Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БАЙ БОЛҒЫҢ КЕЛСЕ, бал арасын асыра

БАЙ БОЛҒЫҢ КЕЛСЕ, бал арасын асыра


Бүгінде шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекет айрықша назар аударуда. Жергілікті жерлерде кәсіпкерлік кең қанат жайып, бизнеске ынталы азаматтардың қатары күн санап артуда. Бұл дегеніміз – өңір экономикасының өркендеуіне мол септігін тигізеді. Аудан бойынша жеке кәсібін ашып, ісін дөңгелетіп отырған жан жетерлік. Басым бөлігі мемлекет тарапынан қаржылай қолдау алса, бірқатары барын салып бизнесін бастауда.
Осы тұста, баршаға мәлім бал өнімі – мың бір дертке ем. Алайда омарташылық кәсібі біздің елде кенжелеп қалған. Қазақстанда бал арасы өнімінің 70 пайызын Шығыс Қазақстан облысы өндіреді екен. Десе де, осы омарташылық шаруашылығын ауданда дамытып отырған әулет бар. Анығырағы Жаңарық ауылында тұрады. Мейірбек Исмайловтың осы кәсіп түрін күнделікті табыс көзіне айналдырғанына сегіз жыл болыпты. Шиеліде тұратын жездесі Нариман Бекбаевтан бал арасын баптаудың қыр-сырына әбден қанығып алады.
– Өзім жастайымнан еңбекке құмар болдым. Омарташылыққа дейін ауылда сай саладан қамыс орып, саттым. Ешқашан еңбектен қашпадым. Содан 2010 жылы Шиелі ауданында тұратын Нариман Бекбаев жездеме бұйымтаймен бардым. Яғни, ол кісі бұрыннан омарташылық шаруашылығымен айналысатын еді. Жездеме осы кәсібіңізді біздің ауылға барып жасасаңыз деп ұсыныс айттым. Қолдады. Ауылда бір жыл бойы көмекшісі болып, бал арасын өсірудің біз біле бермейтін құпияларына қанықтым. Кейіннен өзім бал араларын сатып алып, бизнестің осы түріне ден қойдым, – дейді Мейірбек Исмайлов.
Көктем шыға ауыр жүк көлігін оталдырып, шеңгелі көп аумаққа шығады екен. Одан жантақ пен жоңышқа гүлдеген тұста көшіп-қонып жүретінін жеткізген жаңарықтық омарташы бұл кәсіптің құпиясымен бөлісті. Бала кезімізде ара шағып алса: «Қыста ауырмайсың» деп жұбататын еді. Бұл сөздің жаны бар екен. Мейірбек бал арасын асырағанға дейін әрбір алты ай сайын екпе егіп, дәрі-дәрмек қолданған екен. Ал, омарташылықпен айналысқалы екпе егуден құтылыпты. Себебі, қазіргі таңда 80-ге жуық бал алатын омартасы бар. Оның әр қайсысында жаздың күндері 35-40 мыңға дейін ара болады. Яғни, бал арасы жиі шағатынын да жасырмайды. Содан болса керек, саулығы нығайып, иммунитеті артқан. Қазірде тұмауратып қалса, он шақты бал арасын алып, табанын шақтыртады екен.
– Ерте көктемде жеміс ағаштары гүлдеп, төңірекке ерекше жұпар иісін шаққан тұста жәшіктерден құжынай ұшқан бал араларының гүлге қонғаны тамаша көрініс. Шынында демаласың бұл шаруадан. Тіпті, тынымсыз кішкентай тіршілік иесінің еңбекқорлығына таңданасың. Ертелі-кеш ұясына ризығын әкеліп, тыным таппайды. Бұл бір жағынан адам бейнесіндегі біздерге үлкен дәріс, – дейді жаңарықтық омарташы.
Кәсібінен нәсібін тапқан жаңарықтық омарташы биыл жыл басында салық органына тіркеліп, «Амина» дара кәсіпкерлігін ашыпты. Болашағын ойлаған Мейірбек зейнетақы қорына да қаржы салып тұруды ұмытпапты. Дейтұрғанмен қыс ауасында бал өніміне сұраныс артқанымен жаз маусымында төмендеп кететінін білдік. Әзірге ауыл-аймақ пен Жаңақорған кентін бал өнімімен қамтамасыз етіп отырған омарташы кәсібінің кеңейгенін қалайды.
Дұрысы – экологиялық тұрғыдан табиғи таза әрі сапалы өнім халықтың дастарханынан табылса игі. Өйткені, Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында: «Ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын сақтай отырып жүргізілуі қажет. Бұл бүкіл әлемге танылатын «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, ілгерілетуге мүмкіндік береді» дейді.
Түйіндей айтқанда, ауданда омарташылықпен айналысып, оны кәсіп еткен отбасылар кемде-кем. Ал, негізінде, омарташылық жай ғана кәсіп емес, онымен айналысқан адамды өзіне тартып, өмірлік ісіне айналдыратын қасиеті бар. Содан да болса керек, бұл шаруаның ақыры отбасылық бизнеске айналып жатады.
17 ақпан 2018 ж. 1 435 0