкерлік нысанына 18 адамды уақытша жұмысқа жіберіп жатырмыз, – дейді Бақытжан Әжібеков.
Шынында, ауылда шағын кәсіпкерлікті дамыту жолға қойылыпты. Олардың саны жыл санап артып келеді. Ауыл тіршілігі төрт түлікпен тікелей байланысты болғандықтан мұнда мемлекеттің берген мүмкіндігін пайдаланып, мал басын арттыруға ынта қойғандардың қарасы қалың. Байқағанымыздай, ауыл тұрмысы жақсы екенін аңғардық. Бұл сөзді айтуымыздың да өз себебі бар. Ауылда әр көше сайын жаңадан үй көтеріп жатқандарды жиі байқадық. «Біздікілердің барлығы жаңа үй салуға кіріскен» деп әзілдеседі ауыл тұрғындары. Жаңа үй, балабақша, мектеп, мәдениет үйі, кітапхана, емхана бәрі бар. Тіпті ауылда кәсібін дөңгелетіп отқан жандар да жетерлік. Ешкім қол қусырып «жұмыс қайдан келер екен» деп жатқан жоқ. Реті табылса бір іспен айналысқанды құп көреді. Бұл ауылда биыл жаңалық көп, көше жарығы ретке келеді, күретамыр көшенің ойдым жерлері жөнделеді. Одан бөлек, тындырымды тірліктер бар, ең бастысы, ауылға газ келді.
Иә, қорыта айтқанда берекесі артқан Қыраш ауылының мақсаты айқын. Жұмысы жүйелі. Халықтың әл ауқаты жылдан жылға артып келеді. Онысын ауылды аралап жүріп, жаңадан бой көтерген тұрғын үйлерге қарап бағамдадық. Қысқасы, біз көрген Қыраш ауылының бүгінгі кейпі осындай.

Әсел РЗАЕВА
12 қараша 2023 ж. 436 0