№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қыз жасауына қызыға кірісті

Қыз жасауына қызыға кірісті


Бесарық, Келінтөбе, Қандөз және Талап ауылының тұрғындары кұрақ көрпе, көрпеше, жастық, жалпы қыз жасауын жасау керек болса Айсалқын Еркінбаеваның қызметіне жиі жүгінеді. Тігіншілік өнерді жетік меңгерген кейіпкеріміз Бесарық бекетінің тұрғыны. 16 жылдан астам уақыт шағын кәсібін дөңгелетіп келе жатқан жанның берекелі ісін көру үшін ауылға арнайы бардық.

2003 жылы ол Алматы шаһарынан осында қоныс аударады. Зейнетке шықса да қолынан инесін тастамай, істің көзін тауып отыр.
– Өзім оқушы кезімнен тігінші болуды армандадым. Мектепті бітіріп, Шымкент қаласындағы техникалық училищеде тігінші мамандығы бойынша білім алдым. Жоғары оқуды тәмамдап, еңбек жолымды Шымкент қаласында бастадым. Одан кейін 1988 жылы Алматыдағы пальто шығаратын «Қыз-Жібек» фирмасына жұмысқа орналастым. 30 жылдан астам тігіншіліктің жемісін көріп келемін, – деп әңгімесін бастады.
Қолөнер – атадан балаға берілетін киелі мұра. Қадым заманнан күні бүгінге дейін өзінің өміршеңдігін жоймаған осынау өнерді тұтынушының талғамына жəне заманға сай икемдеп, нарыққа ұсынып жүрген кейіпкерімізге де тігіншілік өнер анасынан дарыған екен. Кешегі Кеңес үкіметі кезінде ауыл-аймақтағы ағайынның тұрмыстық қажетін өтеп, нәпақасын осы еңбегінен тапқан жанның жолын жалғап келе жатқан Айсалқын апайдың қызметі қауырт. Айына кем дегенде оннан аса көрпе-көрпеше, қыз жасауына тапсырма түседі екен.
– Құрақ құрау қолөнердің ерекше бір түрі. Бұрынғы кезден-ақ қазақтар тілім-тілім маталарды құрап киім, көрпе, тұрмысқа қажетті түрлі дүниелерді жасайтын. Құрақ жабдықтар тек әдемілік үшін ғана жасалған емес. Жалпы көрпенің сәнін келтіретін қазақтың ою-өрнектері. Тапсырма түскенде мүмкіндігінше әдемілігіне, матаның түрі мен түсіне мән беріледі. Сондықтан барынша тұтынушы талғамына сай етіп шығаруға тырысамын, – дейді ол.
– Тапсырыстан бөлек, өнімдеріңізді жарнамалайсыз ба?
– Әрине, қазір ақпараттық техноло­гияның дамыған заманы ғой. Интернетті жақсы меңгермесем де, WhatsApp арқылы таныстарға, ағайын-туыстарға жасаған дүниелерімді жіберіп отырамын. Ұнағаны болса сатып алады немесе тапсырыс береді. Қазір мен үш тігін машинасын пайдаланамын. Біріншісі, анамнан қалған қол тігін машинасы, екінші электронды машина, яғни тоқпен жұмыс жасайды. Ал, үшіншісі, «аверлог» деп аталады. Ол көрпенің майда сыртқы майда тігістерін тігеді. Киім тігуге де осы құрал тиімді.
Киім демекші, кейіпкеріміз оқушылар­дың мектепке киетін формаларын тапсырыс берушінің талабына сай тігеді. Шағын кәсібін кеңейту үшін шебер енді грант пен жеңілдетілген процентпен несие алуды жоспарлап отыр. Өйткені күн сайын тұтынушылар сұранысы артып келеді. Мүмкіндік болса көмекші алу жоспарында бар.
– Тігіншілік өнерді үйренемін деген жастар болса үйретуге дайынмын. Ауылда ондай ынталы жастар жоқ емес, бірақ әркімнің өз қалауы ғой. Маусымдық кездерде айына 20-ға жуық көрпе, жастық тігуге тапсырыс келеді, барынша үлгеруге тырысамын. Осындайда қосымша жұмыс күші болса артықтық етпейді. Жалғыз ұлымыз бар, ол қалада жұмыс жасайды. Мамандығы бөлек. Сондықтан ниетті жастар болса бар білгенімді үйретіп, осы кәсіпті ары қарай алып кететуге мүмкіндік жасайтын едім, – дейді зейнеткер.
Айтпақшы, Айсалқын апайдың жары Оразбай Өсербайұлы ауылдың ағаш ұстасы. Айына 2-3 шай үстелін шеберханасынан жасап шығаратын ұстаның да қызметіне жүгінетіндер көп. Ол туралы алдағы газет беттерінде кеңірек жазатын боламыз.
Сөз соңын кейіпкеріміздің ойымен түйіндесек. «Қазір өз-өзіңді жұмыспен қамтитын кез. Мемлекетке қол жайғаннан жеке кәсіппен айналысқан дұрыс. Оған мемлекеттік бағдарламалар жәрдемші, сондықтан қолы қимылдағанның ісі алға басатын уақытта тәуекелге көшу керек». Дұрыс айтады. Тек бізге тәуекел мен сенімділік жетісе бермейтіндей.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
20 қараша 2019 ж. 837 0