№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚҰРАҚТЫ КӘСІП ЕТКЕН

ҚҰРАҚТЫ КӘСІП ЕТКЕН


Ұлттық дәстүрімізде «қыз жасауының» мән-мағынасы тереңде. Жас отаудың шаңырағы биік, керегесі кең болсын, құрақтай басы құралып, береке-бірлігі мол болсын деп қалыңдықтың жасауын қазақтың ою-өрнегімен көмкереді. Дәстүрімізді сабақтастырып, заманауи нақышпен көрпе-көрпеше тігіп жүрген ісмерлер қатарында Жайылма ауылында тұратын шебер Гүлмайдан Нақыпбекқызының жөні бөлек.


Жалпы Жайылма ауылы өз еңбегіне арқа сүйейтін кәсіпкерлерден кенде емес. Еңбекқор жандардың арасында тұрмыстық қажеттілікті шағын бизнес көзіне айналдырғандар көп. Соның бірі Гүлмайдан Нақыпбекқызы тігін цехын ашып, өзімен бірге бір адамды жұмыспен қамтып отыр. Ел арасындағы қыз ұзату мен келін түсіру тойының шымылдығы мен көрпе-жастығын тігуді кәсіп еткен ісмер жан мемлекеттік бағдарлама арқылы бизнесін бастаған.
– Бала жастан өз бетімше тігін тігуді үйрендім. Қосымша Қызылорда қаласында курстарға қатысып, біраз дәріс алдым. Кестелерді құрап, ою ойып, көрпе мен жастықтың сыртқы тысын көркемдеп, қолымды жаттықтырдым. Шағын тігін машинам арқылы киімдерді қысқартып та бере аламын. Осы ісімді байқаған көпшілік «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» аясында конкурсқа қатысуға бағыттады. Сөйтіп биыл 1 млн 476 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантты ұттым. Ол қаржыға заманауи үш тігін машинасын және мата кесетін аппарат, үтік, тағы басқа керекті өзге құралдарымды түгелдедім, – дейді ол.
Тігінші өзінің «Instagram» парақшасы арқылы да жұмысын жарнамалап отырады. Аудан көлемінен ғана емес, Алматы секілді үлкен қалалардан да тапсырыс түседі екен. Біз онымен ұзатылатын қызға жасау тігіп отырған сәтінде сұхбаттастық.
– Қазіргі таңда халықты қымбатшылық қысып тұр. Сондықтан өз еңбегімді қолжетімді етіп отырмын. Орташа есеппен, қыз жасауын 150 мың теңгенің көлемінде дайындаймын. Қанағат еткен адамға Жаратқан ырзығын мол етеді. Мысалы, көрпеге мақта салу керек болса, оның жұмысы 3-4 мың теңгені құрайды. Ал мен көрпе көктеуді 2 мың теңгеге бағалап отырмын, – дейді ол сөзінде.
Тігіншілік өнерге асқан сабыр қажет. Ол өнімнің бағасы матаның сапасына қарай болатынын да айтып қалды. Ал қажетті шикізатты Шымкент, Түркістан қаласынан алдырады екен. Сондай-ақ шебердің тігін жұмысында көбіне-көп ұлттық нақыштағы ою-өрнекті пайдаланатынын байқадық. Қарапайым ауыл әйелінің ісі көпке үлгі болсын деп еңбекқор отбасын халыққа таныстыруды жөн көрдік.

Мақпал МАРҚАБАЙ
22 қыркүйек 2024 ж. 361 0