Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қыз жасауын кәсіп еткен келін

Қыз жасауын кәсіп еткен келін

Қазақ дәстүрінде «қыз жасауының» мән-мағынасы тереңде. Жас отаудың шаңырағы биік, керегесі кең болсын, құрақтай басы құралып, береке-бірлігі мол болсын деп қалыңдықтың жасауын қазақтың ою-өрнегімен көмкереді. Дәстүрімізді сабақтастырып, заманауи нақышпен көрпекөрпеше тігіп жүрген ісмерлер қатарында Түгіскен ауылында тұратын Гүлхан шебердің жөні бөлек.

Осы ауылдағы кәсіпкер Атабаев Дәулетті танымайтын адам кемде-кем. Тұқымбаққа қажетті шылаушаң өсіріп, кәсібін дамытып отыр. Отбасылық кәсіп жуырда тағы бір істі қолға алды. Жары Гүлхан Бекзатханова ауылдан тігін цехын ашып, «Өнер» тігін орталығында өзімен бірге бір адамды жұмыспен қамтып отыр. Ел арасындағы қыз ұзату мен келін түсіру тойының шымылдығы мен көрпе-жастығын тігуді кәсіп еткен келіншек мемлекеттік бағдарлама арқылы бизнесін бастаған.

– 2017 жылдан бастап өз бетімше тігін тігуді үйрендім. Қосымша Қызылорда қаласында тұратын Күләш есімді тігінші апайдан біраз дәріс алдым. Кестелерді құрап, ою ойып, көрпе мен жастықтың сыртқы тысын көркемдеп, қолымды жаттықтырдым. Шағын тігін машинам арқылы киімдерді қысқартып та бере аламын. Ал былтыр желтоқсан айында «Өнер» тігін орталығы деп аталатын жеке кәсіпкерлігімді ашып, «2021- 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» аясында конкурсқа қатысқанмын. Сөйтіп 1 млн 225 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұттым. Ол қаржыға заманауи үш тігін машинасын және мата кесетін аппарат, үтік, тағы басқа керекті өзге құралдарымды түгелдедім, – дейді кәсіпкер келіншек.

Тігінші өзінің «Instagram» парақшасы арқылы да жұмысын жарнамалап отырады. Аудан көлемінен ғана емес, Алматы секілді үлкен қалалардан да тапсырыс түседі. Біз онымен ұзатылатын қызға жасау тігіп отырған сәтінде сұхбаттастық.

– Қазіргі таңда халықты қымбатшылық қысып тұр. Сондықтан өз еңбегімді қолжетімді етіп отырмын. Орташа есеппен, қыз жасауын 150 мың теңгенің көлемінде дайындаймын. Қанағат еткен адамға Жаратқан ырзығын мол етеді. Мысалы, көрпеге мақта салу керек болса, оның жұмысы 3-4 мың теңгені құрайды. Ал мен көрпе көктеуді 2 мың теңгеге бағалап отырмын, – дейді ол бір сөзінде.

Тігіншілік өнерге асқан сабыр қажет. Ол өнімнің бағасы матаның сапасына қарай болатынын да айтып қалды. Ал қажетті шикізатты Шымкент, Түркістан қаласынан алдырады екен. Сондай-ақ Гүлханның тігін жұмысында көбіне-көп ұлттық нақыштағы ою-өрнекті пайдаланатынын байқадық. Қарапайым ауыл әйелінің ісі көпке үлгі болсын деп еңбекқор отбасын халыққа таныстыруды жөн көрдік.

Мақпал МАРҚАБАЙ
07 қазан 2023 ж. 1 136 0